Лого

Меню

Страницы

Статья

Алматы қаласының әкімі Е.А. Досаевтың Алатау ауданының тұрғындарымен кездесудегі баяндамасы

Алматы қаласының әкімі Е.А. Досаевтың Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде сөйлейтін сөзі 19.01.2023 ж.

 

Құрметті Алатау ауданының тұрғындары!

Сіздерді Жаңа жылдағы бірінші кездесуімізде көргеніме қуаныштымын!

Өткен 2022-ші жыл біздің қаланың дамуы үшін қиын жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «қаңтар оқиғалары» кезінде зардап шеккен инфрақұрылым қысқа уақыттың ішінде толық қалпына келтірілді, ал Алматы экономикасы тұрақты өсу траекториясына шықты. Қалаға, оның ішінде Алатау ауданына қосылған аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Әкімдік Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды әзірлеп, 2022 жылдың қыркүйегінде Мәслихатта қабылданды, оған сәйкес біз өзіміздің негізгі басымдықтарды нақты айқындадық. Алматының полицентрлік дамуы аясында біздің дамып келе жатқан жаңа аудандарымызға ерекше көңіл бөлетін боламыз.

Бірінші рет мен сіздердің ауданды 2022 жылдың ақпан айында аралап шықтым. Сол кезде ауданның ең маңызды проблемаларымен таныстым. Сонымен қатар, Президентіміздің тапсырмасын орындау үшін өткен жылы, құрметті Алатау ауданының тұрғындары, сондай-ақ біз сіздермен 3 тұрақты кездесу өткіздік. Сол кездесулерде сіздер 300-ден астам мәселені көтердіңіздер. Оның ішінде 100-ден астам мәселе бойынша мен хаттамалық тапсырмалар бердім. Бүгінгі таңда 90 тапсырма орындалды, қалғандары орындалуда және менің жеке бақылауымда.

Қазір мен Сіздерді 2022 жылғы Алматы мен Алатау ауданының негізгі экономикалық даму көрсеткіштерімен қысқаша таныстырып өтейін.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 6,7%-ті құрады. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі (1 487 млрд. теңге)
13%-ке ұлғайып, өсу драйверіне айналды, осылайша Қазақстандағы ең жоғары өсімді көрсетті. Бұған Алатау ауданы өзінің елеулі үлесін қосты. 2022 жылы Алматы Индустриялық аймағының (АИА) дамуының арқасында Алатау ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 30%-ке өсіп, 527 млрд. теңгені немесе жалпы көлемнің 35%-тін құрады.

Өткен жылы Индустриялық аймақтың аумағында 10,3 млрд. теңгеге 6 кәсіпорын мен 3 шағын өнеркәсіп паркі ашылды, 500-ден астам (526) тұрақты жұмыс орны құрылды.

«Каз-Диа-Тест», «Weir Minerals», «City Stone», «Теплостил», «Stroy Production», «Электробар» зауыттары ашылды, «Qazaq Plast», «Alatau Industrial Park», «ALAESTATE» шағын өнеркәсіптік парктері өз жұмысын бастады.

Жалпы, қала бойынша 1,4 трлн. теңге инвестиция тартылып, 12%-ке өсті, оның ішінде Алатау ауданы бойынша – 127 млрд. теңге (қалалық көлемнен 9,1%, 2021 жылмен салыстырғанда төмендеу – 11,9%).

Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы қараша айында Мемлекет басшысының Алматы Индустриялық аймағына жұмыс сапары кезінде «Changan», «Cherry», «Haval» маркалы автомобильдер шығаратын «Астана Моторс» компаниясының жаңа зауытының құрылысы басталды. Жалпы инвестиция көлемі 100 млрд. теңгеден асады, 2025 жылға қарай 2200 жұмыс орны құрылатын болады.

