
2023 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Алматы қаласында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғары өсу қарқыны байқалады.
Экономиканың негізгі алты саласының (өнеркәсіп, сауда, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер, құрылыс, ауыл шаруашылығы) серпінін сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 122,2%-ды құрады.
Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға немесе 810,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі 24,4%-ға өскенін көрсетті.
Құрылыс 3,1%-ға ұлғайды, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 139,7 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында 938,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72%-ға өсті.
Бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9% - ға өсіп, 1 920,3 млрд. теңгені құрады. Көтерме сауда тауар айналымы 31,7% өсіммен 5 868,1 млрд.теңгені құрады. Көлік және қоймалау қызметтері – 16,7%-ға, ақпарат және байланыс қызметтері-4,4% - ға ұлғайды.
Қаңтар-мамыр айларында қала экономикасына 1,4% өсіммен негізгі капиталға 483,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, жеке инвестициялар 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,7% - ға өсті.
Инфляция жыл басынан 4,5%–ды құрады, оның ішінде азық – түлік тауарларының бағасы 5,1%-ды, азық-түлік емес тауарлар бойынша-5,1% -ды құрады, ақылы қызметтер бойынша – 3,3%-ға өсті.
Мемлекеттік бюджетке 2 280,4 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер түсіп, 38,6%-ға өсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 1 638,9 млрд. теңге (44,9% өсті), жергілікті бюджетке – 641,5 млрд. теңге (24,6% өсті) түсті.
Сыртқы сауда айналымы (ЕАЭО елдерін қоспағанда) 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында 58,1%-ға өсіп, $7 842,6 млн. құрады. Бұл ретте экспорт 31,6%- ға ұлғайып, $1 352,2 млн. құрады. Импорт $6 490,4 млн. құрап, 65,1%-ға өсті.
Жалпы, Алматы қаласы экономикасының дамуының оң үрдісі 2023 жылы да жалғасады деп күтілуде.