
Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімі Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 23 қарашадағы № 4/617 «Алматы қаласының Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында 2025 жылғы 18 шілде күні «Тіл шебері» қалалық байқауын өткізді. Байқауға Алматы қаласының әр ауданынан 16-35 жас аралығындағы талапкерлер қатысты.
Байқау «Ұлттаным» – қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары жөніндегі сұрақтар; «Мәдениеттаным» – қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтар; «Елтаным» – қазақ елі, оның аймақтары жөніндегі сұрақтар; «Өнертаным» – өз өнерін көрсететін кезеңдерден тұрды. Ал қазылар алқасы ретінде белгілі тілші ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аударма ісінің кәсіби білікті мамандары шақырылды.
Байқау нәтижесінде А. Байтұрсынұлы атындағы № 139 мектеп-гимназиясының мұғалімі Дәуітқұлова Ләззат бас жүлдені иеленсе, № 121 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Имамзарова Гүлзариям 1-орын, № 5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Иебек Жәнібек 2-орын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ниязбекова Нұрсезім 3-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Алатау комьюнити орталығының менеджері Мәмбетова Гүлдана «Сөз зергері» және № 59 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мекзам Әйгерім «Өнер алды» номинацияларымен марапатталды. Ал Алатау комьюнити орталығы басшысының орынбасары Сұлтанбек Әділ мен № 203 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Исраилова Румилям ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Байқауға қатысқан қалған қатысушылардың барлығы Алматы қаласы әкімдігінің алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
https://www.facebook.com/share/v/1Fkt8LC9so/