Лого

Меню

Страницы

Статья

Қала әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуіндегі баяндамасы және презентациясы

Құрметті Әуезов ауданының тұрғындары!

Өткен жылдың қараша айындағы көшпелі кездесуімізден кейін біз сіздермен Әуезов ауданының өзекті мәселелері мен даму перспективасын талқылау үшін кезекті рет жиналып отырмыз.

Сіздердің аудандарыңыз халық ең тығыз қоныстанған, инфрақұрылымы мен бизнес-ортасы дамыған аудан болып табылады.

Қаладағы әрбір алтыншы бизнес субъектісі осында жұмыс істейді. Бұл ретте 2023 жылы белсенді шағын және орта бизнес  субъектілерінің саны 52 мыңға дейін тағы 14%-ке өсті. Бұл Әуезов ауданында 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға және салық түсімдерін 218 млрд. теңгеге дейін 36%-ке арттыруға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, децентрализацияны ескере отырып, Әуезов ауданының бюджеті 2023 жылы 11,5 млрд. теңгеден 26 млрд. теңгеге дейін 2,2 есе көбейді.
2024 жылы бюджет тағы 40%-ке ұлғайып, 36 млрд. теңгені құрады. Бюджет жұмсалатын негізгі бағыттар инженерлік және жол инфрақұрылымын жетілдіру, сыртқы жарықтандыру жүйелерін жаңарту және әлеуметтік саланы қолдау болады.

Аудан тұрғындарының біздің өткен кездесулерімізде айтылған ұсыныстары мен өтініштерін ескере отырып, біз бірқатар басым бағыттарды белгіледік.

Ауданның инженерлік коммуникацияларын жаңарту, жол жүйелерін дамыту, абаттандыру, сондай-ақ сапалы және заманауи әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды мәселелер болып қала бермек.

Сіздерге 2023 жылы атқарылған жұмыстарымыздың қорытындылары мен алдағы жоспарларымыз туралы хабарлауға рұқсат етіңіздер.

БІРІНШІ. Сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету біз үшін негізгі бағыттардың бірі болып табылады.

  1. 2023 жылы тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. 30 км электр беру желілері ауыстырылды, 17 трансформаторлық және 69 тарату подстанциясы модернизацияланды.

2024 жылы тағы 25 км электрмен жабдықтау желілерін және 23 трансформаторлық подстанцияны модернизациялау жоспарланған.

  1. Тұрғындарды сапалы сумен және канализация жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Саин және Ұлықбек көшелеріндегі 4 км (сумен қамту - 2,5 км, су бұру - 1,5 км) желілер реконструкцияланды. Сондай-ақ, Төле би көшесінің Саин көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі ұзындығы 1 км (0,5 км жұмыс аяқталды) су құбырын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, оның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың наурызы.

Бұрынғы бау-бақша серіктестіктерінің («Восход», «Садовод», «Ардагер») 8 көшесіндегі 5,2 км инженерлік желілердің құрылысы аяқталып келеді (117 жеке үй және 470 тұрғын қамтылған). Бүгінгі таңда абоненттерді желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде, аяқталу мерзімі - осы жылдың наурыз айы (117 абоненттің 54-і қосылды).

2023 жылдың қыркүйек айында «Достық» шағын ауданында жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгеге су бұру желілерін салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ұзындығы 3 км болатын Розыбакиев, Терме, Тәуке хан көшелеріндегі инженерлік желілердің құрылысы жартылай аяқталды. Сонымен бірге жоба түзетіліп, су құбыры желілері  қосылды және көшелердің бүкіл ені бойымен асфальт жабыны қалпына келтіріледі. Қаржыландыру көлемі тағы 1,4 млрд. теңгеге ұлғаяды (жалпы сомасы 2,5 млрд. теңге). Жұмыстар наурыз айында қайта басталып, 2024 жылдың соңына дейін аяқталады
(13,7 км, 759 жеке үй және 3650 тұрғынды қамту).

