Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылға сатып алынатын ауыл шаруашылығы өніміне субсидия нормативін бекіту туралы қаулы жобасын талқылау

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Ашық НҚА» ашық нормативтік құқықтық актілер порталында «2026 жылға Алматы қаласында сатып алынатын ауыл шаруашылығы өніміне субсидиялар нормативін бекіту туралы» Алматы қаласы әкімдігі қаулысының жобасы жарияланғанын хабарлайды.

Құжат «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 12-6) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 26 қарашадағы № 3-2/615 бұйрығымен бекітілген Қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алуға жұмсайтын шығындарын субсидиялау қағидаларына сәйкес әзірленді.

Қаулы жобасымен 2026 жылға қайта өңдеу кәсіпорындары үшін терең өңделген өнімдерді (қатты ірімшік) өндіруге бағытталған сатып алынатын ауыл шаруашылығы өнімінің (шикі сүт) бірлігіне субсидия нормативін белгілеу ұсынылады.

Құжаттың негізгі мақсаты шикізат сатып алуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін субсидиялау арқылы Алматы қаласының қайта өңдеу кәсіпорындарына қаржылай қолдау көрсету болып табылады. Жобаны іске асыру қатты ірімшік өндіру үшін шикізаттың экономикалық қолжетімділігін арттыруға, ішкі нарықта бәсекеге қабілетті отандық өнімді қалыптастыруға, импорт көлемін азайтуға және 2026 жылы өндірістің өсуіне бағытталған.

Құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Сіздерді жобаны талқылауға «Ашық НҚА» порталында мына сілтеме бойынша: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15813484 2026 жылғы 20 мамырға дейін қатысуға шақырамыз.

Дата публикации
30 апреля 2026