
Құрметті Мейіржан Батырбекұлы!
Құрметті депутаттар!
Сіздердің назарыңызға 2023 жылға арналған Даму жоспарын іске асыру қорытындылары енгізіледі.
2023 жылы Даму жоспарын іске асыру келесі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Қала экономикасы 10,1% деңгейінде өсіп, соңғы 10 жылдағы рекордты көрсетті.
Жоғары инвестициялық белсенділік байқалды. Тартылған жеке инвестициялар көлемі 35,5%-ке ұлғайды.
90 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, оның 80%-тен астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,8%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
2023 жылы инфляция қарқыны 2 есеге дейін баяулап, 10,2%-ті құрады.
Алматылықтардың ақшалай табысы нақты мәнде 2%-ке өсіп, айына 250 мың теңгеге дейін көбейді.
Жалпы, Даму жоспарында 7 бағыт бойынша 117 нысаналы индикатор қарастырылған. Оларға қол жеткізу үшін 2023 жылы 456 млрд.теңгеге 407 іс-шара жүзеге асырылды
«Жайлы қалалық орта» бағыты бойынша 11 нысаналы индикаторға қол жеткізу үшін 133 іс-шара орындалды.
Өткен жылы 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
276 шақырымнан астам жаңа инженерлік желілер және 13 кәріз-сорғы станциясы салынды. Нәтижесінде су құбыры желілерінің тозуы 54,3%-ке және кәріз желілерінің тозуы 57%-ке төмендеді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту шеңберінде 6 шағын ауданда 25 км жаңа жол салынды және 200 км жолға орташа жөндеу жүргізілді. 2 мың «қалқымалы» люк орнатылды.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ке дейін өсті.
Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін 31 индикатор бойынша 39 іс-шара жүзеге асырылды.
Өткен жылы 25,3% өсіммен 1,8 трлн. теңге инвестициялар тартылды. Жеке инвестициялар 35,5%-ке өсті.
Индустриялық аймақта және Ақпараттық технологиялар паркінде 9,3 млрд. теңге инвестициялар сомасына 6 жоба іске асырылды.
2023 жылы 2,1 мың шағын және орта бизнес жобасына 170 млрд. теңге кредит сомасына қолдау көрсетілді.
Туристер саны 12,6%-ке 2 038 тың адамға дейін, оның ішінде шетелдік туристер саны 29,6%-ке 540,7 мың адамға дейін өсті.
Туризм инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 150 шақырым тау жолдары абаттандырылып, 3 кемпинг-аймақ ашылды.
2023 жылы экономиканың қарқынды дамуы жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімді жоспарды 8,3% асыра орындай отырып, 24,8 мың АҚШ долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
«Басқарылатын урбанизация» бағыты бойынша 4 іс-шара орындалды.
2023 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі көліктік қаңқасының мастер-жоспары қабылданды. 10 қала маңы маршруттары ұйымдастырылды. 485 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды, оның 15%-ті қайта өңделді.
Жалпы, 2023 жылы қала маңы маршруттарындағы күнделікті транзакциялар саны 287 мыңға дейін өсті.
«Әлеуметтік тұрақтылық» бағыты бойынша 158 іс-шара жүзеге асырылды.
Өткен жылы 5,9 мың орындық 21 орта білім беру нысаны іске қосылды. Денсаулық сақтау саласында Әуезов және Жетісу аудандарында 3 Бастапқы медициналық жедел жәрдем орталығы мен емханалар ашылды.
433 мүгедек тұлғалар оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. 9 «Бақытты отбасы» орталығында 39,3 мың Алматылықтарға қолдау көрсетілді.
Мәдениет және спорт саласында 25 халықаралық іс-шара өткізілді.
47 мың жас адамдар жұмысқа орналастырылды, оның 85% астамы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету шеңберінде 2023 жылы 3,9 мың орындық 14 жаңа жатақхана іске қосылды. Және 1,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді.
«Жасыл Алматы» бағыты бойынша 35 іс-шара жүзеге асырылды.
1 150 экологиялық таза автобус және 100 троллейбус сатып алынды
Сонымен қатар, 323 мың ағаш отырғызылды. 64,8 гектарды құрайтын 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Осылайша, жасыл желектер аумағы адам басына 12,5 шаршы метрге дейін ұлғайды
«Алматы – Смарт сити» бағыты бойынша 10 іс-шара орындалды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біріңғай видеомонторинг жүйесіне камераларды қосу 30 мыңға жеткізілді. 2023 жылы шалғай аудандардың 21,2 мың абоненті Интернетке қосылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде цифрлық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер деңгейі 94%-ке жетті. Жалпы өткен жылы 10,9 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілді.
«Қауіпсіз қала» бағыты бойынша 28 іс-шара жүзеге асырылды.
Бостандық ауданында 1 өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталды. 10 бірлік автотехника мен өрт сөндіру жабдығы сатып алынды.
Жер сілкіністері туралы 28 ерте ескерту станциясы және 30 «SOS дабыл» жүйесі орнатылды.
Нәтижесінде, Төтенше жағдайлар органдарын техникалық қамтамасыз ету деңгейі 94%-ке жеткізілді.
***
Құрметті депутаттар!
2023 жылдың қорытындысы бойынша Даму жоспарының кейбір көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмады. Оған бірнеше себеп бар. Соның ішінде көрсеткіштердің жоғары деңгейде болуы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында жоғары көрсеткіштер бекітілген болатын. Олар пандемияның алдында 2019 жыл негізінде есептелген.
Мәселен, 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі қаламызда 25,3%, құраса, ал жеке инвестициялардың өсімі 35,5% деңгейінде болғанымен, Ұлттық даму жоспарда инвестициялар өсімі 57%-ті құрау керек болған.
Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша ұлттық жобада жоғары көрсеткіш айқындалған
Қазіргі таңда біз жаңа Ұлттық даму жоспарын әзірлеу аясында орталық мемлекеттік органдармен тиісті жұмыс атқарудамыз.
Құрметті депутаттар!
Алматы қаласын дамыту жоспарын тиімді іске асыру бойынша бірлесіп қабылданған шаралар үшін алғыс білдіремін!
Назарларыңызға рақмет!