Сонымен қатар, осы жылдың наурыз айында «Мамыр-4» шағын ауданында сумен қамту (4,5 км) және су бұру (9,5 км) желілерін салуды бастауды жоспарлап отырмыз. Аяқталу мерзімі - 2025 жылдың наурызы
(197 үй мен 750 тұрғынды қамту).

Жандосов - Саин - Шаляпин көшелері мен Қарғалы өзені бөлігінде сумен қамту (20 км) және су бұру (22 км) желілерін салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау - 2024 жылдың мамыр айы
(1 кезең – 4,8 млрд. тг., 14 км – сумен қамту, 9,6 км – су бұру).

  1. 2024 жылы Мамыр шағын ауданы мен Саин көшесінің бойындағы жалпы ұзындығы 3,2 км жылумен жабдықтау желілеріне реконструкциялау жүргізу жоспарланған, оның 2,3 км-і 2023 жылы аяқталды, қалған 900 метрін осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз.
  2. Аудан әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейту мақсатында жарық желілеріне қызмет көрсету жұмыстары әкімдердің құзыретіне берілді. Өткен жылдың қараша айында Әуезов ауданының әкімдігі «Алматы Қала Жарық» мекемесімен шарт жасасты.

Нәтижесінде 3 айдың ішінде 9,5 км кабель желісі ауыстырылды, 471 шам орнатылды, 749 LED-шам ауыстырылды және 263 шам жөнделді.

Биыл 42 км-ден астам кабель желілері жаңартылып, 5 мыңнан астам жарық шамдарын LED-шамдарға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсаттарға 1,4 млрд. теңге бөлінді (2023 жылы 530 млн. теңге).

Сіздердің аудандарыңызды сапалы жарықпен толық қамту үшін осы наурыз айында 81 сыртқы жарық желісін салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады.

ЕКІНШІ. Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.

  1. Өткен жылы 12 көшеде (11,4 км) орташа жөндеу және жалпы ауданы 56 мың м2 болатын
    47 көшеде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жалпы ауданы 20 мың м2 болатын 45 учаскеде техникалық тротуарлар жабдықталды.

2024 жылы тағы 22 көшеге, 7 өткелге және Саин көшесінің Төле би көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысындағы 2 көлік жолайрығына орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының аясында 60 мың м2 жол төсемі қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, ұзындығы 2 км болатын 2 учаскеде (Сәдуақасов көшесі, Шаймерденов көшесі) тротуарларды жайластыру жоспарланған.

  1. Көлік легінің шамадан тыс көп болу проблемасын шешу үшін Төле би көшесін (Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін) ұзартып салу жалғасуда. Аяқталу мерзімі - 2025 жылдың соңы.

ҮШІНШІ. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

  1. Халық санының өсуін ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығын (5 мың) азайту үшін жаңа мектептер мен қосымша құрылыстар салу бойынша жоспарлы жұмыс іске асырылуда.

2023 жылдың қыркүйегінде №141, 127, 122 мектептерде және мамандандырылған Білім инновациялық лицейінде сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында
№97 мектептің бұзылған ғимаратының орнында
600 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда (мердігер ұйым - «Dial-Строй» ЖШС). Құрылысты осы жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

  1. Әуезов ауданындағы мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын (6 мың) одан әрі азайту мақсатында «Алтын бесік» шағын ауданында
    120 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2024 жылдың шілдесі.

Бұдан басқа, биыл мамыр айында
10-шы шағын ауданда 160 орындық балабақша салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге мемлекеттік сараптама  қорытындысын аламыз.

Таугүл шағын ауданындағы апатты жағдайдағы балабақша ғимаратының орнына 120 орындық жаңа балабақша ғимаратын салу жобаланған. Мемлекеттік сараптаманың шығу мерзімі -  2024 жылдың қазан айы.

№52 балабақшаны (Ақсай-2 шағын ауданы, 51-үй)  сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу жүргізу, жобалық қуатын 195 орыннан 320 орынға дейін ұлғайту жоспарлануда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы - 2024 жылдың маусымы.

