Алматыда метроны пайдалану қағидалары жаңартылады: қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, жолаушыларға қойылатын шектеулер нақтыланды

Алматы қаласы әкімдігі «Қалалық рельсті көлікпен жолаушыларды тасымалдау қағидаларына» өзгеріс пен толықтыру енгізді. Тиісті қаулы жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және қолданыстағы нормаларды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған.

Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жаңартылған қағидалар көлік инфрақұрылымының дамуын, жолаушылар ағынының өсуін және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып әзірленген.

Негізгі өзгерістер:

Бірінші. Эскалаторларды пайдалану тәртібіне қосымша талаптар енгізілді. Жолаушылар қозғалыс бағыты бойынша оң жақта тұрып, тұтқадан ұстауы және өзге азаматтардың өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ пойызға отырғызу кезінде алдымен түсетін жолаушыларға жол беру міндеттеледі.

Екінші. Жеке ұтқырлық құралдарын тасымалдауға шектеулер белгіленді. Электрсамокаттарды, электрвелосипедтерді, велосипедтерді және соған ұқсас құрылғыларды тасымалдауға тыйым салынады. Бұл талап жиналмалы әрі арнайы қапталған құралдарға қолданылмайды. Шектеулер балалар арбалары мен мүгедектігі бар адамдардың креслоларына қатысты емес.

Үшінші. Қоғамдық тәртіп пен жолаушылар жайлылығын сақтау мақсатында қосымша тыйымдар айқындалды. Атап айтқанда, көлемді заттарды алып жүруге, тамақтануға, дыбыс күшейткіш құралдар арқылы шамадан тыс шу шығаруға, сондай-ақ рұқсатсыз коммерциялық қызмет жүргізуге немесе жарнамалық түсірілім жасауға жол берілмейді.

Төртінші. Алғаш рет төтенше жағдайлар кезіндегі жолаушылардың іс-әрекеті нақты регламенттелді. Азаматтар сабыр сақтап, метрополитен қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға көмектесуге және эвакуация талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Бұл штаттан тыс жағдайларда қауіпсіздік деңгейін арттырып, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бесінші. Тасымалдаушының жауапкершілігі нақтыланды. Метро вагондары мен станцияларында жолаушылар жоғалтқан заттар үшін тасымалдаушы жауап бермейді.

Әкімдікте атап өткендей, қағидаларды жаңарту – қауіпсіз, жайлы әрі заманауи көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам. Жаңа нормалар қаулы ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді. https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15764130 

Дата публикации
16 февраля 2026