
Құрметті Ерболат Асқарбекұлы!
Құрметті Мейіржан Батырбекұлы!
Құрметті депутаттар!
Алматы қаласы экономикасының даму перспективалары туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерін және Алматы қаласы экономикасының даму қорытындыларын ескере отырып, осы жылғы қазанда әкімдіктің қаулысымен 2025-2029 жылдарға Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қабылданды.
Қала экономикасы қарқынды өсуде. 2024 жылдың 10 айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,2%-ке дейін жеделдеді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,2%-ке өсіп, 1,3 трлн. теңгені құрады. Оның 90%-ті жеке инвестицияларға тиесілі.
Жоғары инвестициялық белсенділік пен экономиканың қарқынды өсуі 58,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Оның 80%-ті тұрақты жұмыс орындары. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ке дейін төмендеді.
Алматыда орташа айлық жалақы нақты мәнде, яғни инфляцияны шегергенде, 6,1%-ке өсіп, 470 мың теңгені құрады.
Ағымдағы жылғы қарашада жылдық инфляция Алматы қаласында 9,0%-ке дейін баяулады. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 8,5%-ке, ал 2025 жылы инфляцияның 7,5%-ке дейін төмендеуі болжануда.
Жалпы, осы жылы қала экономикасының өсімі 5,5% деңгейінде күтілуде. 2025 жылы экономикалық өсім 6,4%-ке дейін жеделдейді.
Қала экономикасының алдағы 5 жылға орташа жылдық өсу қарқыны 5,8% деңгейінде болжанады.
Бұл Алматының жалпы өңірлік өнімінің көлемін осы жылғы 28,2 трлн. теңгеден, 2029 жылы 47,4 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласын Дамыту бағдарламасында айқындалған басым салалар бойынша қарқынды өсу болжануда.
Атап айтқанда, 2025-2029 жылдары өңдеуші өнеркәсіптің орташа жылдық өсуі 9,9%, көлік қызметтері – 9,0%, ақпарат және байланыс қызметтері – 6,8%-ті құрайды.
Сауда 5,5% деңгейіндегі орташа жылдық өсіммен экономиканы дамытудың негізгі драйвері болып қала береді.
Инженерлік, жол және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту жөніндегі жобаларды белсенді іске асыру аясында құрылыстың орташа жылдық өсу қарқыны 5,2% деңгейінде болжанып отыр.
Тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін экономиканы сапалы әртараптандыру жалғасатын болады.
Алматы Индустриялық аймағында және «Алатау» Инновациялық технологиялар паркін 490 млрд. теңгеге 85 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобаларды іске қосу 11 мың өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Экономиканы сапалы әртараптандыру инвестициялар тарту көлемін жыл сайын 10%-ке ұлғайта отырып, 2023 жылғы 1,8 трлн. теңгеден 2029 жылы 5,5 трлн. теңгеге жеткізе отырып, іске асырылатын болады.
Біздің қаламыз шағын және орта бизнесті дамыту орталығы болып табылады.
Субсидия, кепілдендіру және кредиттеу арқылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2024 жылы 53,1 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 32,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 21 млрд. теңге.
2024 жылғы 10 айда 125,3 млрд. теңге сомасына жеңілдетілген кредиттер алу үшін 1,8 мың жаңа шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсетілді.
2025 жылы 2 мыңнан астам жаңа шағын және орта бизнес жобасын қолдауға 71 млрд. теңге бөлу жоспарлануда, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен қолдау 2,5 есеге өсіп, 52,6 млрд. теңгені құрайды.
Шағын және орта бизнестің еңбек өнімділігін арттыру үшін кіші өнеркәсіптік парктер құрылуда.
Бүгінгі таңда ауданы 163 мың шаршы метр болатын 29 кіші өнеркәсіп парктері салынуда.
Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы үлесі 2024 жылғы 60%-тен, 2030 жылға қарай 75%-ке дейін өседі.
Экономиканы дамыту болжамының негізінде қаланың
2025-2027 жылдарға арналған бюджеттік параметрлері айқындалды.
Жалпы, бюджет түсімдері осы жылмен салыстырғанда 27,5%-ке өсіп, 2027 жылы 2 439 млрд. теңгені құрайды. Трансферттерді есептемегенде, қаланың өз кірістері 2027 жылы 2 335 млрд. теңгеге дейін өсетін болады. Яғни, бюджет түсімдерінің 95%-інен астамы Алматының жергілікті кіріс көздерінен қамтамасыз етілетін болады.
Бюджеттің жалпы шығыстары 2025 жылы 2 177 млрд. теңге, 2026 жылы 2 193 млрд. теңге, 2027 жылы 2 439 млрд. теңге құрайды.
Жалпы, қала экономикасының серпінді дамуы Алматы қаласы бюджетінің тұрақтылығының негізі болып табылады.
Назарларыңызға рақмет!