Алматы әкімдігінің мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссиясы (ЖАО комиссиясы) 2023 жылға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін айқындады. Әкімдік қаулысының жобасы ашық нормативтік құқықтық актілері legalacts.egov.kz интернет-порталында жария талқыға шығарылды.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үшін білім беру гранттарын беру жөніндегі байқауды жыл сайын облыс немесе республикалық маңызы бар қала әкімінің өкімімен құрылатын ЖАО конкурстық комиссиясы өткізеді.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы болжамды қажеттілікті ескеріп жасалады. Тапсырыс жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында конкурстық негізде орналастырылады.
2023 жылғы 25 тамызда Алматыда мүшелерінің 100% қатысуымен ЖАО комиссиясының отырысы өтті. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша байқауға қатысушылар арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесі қалыптастырылды.
Қазіргі кезде Алматы қаласы әкімдігінің «2023 жылға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы» қаулысының жобасы жария түрде талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жарияланды.
Талқылау аяқталған соң тізім әкімдіктің қаулысымен бекітіліп, ресми интернет-ресурстарда жарияланады.