Тартылған инвестициялардың арқасында, 2022 жылы Алматыда 57,5 мың жұмыс орны, оның ішінде 40,3 мың тұрақты (70%) жұмыс орны құрылды, бұл жұмыссыздық деңгейін 5,0%-ке дейін төмендеткен негізгі фактор болды. Оның ішінде қаладағы әрбір бесінші жұмыс орны Алатау ауданында құрылды.

Анықтама үшін: 2022 жылы Алатау ауданында 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 67%-ті тұрақты жұмыс орындары болып табылады.

 

Өткен жылы Алматы бюджетіне түсетін салық түсімдерінің көлемі 1,2 трлн. теңгеге жуықтап (1 179,4 млрд. теңге), 42,7%-ке өсті. Алатау ауданы бойынша түсімдер – 73,5 млрд. теңгені (өсім 13,4%) құрады.

Өткен жылы экономиканың тұрақты өсу көрсеткіштеріне қарамастан, 2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер күтуде.

Бұдан бұрын Сіздер көтерген көптеген мәселелер аудандық деңгейде болды, бірақ аудандық деңгейде қаржыландыру мен өкілеттіктердің болмауына байланысты аудандық әкімдіктер  қала әкімдігінің басқармаларына жүгінуге мәжбүр. Бұл шешімдер қабылдаудың және жобаларды іске асырудың жеделдігі мен сапасына әсер етті.

 Осы мәселелерді шешуді түбегейлі жасқарту үшін өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі жолдарды ағымдағы жөндеу, инженерлік желілер, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, әлеуметтік қызметтер, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын қаржыландыру секілді жекелеген функцияларды аудандық әкімдіктерге беру туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдады.

2022 жылдың 30 желтоқсанында ел Президенті
15 функцияны республикалық маңызы бар қалалар мен астанадағы аудандық әкімдіктер деңгейіне беру бойынша Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге қол қойды. 

Биылғы жылы қалалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде  Алматы қаласында шамамен 100 млрд. теңге сомасындағы шығыстар аудандық деңгейге, оның ішінде 17,3 млрд. теңге – Алатау ауданына берілетін болады.

Жүргізіліп жатқан децентрализация аудан әкімдіктерінің жеткілікті қаржылай ресурстар алуына мүмкіндік береді және аудан әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігін айтарлықтай арттырады.

Осылайша, біз аудандардағы өткір проблемалық мәселелерді шешуге одан да жақындай түсуге ниеттіміз.

Бүгінгі таңда Алатау ауданының тұрғындары жиі көтеретін мәселелер – инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көлік жұмысы болып қала бермек.

Қазір мен сіздермен 2022 жылы атқарған жұмысымыздың қорытындысымен және 2023 жылы Алатау ауданын дамыту жоспарларымызбен бөліскім келеді.

БІРІНШІ. Сумен жабдықтау және канализация желісін жаңғырту

Алатау ауданын дамытудың маңызды аспектілерінің бірі тұрғындарды орталық сумен жабдықтау және канализация желісімен қамтамасыз ету мәселесі болып табылады.

  1. Өткен жылы Ақбұлақ (29 км), Шапағат (37 км), Самғау (37,46 км), Өжет (83,41 км) шағын аудандарында 187 км орталық сумен жабдықтау (101,2 км) және канализация (85,8 км) желілері аяқталды.

Нәтижесінде Алатау ауданында орталық сумен қамту 70%-тен 80%-ке, ал канализация желілерімен – 55%-тен 67%-ке дейін артады.

Самғау және Өжет бойынша канализация желісін толық іске қосу үшін 5 канализациялық сорғы станциясы салынып жатыр. 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл қосымша 7,5 мың жеке тұрғын үйді сапалы сумен және канализациямен  қамтуға мүмкіндік береді.

