Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы электрондық үкімет порталында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы жарияланғанын хабарлайды.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген және қала тұрғындарын әлеуметтік қолдаудың атаулылығын және тиімділігін арттыруға бағытталған.
Шешім жобасында әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың табыс деңгейін және қолданыстағы үлгілік қағидаларды ескере отырып, оларды ұсыну тәсілдерін қайта қарау көзделген. Өзгерістердің негізгі мақсаты – шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмектің көрсетілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданыстағы әлеуметтік қорғау шараларын оңтайландыру.
Ұсынылып отырған өзгерістерді іске асыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады және көзделген қаражаттан тыс қосымша бюджеттік шығыстарды талап етпейді.
Аталған шешім жобасын қабылдау әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді және Алматы қаласының әлеуметтік саясатын дамытудағы кезекті қадам болмақ.
Жобаны 2026 жылғы 6 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында талқылауға қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15790763.