Жастар саясатын іске асыру және жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының 2025–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжатта жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және белсенді жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту бағыттарын қамтитын 59 тармақ көзделген.
2025 жылы жоспардағы барлық іс-шаралар толық көлемде және белгіленген мерзімдерде сәтті жүзеге асырылды.
Ағымдағы жағдайды талдау
Алматы қаласында 14 пен 35 жас аралығындағы 712,3 мың жас тұрады, бұл қала халқының 32%-ы. Оның ішінде 455,6 мың — жұмыс істейтін жастар.
Анықтама: Алмалы ауданы – 83 мың, Алатау ауданы – 122,6 мың,
Әуезов ауданы – 106,3 мың, Бостандық ауданы – 117 мың, Жетісу ауданы – 59 мың, Медеу ауданы – 71,9 мың, Наурызбай ауданы – 72 мың,Түрксіб ауданы – 80,5 мың.
Қалада 35 жоғары оқу орны және 88 колледж бар. Оларда барлығы 321,6 мың студент білім алады (колледждерде – 85,5 мың, ЖОО-ларда – 236,1 мың). Оның ішінде 185,5 мыңы — басқа өңірлерден келген студенттер (колледждерде – 36 мың, ЖОО-ларда – 149,5 мың).
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап NEET санатындағы жастар үлесінің 0,6%-ға төмендеуі байқалады (2024 жылдың қорытындысы бойынша 6,4% немесе 42,2 мың адам болса, биылғы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 5,8% немесе 39,2 мың адам).
2025 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,0% немесе 18,7 мың жас (республика бойынша — 3%).
2023–2024 жылдары Алматы қаласында 35,7 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды.
Анықтама: 2023 жылы – 15,6 мың жас, 2024 жылы – 20,1 мың жас жұмыспен қамтылды.
2025 жылы 24,4 мың жас жұмыспен қамтылды.
Анықтама үшін: Қалалық мансап орталығы – 4 мың, «Мансап күндері» жобасы аясында – 1,9 мың, «Skill All» қысқа мерзімді курстары – 7,2 мың, «Жасыл ел» – 2,1 мың,
Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы – 9,2 мың жас жұмыспен қамтылды.
Сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға ерекше көңіл бөлінуде: 12 мыңнан астам жас оқудан өтті, оның шамамен 7,2 мыңы жұмыспен қамтылды.
NEET санатындағы жастар үлесі 2023 жылы шамамен 8,3%, 2024 жылы – 6,4%, 2025 жылы – 5,8% болды. 2025 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4% болып, 2024 жылмен (4,4%) салыстырғанда 0,4%-ға төмендеді.
Анықтама: 2022 жылы 15 желтоқсандағы №4/705 «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді мүмкіндіктерді іске асыру жөніндегі Жол картасы» аясындағы индикатор – «NEET санатындағы жастар үлесін 5,2%-ға дейін төмендету».
2024 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4% болды. 2025 жылғы деректер бойынша көрсеткіш 4%, осылайша жұмыссыздық 0,4%-ға төмендеді.
Анықтама: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел қалалары арасында жастар жұмыссыздығы деңгейі: Алматы қаласы – 4%, Астана қаласы – 3,8%, Шымкент қаласы – 3,1%, республика бойынша – 3%.
2023–2025 жылдар аралығында Алматы жастарының азаматтық белсенділікке тартылу деңгейінің артқаны байқалады. 2023 жылы жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеді. Олардың аясында 1,2 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 120 мыңнан астам жас қамтылды.
2024 жылы жастар әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға атаулы көмек көрсету мақсатында халықаралық тәжірибе үлгісімен, атап айтқанда Страсбург пен Будапешт қалаларындағы Еуропалық жастар орталықтарының негізінде 8 жастар комьюнити орталығы ашылды. Комьюнити орталықтардың Жастар ресурстық орталықтарынан басты айырмашылығы – кеңес беру қызметімен қатар, консультациялық жұмыс барысында алынған дағдыларды іс жүзінде жүзеге асыруға арналған инфрақұрылымды ұсынуды қамтитын кешенді тәсіл.
Бұл орталықтарда 1,7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 380 мыңнан астам адам қамтылды. Сондай-ақ психологиялық және құқықтық көмек көрсету, жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылды.