  1. Биыл 170 км орталық желілердің (су – 92,6 км, канализация – 77,3 км) құрылысы жалғасып, Қарасу, Шаңырақ-1 шағын аудандарында 2023 жылдың ІІ-ші тоқсанында, сондай-ақ Алғабас шағын ауданында 2-ші кезегін (1 канализациялық сорғы станциясын салу), Әйгерім-1,2 (қымбаттауға байланысты жоба түзетілуде), Боралдай шағын аудандарында 2023 жылы желтоқсанда аяқталады. Барлығы 13 мың үй қамтылады.

Өткен жылы Рахат-Мәдениет (130 км),  Түркістан (10 км), Болашақ (5 км) шағын аудандарында 286 км сумен жабдықтау (153,8 км) және канализация (132,1 км) желілерін және Алғабаста 3-ші кезегін (46,9 км), Шапағатта 2-ші кезегін (51,2 км), 1 канализациялық сорғы станциясын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасалды.

Биыл Теректі («Сапа Курылыс 2007» ЖШС), Алғабас («Универсал Строй Сервис» ЖШС) және Шапағат («Астана Инжкомстрой» ЖШС) шағын аудандарында мердігер ұйымдар анықталды, қалған шағын аудандар бойынша конкурстық рәсімдер 2023 жылдың сәуіріне дейін аяқталады, содан кейін желілердің құрылысын бастап, 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтаймыз.

Нәтижесінде тағы 6 мың үй орталық сумен жабдықтау және канализация желісіне қосылады.

  1. 14-ші аумақтың проблемасына жеке тоқталғым келеді. Мен ауданды алғашқы аралаған кезімде осы шағын ауданның тұрғындары 2017 жылдың шілдесінде басталған инженерлік желілердің құрылысын аяқтауды және көшелердің асфальт төсемін қалпына келтіруді сұраған болатын.

Сот мердігер ұйымды («Керегетас Company LTD» ЖШС) жосықсыз деп таныды. 2022 жылдың сәуір айында соттың жұмыстарды аяқтау туралы талаптарын орындамағаны үшін компания құрылыс лицензиясынан айырылды.

Осыған байланысты 14-ші аумақ шағын ауданындағы инженерлік желілердің құрылысын толық аяқтау үшін біз жобаны толығымен қайта қарап шықтық және барлық қазіргі желілерді қайта салуға мәжбүрміз. Техникалық аудит 2023 жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталады. 

Қазіргі таңда «Алматы Production Construction Invest» ЖШС жаңа мердігер ұйымды таңдадық. Жұмысты аяқтау мерзімі – 2023 жылдың желтоқсанына дейін. Өткен жылдың қазан айында барлық 14 көшеде менің тапсырмам бойынша жолдар қайта жабылып, тегістелді. Бұл жұмыс тұрақты негізде және одан әрі инженерлік желілер құрылысы аяқталғанға дейін жүргізілетін  болады.

Сонымен қатар менің тапсырмам бойынша өткен жылдың қазан айынан бастап Соқпақбаев көшесіндегі желілерді (су және канализация) ауыстыру жұмыстары басталды, олар 2023 жылдың сәуір айының соңына дейін аяқталады, содан кейін осы көшеге асфальт төселеді.

Жалпы, жоғарыда аталған инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін 2025 жылдың басына қарай 30 000-ға жуық тұрғын үй орталық сумен жабдықтау және канализация  желісіне қосылады, осылайша Алатау ауданы саяжай массивтерін қоспағанда, инженерлік желілермен 100% қамтамасыз етіледі.

ЕКІНШІ. Жол инфрақұрылымын дамыту

2022 жылы Алатау ауданында 53 көшедегі ұзындығы
42 км жолға орташа жөндеу, сондай-ақ 35 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Жыл соңына дейін Алғабас (32 км; 2021 жылы басталған) және Шаңырақ-1 (8,5 км; 2022 жыл) шағын аудандарында 40,5 км жаңа жолдың құрылысы аяқталады.

