Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жаңа қағидалар құқықтық олқылықтарды жоюға, заманауи санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды енгізуге және тұрғындарға көрсетілетін жерлеу қызметтерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Негізгі жаңашылдықтар:
Біріншіден. Қалада алғашқы крематорийдің іске қосылуына байланысты кремация жүргізу тәртібі алғаш рет нақты айқындалды. Кремация марқұмның тірі кезінде білдірген еркі болған жағдайда немесе жақын туыстарының жазбаша өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар колумбарийлердің қызметі де регламенттелді.
Екіншіден. Зорлық-зомбылық белгілері бар өлім, өлім себебі анықталмаған жағдайлар немесе марқұмның жеке басы белгісіз болған кезде кремациялауға қатаң тыйым салынады. Бұл алдағы уақытта сот-медициналық сараптамаларды жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Үшіншіден. Алматы қаласында қайтыс болған әрбір тұрғынға немесе белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамға кемінде 6 шаршы метр жер телімін тегін беру құқығы сақталады. Иесіз (туысы жоқ) азаматтарды жерлеу бұрынғыдай бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төртіншіден. Қалалық зираттардағы бос және пайдаланылған жер телімдері, сондай-ақ колумбарий ұяшықтарының қолжетімділігі туралы ақпарат тұрғындарға нақты уақыт режимінде ұсынылады. Деректер әкімдіктің ресми сайтында және Ашық кадастрлық картада жарияланады.
Бесіншіден. Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы шарттардың сақталуына жалпы мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады, ал аудан әкімдері аппараттары жер телімдерін тікелей есепке алу және жерлеу орындарының санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге жауапты болады. https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15761129