2025 жылы жаңа форматқа ауқымды көшу жүзеге асырылды: орталықтар саны 11-ге дейін артты, ал олардың функционалы едәуір кеңейтіліп, бастапқы қолдау көрсетуден жастарға арналған білім беру, отбасылық, әлеуметтік, мәдени және қалалық ортаны қалыптастыруға дейін ұлғайтылды. 2,5 мыңнан астам іс-шара (дәрістер, семинарлар, экологиялық акциялар, зияткерлік ойындар, акустикалық кештер, викториналар мен квиздер, шебер сабақтары, үстел ойындары және спорттық турнирлер) өткізілді, қамту көлемі 570 мыңнан астам адам болды. 17,6 мыңнан астам жас жеке консультация алды, оның ішінде 10,8 мыңы – жұмыспен қамту мәселелері бойынша, 6,8 мыңы – психологиялық және құқықтық көмек бағытында.
Орталықтар тек NEET санатындағы жастарға ғана емес, сонымен қатар қалалық қауымдастықтардың кең ауқымына бағытталған қалалық жастар инфрақұрылымының өзегіне айналды.
Алматыда жоғары оқу орындарында 236,1 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде 149,5 мыңы — басқа өңірлерден келген. Қазіргі уақытта 131 жатақхана жұмыс істейді, олар 44,7 мың орынмен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тапшылық шамамен 11,6 мың орын.
Жатақхана құрылысы бойынша жұмысты үйлестіру мақсатында қала әкімдігі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп республикада теңдесі жоқ жобалық офис құрды.
2023–2024 жылдары 8 273 орынға арналған 30 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде:
− 2023 жылы — 3 969 орынға арналған 14 нысан;
− 2024 жылы — 4 304 орынға арналған 16 нысан пайдалануға берілді.
2025 жылы 4 500 орынға арналған 13 нысан пайдалануға берілді.
Анықтама үшін: Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 200 орын, МОК (ҚазБСҚА) – 345 орын, Азаматтық авиация академиясы – 482 орын, ОАУ 1-корпус – 1 249 орын, «Саят» ЖК – 100 орын, «KBD INSURANCE» ЖК – 250 орын, «Шуакаев» ЖК – 100 орын, «Данияр» ЖК – 150 орын, «Аблайхан» ЖК – 60 орын,«Камшат» ЖК – 100 орын, «Skif» ЖК – 140 орын, «Байбаракова» ЖК – 152 орын, ОАУ 2-корпус – 1 172 орын.
Жастарды қаланың дамуына тарту негізгі бағыттар арқылы жүзеге асырылады: жұмысшы мамандықтарды насихаттау, құқықтық және азаматтық тәрбие, экологиялық мәдениет, медиа-белсенділік, мәдени және халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ жобалар мен іс-шараларға қатысу арқылы қалалық инфрақұрылымды дамыту.
Қазақстан Республикасында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына орай Алматы қаласында түрлі форматтағы 120-дан астам іс-шара өткізіліп, жалпы қамту 24 мыңнан астам жасты құрады.
Манызды бағыттардың бірі жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін медиаконтент әзірлеу болды. «Бейне» деректі жобасы аясында ұстаз, өрт сөндіруші-құтқарушы, әлеуметтік кәсіпкер және басқа да жұмысшы мамандық иелері туралы 10 сериядан тұратын шағын фильм дайындалып, жарияланды. Қысқа деректі форматтағы бейнематериалдар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде 25 мыңнан астам қаралым жинады.
2025 жылы Алматыда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастардың құқықтық санасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру бағдарламасы іске асырылды. 330-дан астам іс-шара өткізіліп, 30 мыңнан астам жас қамтылды. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» және «Adal urpaq» жобалары аясында 300-ден астам белсенді бірікті.
«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде жыл басынан бері 570-тен астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы қамту 125 мыңнан астам адам болды. Фестивальдер, онлайн-челлендждер және рейдтер өткізілді. Экологиялық акциялар барысында студенттер мен комьюнити орталық резиденттерінің белсенді қатысуымен 120 гектардан астам аумақ тазартылып, 200 тоннадан астам қоқыс жиналды.
2025 жылы Алматы ресми түрде Түркі әлемінің жастар астанасы болып жарияланды. Тамыз айында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің делегациялары мен 5 мыңнан астам қатысушының қатысуымен «Алматы — Түркі әлемінің жастар астанасы» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жастар алмасу бағдарламалары, форумдар, фестивальдер және TURKCUP 2025 халықаралық КВН ойыны ұйымдастырылды. 2025 жылы тамыздан бері 100-ден астам іс-шара өткізіліп, 20 мыңнан астам жас қамтылды. Бастама аясындағы жұмыстар 2026 жылдың шілде айына дейін жалғасады.
Проблемалық мәселелер
Жастардың маргинализациясы — жас азаматтардың бір бөлігінің білім беру жүйесінен, еңбек нарығынан және қоғамдық өмірден шет қалуымен көрініс табады. Әсіресе NEET санатындағы жастар осал топқа жатады. Бұл — оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар. 2025 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8% немесе 39,2 мың жас болды (республика бойынша — 5,8%).
Маргинализацияның негізгі себептері:
− тұрақты әлеуметтік лифттердің болмауы;
− білім беру жүйесі мен еңбек нарығы талаптарының сәйкес келмеуі; жұмысшы мамандықтардың беделінің төмендігі;
− қоғам өміріне белсенді қатысудың орнына жекешелену мен цифрлық тұтынудың артуы және т.б.
Аталған факторлар әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, NEET санатындағы жастар санының одан әрі өсуіне ықпал етеді.
Шешу жолдары
− кәсіби бағдар беру және жұмыспен қамту бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде Қалалық мансап орталығы мен Еңбек ұтқырлығы орталығын дамыту;
− JasAlmaty.kz, Skill All онлайн платформалары және «Мансап күндері» арқылы кәсіби бағдар беру мен ақпараттандыру аясын кеңейту;
− білім беру мазмұнын еңбек нарығы талаптарына бейімдеу үшін, әсіресе IT және digital салаларында, комьюнити орталықтар базасында қысқа мерзімді тәжірибеге бағытталған курстар ұйымдастыру.
Аталған шаралар білім беру жүйесінің еңбек нарығы қажеттілігіне сәйкессіздігін азайтып, NEET санатындағы жастар үлесінің өсуіне жол бермейді.
Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы жоғары оқу орындарының басым бөлігі еліміздің ірі білім беру орталығы — Алматы қаласында шоғырлануымен байланысты. Ұлттық университеттерді қоса алғанда, ЖОО-лардың көп болуы басқа өңірлерден келетін студенттер ағынының тұрақты түрде жоғары болуына әкеліп, қолданыстағы және салынып жатқан инфрақұрылым мүмкіндіктерінен асып түсуде.
Шешу жолдары
− нысандарды жедел пайдалануға беру мен бақылауды қамтамасыз ететін әкімдік пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірыңғай жобалық офисі арқылы құрылысты орталықтандырылған түрде үйлестіру;
− «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында жаңа жатақханалар салу есебінен тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен ұлғайту (2023–2025 жылдары 12,7 мыңнан астам орын пайдалануға берілді, 2030 жылға дейін қосымша 20 мың орын салу жоспарланған);
− жеке инвесторларды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін тарту (ЖШС мен ЖОО-лар тарапынан жатақхана салу);
− басқа өңірлерден келген студенттерді орынмен толық қамтамасыз еткенге дейін уақытша шара ретінде тұрғын үй-жайларды жалға беру институтын (қонақүйлер, хостелдер) жалғастыру.
Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде жатақханаға деген қажеттілік едәуір азайып, жоғары білімнің қолжетімділігі артып, студент жастардың әлеуметтік тұрақтылығы нығаяды.
Қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі — жастар арасындағы есірткіге тәуелділіктің артуы. Бұл жастардың қылмыстық әрекеттерге тартылуына және ауыр әлеуметтік салдарға, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке және өмірлік мүмкіндіктердің шектелуіне алып келеді. Сонымен қатар, есірткі бизнесі жастарды заңсыз есірткі айналымына тарту үшін интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, «жеңіл табыс» уәде етеді. Жастардың бір бөлігі есірткіні қолданудың қаупі мен ұзақ мерзімді салдарын байыппен қабылдамай, денсаулық пен болашақ өміріне төнетін қатерді жете бағаламайды.
Жастар арасындағы нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Наркостоп» жобасын жүзеге асыруда.
Шешу жолдары:
− есірткінің таралуы мен «дропперлердің» қызметін тоқтату үшін құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту;
− әлеуметтік желілер, қоғамдық көлік және LED-экрандар арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
− қала аумағындағы есірткіні насихаттайтын көрнекі жарнамаларды (трафареттер, граффити) жою;
− мамандандырылған орталықтар («Наркостоп» орталықтары) арқылы нашақорлықтың алдын алу;
− жастар мен еріктілерді есірткіге қарсы бастамаларға тарту;
− есірткі сату сайттарын анықтау және бұғаттау үшін кибереріктілік қозғалысын дамыту.
Алматыда жастар арасында интернеттегі құмар ойындардың таралуы және тәуелді мінез-құлықтың күшеюі байқалады. Бұл онлайн-платформалардың жоғары қолжетімділігімен және әлеуметтік желілердің ықпалымен ұштасып отыр. Аталған үрдіс лудоманияның, интернет-тәуелділіктің, сондай-ақ кибербуллингтің және құмар ойындарға бақылаусыз қатысудың өсуіне әкелуде.
Сараптамалық бағалауларға сәйкес, жасөспірімдер мен жастардың едәуір бөлігі онлайн құмар ойындарға тартылып, проблемалық ойын мінез-құлқының белгілерін көрсетуде. Ал онлайн құмар ойындарға қатысып жүргендердің арасында құмар ойындарға тәуелділікке байланысты күрделі мәселелер кең таралған. Бұл жағдай әсіресе интернет пен мобильді құрылғылардың жоғары қолжетімділігі жағдайында жастарға тән болып отыр.
Шешу жолдары:
− заңсыз қызметтің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар өткізу;
− мәселені және оны шешу шараларын талқылау мақсатында мәслихат депутаттарының, ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру;
− заңсыз құмар ойын сайттарын мониторингтеу және анықтау;
− анықталған интернет-ресурстардың тізімін бұғаттау және олар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер мен порталдарда жариялау;
− жоғары оқу орындарында семинарлар, дәрістер, тренингтер өткізу, сондай-ақ жастар комьюнити орталықтарында лудоманиядан зардап шеккендермен митап-кездесулер ұйымдастыру;
− комьюнити орталықтарда психологиялық қолдау көрсету және профилактикалық жұмыс жүргізу;
− құмарлықтан арылған адамдарға (экс-лудомандарға) қолдау көрсетуге арналған қауымдастық құру.
Алматыда шетелдік студенттер санының жыл сайын артуы оларды тиімді бейімдеу және қолдау қажеттілігін туындатып отыр. Әртүрлі елдерден келген жастар тілдік және мәдени бейімделуде, тұрмыстық және әкімшілік мәселелерді шешуде қиындықтарға тап болады, бұл олардың академиялық және әлеуметтік интеграциясын баяулатуы мүмкін.
Анықтама: Алматыда 17,1 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Шетелдік студенттердің ең көп бөлігі С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқиды, олардың басым бөлігі — Үндістан азаматтары (4,9 мың). Бұл осы университетте білім алатын шетелдік студенттердің 76,9%-ы.
2025 жылдың деректері бойынша шетелдік студенттер саны жағынан екінші орында — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, мұнда 1,3 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Олардың ішінде Қытайдан келген студенттер басым.
Үшінші орында — Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті. Бұл оқу орнында 2,3 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда, олардың негізгі бөлігі Түрікменстаннан (1,1 мың) және Өзбекстаннан (1,2 мың).
Шешу жолдары:
− шетелдік студенттерге кешенді қолдау көрсету үшін мамандандырылған қолдау орталығын құру;
− қазақ және орыс тілдері бойынша интерактивті тілдік курстар ұйымдастыру;
− шетелдік студенттерге арналған Қазақстан тарихы мен мәдениетін тереңдетіп оқыту орталығын құруға тарту;
− тәлімгерлік жүйесін енгізу: әрбір шетелдік студентке куратор немесе ментор бекіту;
− шетелдік студенттерге құқықтық және әкімшілік сүйемелдеу көрсету.