Сондай-ақ осы жылдың III-ші тоқсанында Шапағат шағын ауданында сумен жабдықтау және канализация желілерін салу аяқталғаннан кейін 4,8 км жаңа жолдың құрылысы басталады.

2023 жылы біз ұзындығы 38 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Биыл желтоқсан айында Мөңке би көшесінде көлік жолайрығын салып, Саин көшесін ұзарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған, соның арқасында қаланың негізгі магистралдық көшелерінде, яғни Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшесінде, сондай-ақ аудандық маңызы бар көшелерде көлік легі айтарлықтай азаяды.

 

ҮШІНШІ. Қоғамдық көлік жұмысының сапасын арттыру

  1. Біздің алдыңғы есептік кездесулерімізде Сіздердің  өтініштеріңіздің көп бөлігі автобус паркінің жоғары тозу деңгейі, маршруттық желілердің жетіспеуі және қозғалыс интервалдарының бұзылуы сияқты қоғамдық көлік жұмысының сапасына қатысты болды.

   Өткен жылдың көктемінде Алматы қаласының әкімдігі 450 жаңа автобус сатып алды, оның ішінде 92 (20%) автобус Алатау ауданына берілді.

   Жаңа автобустардың арқасында 12 маршруттық желінің мәселесі шешілді.

   Осылайша, Сіздердің өтініш-тілектеріңізді ескере отырып, 4 жаңа маршрут ашылды, қозғалыс интервалын сақтап қалу үшін автобустар санын көбейтіп, 2 маршрут ұзартылды.

   4 маршрут желісіндегі 52 автобус жаңартылды. Осылайша, ауданның автобус паркі 100% жаңартылды.
2 маршрутта жүру интервалы қалпына келтірілді.

   2023 жылы біз ең көп сұранысқа ие 3 маршруттағы (№69, №125 және №24) автобустарды жаңартуды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қала маңы аймағының тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін осы жылдың ІІІ-ші тоқсанында Көліащы кентінен Салем базарына дейін №213 маршрутты іске қосу жоспарланған. Ол Алатау ауданының бір бөлігін қамтитын болады.

  1. Өткен жылдың басында аудан бойынша остановка кешендеріне жалпы қажеттілік 90 бірлікті құрады. 2022 жылы 40 остановка орнатылды.

   Қалған 50 остановка 2023 жылы орнатылады. Осылайша, аудандағы остановкалардың жетіспеу мәселесі 2023 жылдың соңына дейін толық шешіледі.

   ТӨРТІНШІ. Әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

   Оқушы орнының тапшылығын азайту

 

Осы жылдың 3 қаңтарында Алатау ауданының мектептеріндегі орын тапшылығы Алматы қаласында ең жоғары көрсеткішке ие (5617 оқушы орны немесе қала тапшылығының 21%).

Осы маңызды проблеманы одан әрі шешу үшін мынадай кешенді шаралар қабылдануда.