  1. 2023 жылдың сәуір айынан желтоқсан айына дейін мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыруға 2,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 16 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік берді (спорттық тапсырыс - 8 233, шығармашылық тапсырыс - 8 491). Осы бағдарламаның қажеттілігіне байланысты биыл қаржыландыру 3 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.
  2. Әуезов ауданындағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту ерекше бақылауда.

№18 емханадағы жүктемені азайту мақсатында 2023 жылдың тамыз айында «Мамыр-1» шағын ауданында ауысымына 200 келушіні қабылдайтын жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды.

«Қуаныш» шағын ауданында ауысымына
300
келушіге арналған №18 емхананың жаңа негізгі ғимаратын салу үшін ауданы 0,5 га жер учаскесі сатып алынды. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді осы жылдың мамыр айында бастауды жоспарлап отырмыз.

ТӨРТІНШІ. Жайлы қалалық ортаны құру да біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болып табылады.

  1. Аула аумақтарын абаттандыру шеңберінде өткен жылы 161 аулада (7, 8, 9, 10,11, 12, Жетісу-1,2,3,4 шағын аудандарында) күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

13 аула аумағында (1,4,5, Ақсай-1, «Ақсай-3б», «Ақсай-4» шағын аудандарында) ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында 2024 жылы тағы 23 ауланы күрделі жөндеу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы - 2024 жылдың мамыр айы.

  1. Жайлы қалалық орта құру шеңберінде осы жылдың ақпан айында Сайран көлінің айналасындағы 47 га аумақты абаттандыру жобасын іске асыру басталды («Павлодар өзен порты» АҚ). Құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталу мерзімі –
    2024 жылдың желтоқсаны.

Өтеген батыр көшесі мен Сайран шағын ауданын абаттандыру және көгалдандыру жобасы да әзірленді. Жобаның шеңберінде шағын сәулеттік пішіндерді орнату, балалар және спорт алаңдарын, workout аймақтарды жасау көзделген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы - осы жылдың мамыр айы.

  1. Өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ауданда жалпы сомасы
    800 млн. теңгеге барлығы 16 жоба іске асырылды.
    10 қоғамдық кеңістік құрылды (1, 5, Таугүл шағын аудандары, Үлкен Алматы өзенінің жағалау аймағы), 6 бос учаске абаттандырылды (9, 12, Ақсай-3 Б, Ақсай-5, Мамыр шағын аудандарында).

2024 жылы қаржыландыруды 2,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтып, тұрғындардың өтінімдері бойынша
57 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.

  1. 2023 жылы ауданды көгалдандыру аясында
    10 мың ағаш отырғызылды. Биыл тағы 20 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Жасыл желектерге күтім жасау мақсатында ұзындығы 180 км болатын 34 га алаңда автоматты суару жүйесін орнату жоспарланған. Орнату жұмыстары осы жылдың маусым айында басталады.
  2. 2023 жылы магистралды көшелердегі үнемі су басатын 6 проблемалық учаске жойылды (Төле би мен Яссауи көшелерінің, Райымбек даңғылы мен Момышұлы көшесінің, Райымбек даңғылы мен Яссауи көшесінің, Абай мен Алтынсарин даңғылдарының қиылысы, Цветочная көшесі, Момышұлы көшесі).

Біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз және осы жылдың соңына дейін 43 км жаңа арық желісінің құрылысын  аяқтаймыз (бүгінгі күні 8 км аяқталды).

Құрметті Әуезов ауданының тұрғындары!

Назар аударып, тыңдағандарыңыз үшін рақмет!

Енді Сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.

Дата публикации
15 февраля 2024
Дата обновления
15 февраля 2024
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Ақпарат
20 октября 2026
Aудиороликтер
Ақпарат
20 октября 2026
Электрoнды БАҚ
Ақпарат
20 октября 2026
Онлайн платформаларды пайдаланушылар

Социальные медиа

Facebook
Twitter
Instagram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы