Алматы әкімі Ерболат Досаевтың «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы педагогтардың қалалық тамыз саммитінде сөйлеген сөзінің тезистері

Қадірлі ұстаздар мен қонақтар!

 «DIGITAL KAZAKHSTAN: Жаңа замандағы білім беру» педагогтердің қалалық тамыз саммитіне қош келдіңіздер! Сіздерді келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтаймын!

Саммитке қатысушылардың арасында көптеген шетелдік қонақ бар екенін атап өткім келеді. Биыл біздің бағдарлама заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллектті білім беру үдерісен біріктіруге бағытталған. Бұл интеграция білім алу мен оқу сапасын жақсартуға жаңа жол ашады. Біз бірлесіп заманауи технология біздің білімімізді қалай жақсарта алатынын және қазақстандық студенттерді алдағы сын-қатерлерге тас-түйін дайындай алатынын зерттейміз.

2023 жылдың маусымында шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Цифрлық трендтерді басқару цифрлық сауаттылыққа және білім беруге деген көзқарасымызды өзгерту қажеттілігін талап етеді. Соңғы мақсат – цифрлық өсуге бағытталған креативті қоғамды қалыптастыру. Халқымыз жаңа идеяларды, жаңа ойлау және шығармашылық тәсілдерді қабылдауы тиіс» деп ерекше атап өтті.
Бұл процесс балалардың негізгі білім алатын, әлемді түсінетін және біртіндеп болашағын қалыптастыратын мектеп қабырғасынан басталуы қажет.

Google компаниясының 24 елде жүргізген жаһандық зерттеуіне сәйкес, соңғы екі жылда әлемдік білім беру жүйесінің болашақтағы дамуын айқындайтын келесі негізгі трендтер басым болып отыр.

Бірінші тренд. Қазіргі еңбек нарығында қажетті дағдылардың өзгеруі. Цифрлық технология мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы еңбек нарығын және «жұмыс орны» түсінігін айтарлықтай өзгертіп жатыр. Дәстүрлі білім беру жүйесі қазіргі уақытта ұсына алмайтын дағдыларға сұраныс өсіп келеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша, жақын арада технологиялық өзгеріс жұмыспен қамтудың 97 млн. жаңа түрін құруға әкелуі мүмкін, ал 85 млн. жұмыс түрі сұранысқа ие болмай қалады. Сонымен қатар, келесі онжылдықта әртүрлі қызмет түрлерінің жартысы автоматтандырылып, роботтандырылатын болады.

Екінші тренд. Күрделі технологиялық өзгерістерге бейімделу үшін әлеуметтік және эмоционалды оқыту бағдарламаларының маңыздылығы.

Өзін-өзі дамыту, шешім қабылдаудағы жауапкершілік, эмпатия, командада жұмыс істей білу және қарым-қатынас орнату – дәл осы дағдылар қазіргі қоғамда күрделі мәселелерді шешуге негіз болады. SEG (Social and Emotional Learning) бағдарламаларын енгізу және өмірлік, әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларды оқыту қазіргі білім беру үшін өте өзекті болып отыр.

Үшінші тренд. Өмір бойы білім алу дағдыларын үнемі жаңартып отыру үшін негіз болады.

Өмір сүру ұзақтығының артуымен және әлеуметтік өзгерістердің жеделдеуімен өмір бойы үздіксіз білім алу қажеттілікке айналады. Сондықтан цифрлық платформалар жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеудің және үздіксіз білім алу үшін жағдай жасаудың негізгі құралына айналып отыр.

Қазақстан үшін және елдің ең ірі қаласы – Алматы үшін бұл үрдіс ерекше өзекті. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазіргі әлемнің тез өзгеретін жағдайына бейімделудің жоғары деңгейі бізге жаңа цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру тәсілдерін елеулі түрде қайта қарау қажеттілігін талап етеді.

Алматыда қазірдің өзінде цифрлық шешімдер арқылы білім беру мазмұнын айтарлықтай өзгертетін және жақсартатын бірқатар жобалар іске асырылуда. Kitap.kz жобасы қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдеріне электронды және аудио форматтағы 6000-нан астам көркем әдебиет туындысына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірегей цифрлық кітапхана ретінде өзінің тиімділігін көрсетті.

Біз қаладағы барлық мектеп оқушылары қосылған TopIQ.kz платформасы арқылы «Жеңіл портфель» жобасын сәтті енгіздік. Цифрлық оқулықтарды енгізу жаңартылатын ақпаратқа жылдам қолжетімділікті қамтамасыз етіп, оқу материалын түсінуді жақсартатын интерактивті элементтерді қамтыды және мектеп портфелінің физикалық салмағын азайтты. Жаңа оқу жылында платформада жасанды интеллект негізінде виртуалды репетиторды пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.

Балабақша педагогтері мен ата-аналарды әдістемелік қолдау үшін қалалық «AlmatyKids.kz» дамытушы цифрлық контенті жасалды, оған қаладағы барлық балабақшалар қосылған.

Біз қала мектептерінің инфрақұрылымын жаңғыртуға және дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл мектептерге практикалық және теориялық есептерді шешу үшін интерактивті мазмұны бар 168 жаңа модификация кабинеті (физика, химия, биология, робототехника, STEM) сатып алынды. Бұл мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтаудың 85% деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

ҚР Ұлттық банкінің төлем корпорациясымен бірігіп №201 мектеп-гимназиясында «цифрлық теңге» платформасында бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучер» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама бойынша бүгінде 50 мыңнан астам транзакция жүргізілді. Алдағы уақытта жобаны қаланың басқа мектептеріне де енгізу жоспарланып отыр.

Алматы үшін жыл сайын робототехника, дрондар бойынша чемпионат және инновациялық мектеп жобасы – Tech Cup Almaty көрмесін өткізу дәстүрге айналды. Бұл іс-шара қаламыздың 1500-ден астам оқушысын, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірі мен шетелдегі шәкірттерді біріктіреді.

Цифрлық технологиялар бүкіл білім беру ортасын, әсіресе педагогтарды алмастыра алмайды. Сапалы білім берудің негізгі буыны мұғалім болып қалады. Сондықтан мұғалімдерімізді қолдау және біліктілігін арттыру – біздің басты мақсатымыз.

Алматы қаласының білім беру саласына тиімді шетелдік инновациялық тәжірибені енгізу үшін былтыр 207 мектеп директоры, орынбасары, балабақша директоры мен педагогтар Швеция, Финляндия, Эстония, Ұлыбритания, Сингапур, Жапония және Ресейде тәжірибеден өтті. Қазақстан ішінде 5700-ден астам адам тағылымдамадан өтті. Шетелдік инновациялық тәжірибелер негізінде мектептер үшін 117 бағдарлама мен жобалар және балабақшалар үшін 35 жоба әзірленіп, Алматыда іске асырылуда.

Биыл «Алматы мектептері» бағдарламасын іске асыру аясында біз оқушының функционалдық сауаттылығын, цифрлық құзыреттілігін және дағдысын қалыптастыруға бағытталған сертификатталған бағдарламалар бойынша 70 мұғалімді оқытуды жалғастырамыз. Оқыту Cambridge International Assessment Education мақұлдаған оқу материалдарының төрт ресми әлемдік баспагердің бірі Marshall Cavendish бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Times Publishing Limited бас атқарушы директоры Peng Yim Siew мырзаға бүгінгі саммитке қатысқаны үшін ерекше алғыс айтқым келеді.

Осы оқу жылының басынан бастап біз Алматы қаласындағы мемлекеттік мектептердің мұғалімдері үшін жасанды интеллект саласында веб-әзірлеушілерді даярлаудың 12 апталық арнайы бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әрбір мектеп командасы генеративті жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалана отырып, өзінің веб-қосымшасын жасап, іске қосады. Сонымен қатар,  цифрлық оқыту мен ақпараттық технологиялардың маңызды аспектілерін қамтитын IT пәндері бойынша 100 мектептің мұғалімдерін оқыту бағдарламасын бастаймыз. Мұның бәрі біздің мұғалімдерге инновацияны оқу үдерісіне тиімді енгізуге мүмкіндік береді.

 

Құрметті қатысушылар!

Сіздердің қатысқандарыңыз бен қолдауларыңыз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Осы пленарлық отырыс Алматыда білім беру жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар мен жобалардың көбеюіне әкеледі деп сенемін. Сіздерді оқушылардың білімін айтарлықтай арттыратын инновациялық технологиялық және цифрлық шешімдерге инвестиция құюда серіктес болуға шақырамыз.

Дата публикации
16 августа 2024