  1. 2022 жылы Алатау ауданында 7800 орындық жоспарланған 5 жаңа мектептен Саялы (1800 орын), Томирис (1500 орын), Нұркент (1500 орын) және Рахат-Мәдениет (1500 орын) шағын аудандарында 6300 орындық 4 мектеп ашылды. Дархан шағын ауданындағы 1500 орындық мектеп 99% дайын, оны осы жылдың қаңтар айының соңында ашу жоспарланған. Осы мектептің ашылуын ескере отырып, оқушы орнының тапшылығы шамамен 4 мың орынға дейін азаяды және
    2022 жылдың басындағы тапшы 9 100 орынмен салыстырғанда 2 еседен көп мөлшерге азаятынын атап өткім келеді.
  2. Өткен жылдың қыркүйек айында Саялы-2 шағын ауданында 550 орындық мектеп құрылысы басталды, оны 2023 жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2023 жылы 10 050 орындық тағы 6 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Зерделі шағын ауданында 2023 жылдың І-ші тоқсанында 550 орындық мектеп құрылысын бастау көзделген. Самғау (2000 орын), Алғабас (2000 орын), Қарасу (2000 орын) және Теректі (2000 орын) мен Ақбұлақ шағын ауданында 690 орындық (1500 орын) №154 мектепті бұза отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 5 мектеп салынады.
  3. Алатау ауданы бойынша «Мектеп автобусы» жобасы аясында осы жылға ең мұқтаж 3 мектеп (№196 – 2 автобус, №184 – 2 автобус, №210 – 5 автобус) таңдап алынды, жалпы саны 1153 балаға 9 автобус бөлінді. Автобустарды сатып алуды ескере отырып, олар 2023 жылдың ақпан айында іске қосылады деп күтілуде.
  4. Осы жылдың І-ші тоқсанының соңына дейін Индустриялық аймақтың аумағында кәсіптік-техникалық колледждің, сондай-ақ инновациялық технологиялар колледжінің құрылысын бастаймыз. 720 орынға есептелген әрбір колледждің 380 орындық жатақханасы болады. Бүгінгі таңда олар бойынша мердігер ұйымдарды анықтауға конкурстар өткізілуде. Құрылыс шамамен 2024 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталатын болады.
  5. Биыл балаларға арналған спорттық және шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру жалғасады. 2023 жылға Алматы қаласы бойынша 68 мың баланы қамту үшін 16,2 млрд. теңге сомасында бюджет бекітілді, оның ішінде Алатау ауданы үшін – 2,35 млрд. теңге.

Балаларды қосымша оқытумен қамту көлемін одан әрі арттыру үшін 2022 жылдың ақпанынан бастап көпсалалы Инновациялық шығармашылық орталығының (Оқушылар сарайы) құрылысы басталды. Оған аптасына 5 мыңнан астам бала баратын болады. Оның құрылысы 2023 жылдың II-ші тоқсанына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, Зерделі шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Нұркент шағын ауданында теннис корттарының құрылысы жүріп жатыр. Бұл спорт кешендері 2023 жылдың желтоқсан айында дайын болады.

Денсаулық сақтауды дамыту

Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін осы жылдың ақпан айында Саялы және Қарасу шағын аудандарында әрқайсысы күніне 200 адамды қабылдайтын 2 дәрігерлік амбулатория құрылысын бастау жоспарланған. Аяқтау мерзімі – 2023 жылғы желтоқсан.

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  Алатау ауданында  50 төсек-орындық перзентханасы бар 350 төсек-орындық бірінші көпсалалы аурухана салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Бүгінгі күні Зерделі шағын ауданында жер учаскесі белгіленді. Оның құрылысын 2024 жылы бастаймыз.

 

БЕСІНШІ. Жайлы қалалық орта

2022 жылы қала тұрғындары үшін қалалық ортаның жайлылығын жақсарту мақсатында Алатау ауданында
36 қоғамдық кеңістік салынып, 53 аулаға күрделі жөндеу жүргізілді, сондай-ақ 63 үйдің фасадтары жаңартылды.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

  1. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 37 жобаны іске асыру жоспарланған. Балалар алаңдары мен воркаут аймақтары, футбол алаңдары, баскетбол және волейбол алаңдары, жаяу жүргіншілер аймақтары, саябақтар және т.б. салынады.
  2. Аула ішіндегі аумақтардың жағдайын жақсарту үшін шұңқыр үлгісіндегі 45 контейнерлік алаң орнатылып, 23 аулаға ағымдағы жөндеу жүргізіледі, сондай-ақ Саялы және Ақбұлақ шағын аудандарындағы қалған 63 үйдің фасадтарын жаңарту аяқталады.

Бұдан басқа 2023 жылдың соңына дейін ауданның барлық 19 жерүсті жаяу жүргіншілер өткеліне күрделі жөндеу жүргізіліп, лифтілер мен пандустардың жұмысы ретке келтіріледі. 

