
Алматы қаласының мәслихаты Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекітті (мәслихаттың 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 152 шешімі), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 қаулысымен бекітілген Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидалары – күшін жойды (2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 753 ҚР ҮҚ «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы»), себебі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне үлгілік қағидаларды бекіту құзіреттілігі берілді.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 27 бабы 2 тармағының талаптарына сәйкес Алматы қаласы мәслихатының, шешімі де өз күшін жойды деп танылуға тиіс (жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің кұші жойылды деп танылуға жатады).
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен көші-қон процестерін реттеудің жаңа үлгілік қағидалары бекітілді (2023 жылғы 26 шілдедегі №312), олар сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының
6 бабының 2-6 тармағына сәйкес Алматы қаласында бекітілуге тиіс – Алматы қаласы мәслихатының шешімімен.
Анықтама үшін: қағидаларда көші-қон процестерінің мониторингі, көші-қон процестерін реттеу және ҚР басқа аумақтарынан қандастар мен қоныс аударушы халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсыныс енгізу тәртібі, сондай-ақ оларды қоныстандыру үшін аумақтарды айқындау тәртібі айқындалған.