
Құрметті депутаттар және Мәслихат сессиясына қатысушылар!
Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласының электр желілерін 2030 жылға дейін және 2040 жылға дейінгі перспективамен дамыту жоспарын» әзірледі.
Алматы қаласы – еліміздің ең ірі қаржы-экономикалық және мәдени орталығы, Алматы агломерациясының өзегі. Қала алдында тұрған халықтың өмір сүру деңгейін арттыру міндеттері энергетика саласына қойылатын талаптарды едәуір күшейтеді, электр желілерін дамыту қарқыны мен электрмен жабдықтау сенімділігіне жоғары талаптар қояды.
Электр желілерін дамыту схемасы қаланың энергетикалық кешенін 2040 жылға дейінгі есептік кезеңге дамыту бағыттарын анықтайды.
Қазіргі уақытта электр желілерінің құрамы келесідей:
- Жалпы қуаты 2250 МВА (Мегавольт Ампер) болатын 220 кВ-тық 5 қосалқы станция (АХБК, Горный Гигант, Таугүл, Ерменсай және Бесағаш);
- Жалпы қуаты 3582 МВА болатын 110 кВ-тық 49 қосалқы станция;
- Жалпы қуаты 405,7 МВА болатын 35 кВ-тық 20 қосалқы станция;
- Электр желілерінің ұзындығы 8,6 мың шақырымнан асады.
Электр энергия көздерінің ағымдағы жағдайы мен максималды тұтынылатын қуаты
Алматы энергия аймағының электр тұтынуы 1754 МВт құрайды, оның ішінде Алматы қаласы бойынша 982 МВт.
Қазіргі уақытта өндіріс пен тұтыну балансы Алматы қаласы мен Алматы энергия аймағының энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
2030 жылға қарай Алматы қаласының электр тұтыну қуаты 468 МВт-қа артып, 48%-ға өсуімен 1450 МВт-қа жетеді.
2040 жылға қарай тұтыну қуаты 718 МВт-қа артып, 73%-ға өсуімен 1700 МВт-қа жетеді.
Қапшағай ГЭС, Мойнақ ГЭС, Каскад ГЭС-тің қолжетімді қуаты мен «Алматы» және «Алма» қосалқы станцияларынан электр энергиясын беру мүмкіндігін ескере отырып, 2030 жылға дейін Алматы энергия аймағында максималды қажетті қуаттың оң балансы қамтамасыз етіледі.
Негізгі міндеттер:
- Жаңа қосалқы станцияларды салу;
- Қолданыстағы электр желілерін қайта құру және жаңғырту;
- Ауа желілерін кабельдік желілерге ауыстыру;
- Жаңа тұтынушыларды қосу шектеулерін жою.
Аталған жоба іске асырылғаннан кейін техникалық ресурсы таусылған желілердің көлемін азайту нәтижесінде тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігі артады. Бұл тұтынушыларға сапалы электр энергиясын жеткізу, жаңа тұтынушыларды қосу мүмкіндігін қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, пайдалану шығындарын азайту, сондай-ақ әуе желілерінің қорғау аймақтарында орналасқан жер учаскелерін босату секілді артықшылықтарды береді.
Жоғарыда көрсетілген схеманы бекіту келесі мүмкіндіктерді береді:
- Есептік кезеңде өсіп жатқан жүктемені қамтамасыз ету үшін электр энергиясы көздерінің жеткіліктілігін анықтау;
- Электр энергиясын көздерден жаңадан пайда болған тұтынушыларға және қуатын арттыратын тұтынушыларға жеткізу үшін қажетті электр желілері бойынша жұмыстар көлемін анықтау;
- Технологиялық нормативтік мерзімі өткен желілердің пайызын төмендету үшін қолданыстағы желілерді қайта құру бойынша қажетті жұмыстар көлемін анықтау;
- Қажетті капитал салымдарының көлемін және қаржыландырудың мүмкін көздерін анықтау.
Қолдау көрсетулеріңізді сұраймын.