Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласы мәслихатының VIII сайланған XXIX кезектен тыс сессиясының 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 211 «Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланғанын хабарлайды.
Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру, сондай-ақ үй жануарларын одан әрі ұстау иесі немесе жауапты тұлға үшін мүмкін болмаған жағдайда оларды одан әрі орналастыру тәртібін нақтылау мақсатында әзірленді.
Жобада Қағидалардың 11-тармағын жаңа редакцияда жазу көзделеді. Оған сәйкес үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда, үй жануарының иесі және (немесе) жауапты тұлға оны одан әрі орналастыру бойынша шаралар қабылдауға, оның ішінде жануарларға арналған панажайға, жануарларды уақытша ұстау пунктіне не оны ұстауға қажетті жағдайлар жасауға қабілетті жеке немесе заңды тұлғаларға беруге міндетті.
Сонымен қатар, Қағидалардың 11-1-тармағын нақтылау көзделеді. Оған сәйкес жануардан бас тарту үй жануары иесінің немесе жауапты тұлғаның жануарға қатысты міндеттерін басқа тұлға жануарға меншік құқығын алғанға, жануар панажайға берілгенге немесе жануарды уақытша ұстау пунктіне берген кезде оның заңды тағдыры айқындалғанға дейін тоқтатпайды.
Жобаны қабылдаудың мақсаты үй жануарларын ұстау және одан әрі орналастыру мәселелерін құқықтық реттеуді жетілдіру, сондай-ақ иелер мен жауапты тұлғалардың жануарларға қатысты міндеттерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
Нормативтік құқықтық актіні қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды.
Жобаны талқылауға қатысу үшін «Ашық НҚА» порталындағы https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15896644 сілтемесі арқылы өтуге шақырамыз.