«Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» КММ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін тиісті деңгейде күтіп-ұстауды қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы мәслихатының кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын әзірледі.
Құжат Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №166 бұйрығымен бекітілген кондоминиум объектісін басқаруға арналған жылдық шығыстар сметасын есептеу әдістемесіне және кондоминиум объектісін басқаруға арналған жарналардың ең төмен мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес әзірленді.
Алматы қаласында еліміздегі ең ірі тұрғын үй қоры шоғырланған. Қалада шамамен 9 606 көппәтерлі тұрғын үй бар, оларға 2 594-тен астам басқару органы, оның ішінде МИБ, ПИК және басқарушы компаниялар қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, тұрғын үй қорының шамамен 67,5%-ын ескі тұрғын үйлер құрайды. Олардың инженерлік желілері мен конструктивтік элементтері жоғары деңгейдегі техникалық қызмет көрсетуді, уақтылы жөндеуді және профилактикалық жұмыстарды талап етеді.
Қолданыстағы Әдістемеге сәйкес, кондоминиум объектісін басқаруға жұмсалатын шығыстар жалпы бюджеттің 30%-ынан аспайды, ал кемінде 70%-ы көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тікелей бағытталады.
Ең төмен тариф міндетті жұмыстар мен қызметтердің негізінде, Әдістемеде көзделгендей, кемінде үш коммерциялық ұсынысты ескере отырып есептелді. Жүргізілген есептеулер нәтижесінде кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін айына бір шаршы метр үшін 70 теңге көлемінде белгілеу ұсынылады.
Ұсынылып отырған ең төмен тариф экономикалық тұрғыдан негізделген және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ағымдағы және профилактикалық жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, ортақ мүлікті күтіп-ұстау сапасын, аула аумақтарын абаттандыру деңгейін және тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Аталған қаулыны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.
Жоба бойынша талқылауға «Ашық НҚА» порталында қатысуға шақырамыз (сілтеме). https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15829040