Осы жылдың соңына дейін Зерделі шағын ауданындағы 32 үйдің қалған 7-ін нығайту және түзету жұмыстары аяқталады (1/139, 1/141, 1/142, 1/144, 1/170, 1/177, 1/178). Қазіргі уақытта құрылысы аяқталмаған 2 үйді бұзу жұмыстары жүріп жатыр, оны осы жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған. Осы жерге сквер салынатын болады.

Сондай-ақ, көктемде 3 ірі рекреациялық аймақ – Өжет шағын ауданындағы тоғанды, Боралдай өзенінің бойын, Зерделі шағын ауданындағы жасыл аймақты абаттандыру жұмыстары басталады. Жұмыстарды 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

  1. Ауданда жаңбыр жауған кезде үнемі су басатын жерлердің (18 учаске) мәселесі қарқынды шешіліп жатыр.

Төтенше жағдай желісі бойынша осы мәселені жедел шешу үшін өткен жылы коллекторларды, бұру каналдарын қалпына келтіру және арық желісін салу жұмыстары басталды.

Бүгінде 7 учаскеде жұмыстар аяқталды. 3 коллектор қалпына келтірілді және ұзындығы 955 м арық желісінің құрылысы аяқталды (Қаракемер көшесі, Мұқаев көшесі, Таджикская көшесі, Райымбек даңғылы, Момышұлы көшесінің қиылысы - ауысу).

Қалған 11 учаскені жою жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

2 коллектор (4,9 км), 1 бұру каналы (3,6 км) қалпына келтіріледі, сондай-ақ арық желісінің 8 учаскесінің (5,9 км) құрылысы қамтамасыз етіледі.

Анықтама үшін: арық желісінің учаскелері: Райымбек даңғылы, Момышұлы, Әлімқұлов, Магаданская, Мұқаев, Шәріпов, Бейсекбаев, Таджикская көшелері.

  1. Көше жарығымен толық қамту үшін өткен жылы Алатау ауданының жарық жартылай орнатылған 513 көшесі мен 31 жарық жоқ аулалары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде 2022 жылы 135 көшеде сыртқы жарық орнату жұмыстары басталды, олар ақпан айының аяғына дейін аяқталады.
  2. Көше жарығымен толыққанды қамту үшін өткен жылы Алатау ауданының жарық жартылай орнатылған 513 көшесі мен 31 жарық жоқ аулалары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде 2022 жылы 135 көшеде сыртқы жарық орнату жұмыстары басталды, олар ақпан айының аяғына дейін аяқталады.
  3. Жұмыстың басым бағыттарының бірі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда Алатау ауданында 700 көпқабатты үй орналасқан, ондағы 1237 подъездге 3071 бейнебақылау камерасы орнатылған.

«БМЖ-3050» жобасының аясында өткен жылы қозғалысы едәуір жоғары көшелерде, азаматтар көп жиналатын орындарда 327 «Бейне мониторинг жүйесін» орнату аяқталды. Биыл Алматы қаласы бойынша бейне мониторинг жүйесі камераларының жалпы саны 6000-ға дейін көбейтіледі, оның ішінде шамамен 300 бейне мониторинг жүйесі Алатау ауданында орналасатын болады.

 

Құрметті Алатау ауданының тұрғындары!

Бұл біздің биылғы алғашқы кездесуіміз және алдымызда тұрған проблемаларды бірге шешеміз деп сенемін.

 Назарларыңызға рақмет, енді Сіздердің сұрақтарыңызға көшейік.

Дата публикации
19 января 2023
Дата обновления
19 января 2023
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Ақпарат
20 октября 2026
Aудиороликтер
Ақпарат
20 октября 2026
Электрoнды БАҚ
Ақпарат
20 октября 2026
Онлайн платформаларды пайдаланушылар

Социальные медиа

Facebook
Twitter
Instagram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы