
Бюджетті нақтылау жөніндегі Мәслихат
сессиясына Сухамбеков Қ.С. тезисі,
29.11.2024 ж.
Құрметті Мейіржан Батырбекұлы,
Құрметті депутаттар!
Бүгін мәслихаттың кезекті сессиясында, Сіздердің қарауларыңызға Алматы қаласының ағымдағы жылдың бюджетін соңғы нақтылау жобасы енгізілді.
Ең алдымен, осы бюджетті нақтылау мақсатында басым іс-шараларды қалыптастыру бойынша депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелеріне бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Әкімшілерден ұсынылған барлық бюджеттік өтінімдер мәслихаттың салалық комиссияларында нақты қаралды.
Бұл нақтылау бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен жүргізіледі.
Жалпы, бюджеттің кіріс және шығыс бөлігі 82,9 млрд. теңгеге азайтылатын болады, оның ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен қаражатты жалпы шығындарды азайту 104,3 млрд. теңгені құрайды, сонын ішінде: 18,1 млрд. теңге - мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу, 28,2 млрд. теңге – қайтару, 57,9 млрд. теңге қаражаттын 2025 жылға қайта бөлу.
Қаланың жалпы бюджетінде шығындарды азайту үлесі тек 1,6% - құрайтынын атап өткім келеді.
2025 жылға қаражатты қайта бөлудің негізгі себептері:
- сот рәсімдері, мердігерлердің шарттық міндеттемелерін орындамауы салдарынан 30,6 млрд. теңге сомаға;
- 23,7 млрд. теңге сомасына ұзақ мерзімдегі конкурстық рәсімдер;
- 24,9 млрд. теңге сомасына жобаларды техникалық шешімдердің қымбаттауы және өзгеруі, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету себебінен;
- 6 млрд. теңге сомасына жер тілімдерін алу бойынша ұзақ рәсімдер салдарынан;
Сонымен қатар, 21,3 млрд. теңге сомасы әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс - шараларды қосымша қаржыландыруға бағытталатын болады.
Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасызу ету мақсатында 8,3 млрд. теңге сомасында қосымша шығыстар қарастырылады.
Білім беру саласына 4 млрд. теңге, оның ішінде:
Си Синхай көшесіндегі балабақшаны сейсмикалық күшейту және Бостандық ауданының «Орбита-3» шағын ауданындағы балабақшаны реконструкциялау жұмыстары белгіленген уақытынан бұрын орындалуда. Бұл нысандардың құрылысын 2025 жылдың шілдесінде аяқтау үшін 1 млрд.теңге сомасында қосымша қаражат бөлінетін болады.
Сондай-ақ, 9 білім беру нысанын салу және реконструкциялау бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуге қаражат бөлу жоспарлануда, оның ішінде:
– Алатау және Наурызбай аудандарындағы 3 балабақша;
- Алатау, Бостандық, Медеу және Түрксіб аудандарындағы 5 мектеп (№30,50,60,160,190);
- Алатау ауданының «Саялы» шағын ауданындағы 1 даму және шығармашылық орталығы.
Ұстаздар санатының өзгеруіне және олардың жалақы коэффициентінің өсуіне байланысты, еңбекақы төлеу қорына және 5 білім беру мекемесін күтіп ұстауға қосымша 212,6 млн. теңге қаражат жоспарланған.
Сондай-ақ, 26 мектепті 655,6 млн. теңге сомасына ақпараттық стенділермен, парталар және интерактивтік панельдермен жабдықтау жоспарлануда.
Резидентура студенттеріне арналған 120 грант пен стипендияны қаржыландыруға, сондай-ақ 7 медициналық колледжде жаңа қабылданған 1 206 студенттің оқуы мен стипендиясын төлеуге 398,6 млн. теңге қажет.
№ 7 және 4 Қалалық клиникалық ауруханалардың, сондай-ақ Гагарин көшесінде емхананың құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары бойынша сметалық жобаны аяқтауға 21 млн. теңге қажет.
Сондай-ақ Жоғары медициналық колледжге
710 студентті қабылдауға байланысты, жаңа 15 топ ұстаздарының еңбек ақысын өтеуге 41,6 млн. теңге қажет.
Халықтың әлеуметтік осал топтары бар санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік көмек көлемі өсті. Азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсетуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды қолдауға Аудан әкімдіктеріне 585 млн.теңге бөлінеді.
Қала әкімінің бастамасы бойынша, «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру жалғастырылады. Ол үшін бюджеттен қосымша 1,4 млрд. теңге бөлінетін болады. Бұл әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық және басқа да салаларда еңбек ететін жас азаматтар үшін қосымша
80 ипотекалық несие алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарының 2 510 қызметкерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен қосымша 2,5 млрд.теңге бөлу жоспарлануда.
Көлік инфрақұрылымы саласын қаржыландыру осы нақтылаумен 5 млрд. теңгеге ұлғайтылды.
Жаңа автобус бағыттарының ашылуына байланысты, әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы
178 маршрутын субсидиялауға қосымша 4 млрд. теңге сомасында қаражат көзделеді.
Абай даңғылының құрылысын Қалқаман ықшам ауданынының Ашимов көшесінен бастап қала шекарасына дейін жалғастыруға 967,4 млн.теңге қажет етіледі.
Құрметті депутаттар!
Сіздермен бірге, біз 2024 жылға арналған теңгерімді бюджетті қалыптастырдық, бірлескен жұмысымыз қаланың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Ұсынылған бюджет қала тұрғындарының маңызды мәселелерін шешуге ықпал ететін болады.
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет!