Алматы қаласының әкімдігі «Ашық НҚА» порталында Алматы қаласы мәслихатының «Алматы қаласында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы» шешімінің жобасы жарияланғанын хабарлайды.
Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына және жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
Жобаны қабылдаудың мақсаты қараусыз және қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, тексеру және одан әрі орналастыру тәртібін жетілдіру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аурулардың таралуына жол бермеу, жануарлардың иелерін және жаңа иелерін іздеу, сондай-ақ жануарларға ізгілікпен қарауды қамтамасыз ету болып табылады.
Жобада жануарларды аулау, тасымалдау және уақытша ұстау орындарына орналастыру, клиникалық, диагностикалық және кинологиялық тексерулер жүргізу, жануарларды сәйкестендіру және есепке қою, иелерін іздеу, сондай-ақ жануарларды жаңа иелеріне және жануарларға арналған панажайларға беру тәртібін белгілеу көзделеді.
Жобада жануарларды жансыздандыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша ғана жол берілетіні, сондай-ақ жансыздандырудың гуманистік медикаментоздық тәсілмен (эвтаназия) жүзеге асырылатыны көзделеді.
Жобаны қабылдау жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру саласындағы құқықтық реттеуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестендіруге бағытталған.
Нормативтік құқықтық актіні қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Жобаны талқылауға қатысу үшін «Ашық НҚА» порталындағы https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15896659 сілтемесі арқылы өтуге шақырамыз.