
Алматы қаласында «Еңбек жолы – 2026» республикалық байқауының өңірлік кезеңі жеңімпаздарына дипломдар табысталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және еңбек адамдарының еңбегін бағалау.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз және алдағы еңбек жолында толағай табыстар тілейміз!
Алматыда Халықаралық қарттар күніне орай қазан айы бойы Қарттар айлығы өтуде. Осы кезеңде аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беруге бағытталған түрлі іс-шаралар қарастырылған.
Айлық аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі – 2026 жылғы 8 қазанда Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған салтанатты мерекелік кеш. Іс-шараға Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері мен еңбек майданының ардагерлері қатарынан 170-тен астам құрметті қонақ қатысты.
Қонақтарға қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік кеште құттықтау сөздер айтылып, көпшілікке танымал әндер шырқалды. Би және шығармашылық қойылымдар мерекенің сәнін келтірді. Ардагерлерге арнап мерекелік дастарқан жайылып, іс-шара соңында естелік сыйлықтар табысталды.
Ай бойы қаланың барлық аудандарында мерекелік концерттер, ардагерлермен кездесулер, спорттық-сауықтыру сабақтары және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының түрлі іс-шаралары ұйымдастырылуда. Егде жастағы тұрғындар үшін медицина мамандарының кеңесін алуға мүмкіндік беретін ашық есік күндері өткізіліп, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үй жағдайында медициналық тексеруден өтуде. Сонымен қатар бағдарлама аясында театрларға, музейлерге және өзге де мәдени орындарға бару, ұзақ жасаған қарияларды құттықтау және түрлі буын өкілдерінің басын қосатын кездесулер қарастырылған.
Қарттар айлығы – аға буын өкілдеріне құрмет пен ризашылық білдіруге, олардың қажеттіліктеріне көңіл бөлуге және белсенді ұзақ өмір сүруін қолдауға бағытталған маңызды бастама.
Әлеуметтік қызметтер үйінде Алматы қаласының инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын екі маңызды күн – Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күні және қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылды. 2026 жылы бұл күндер тиісінше 11 және 25 қазанға сәйкес келеді.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауржан Жаубасовтың төрағалығымен өткен отырысқа Кеңес мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Наси қатысты.
Инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесте төрт мәселе қаралды: қала әкімінің инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісінің жұмыс қорытындылары, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталығының қызметі, әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі өзгерістер және «Инватакси» қызметінің ақпараттық жүйесін жетілдіру.
Талқылау барысында «Инватакси» жүйесінің жаңа функцияларын пайдаланушылардың тәжірибесі мен қажеттіліктерін ескеру мақсатында мүгедектігі бар адамдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен сынақтан өткізу ұсынылды. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіндегі өзгерістер туралы азаматтарды уақтылы ақпараттандыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Кеңес мүшелері Ұлттық ғылыми орталық жобаларының іске асырылу барысын жеке қарастырып, оның нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.
Әзербайжан Республикасының делегациясы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығына барды.
Делегация құрамында балалардың құқықтарын қорғау және отбасыларды қолдау саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік даму, психологиялық көмек көрсету және оңалту салаларының мамандары, сондай-ақ GIZ ұйымы мен «Tut Əlimdən» («Қолымнан ұста») балаларды оңалту орталығының өкілдері болды.
Сапар барысында қонақтарға Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік саладағы қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды. Делегация «Парасат» орталығының жұмысымен, инфрақұрылымымен, арнайы жабдықтарымен және қызмет алушыларды әлеуметтік оңалту үшін жасалған жағдайлармен танысты.
Кездесу барысында тараптар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оңалту және әлеуметтік сүйемелдеу саласындағы заманауи тәсілдерді талқылады.
Әзербайжан өкілдері әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, қолдауға мұқтаж балаларға, әйелдерге және отбасыларға консультациялық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған 116111 балалар мен әйелдерге арналған жедел желілерінің жұмыс тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар «Tut Əlimdən» («Қолымнан ұста») балаларды оңалту орталығының қызметі мен тәжірибесі ұсынылды.
Кездесуде әлеуметтік қорғау және оңалту саласындағы практикалық тәжірибе мен тиімді тәсілдер алмасуға ерекше назар аударылды. Тараптар кәсіби өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамыту және әлеуметтік саладағы озық тәжірибелермен алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
1 қазанда Алматы қаласында мүгедектігі бар қатысушылар мен шахмат әуесқойларын біріктірген Infinity Chess Cup Almaty 2026 инклюзивті шахмат турнирі өтті.
Шахмат тақтасында есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған қатысушылар бақ сынады. Жарыс FIDE рейтингін есепке ала отырып, швейцариялық жүйе бойынша жеті турдан өткізілді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрады.
Infinity Chess Cup қатысушыларға өз қабілеттерін, спорттық шеберліктері мен дамуға деген ұмтылыстарын көрсетуге мүмкіндік берген алаңға айналды. Сонымен қатар турнир мүгедектігі бар адамдардың өзара қарым-қатынас жасауына, әлеуметтенуіне және қаланың қоғамдық әрі спорттық өміріне белсенді қатысуына қосымша мүмкіндіктер берді.
Мұндай бастамалардың маңыздылығы – әрбір адамның өз әлеуетін ашуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін қолжетімді әрі инклюзивті ортаны қалыптастыруда.
Іс-шара Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) және Funduk Life қорының ынтымақтастығы аясында өтті.
Infinity Chess Cup Almaty 2026 турнирінің өткізілуі инклюзивті бастамаларды дамытуға, шахматты насихаттауға және мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмыстың жалғасы болды.
Осындай жобалар тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығайтуға, инклюзивті спортты дамытуға және адамның белсенділігі, таланты мен ұмтылысы денсаулық ерекшеліктерімен шектелмейтін қоғамды қалыптастыруға ықпал етеді.
Алматыда қоғамдық көлік саласының екі қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Тұрғынжан Аутов пен «Метрополитен» КМК жол монтері Айдарбек Ахтанбердиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Екеуінің де еңбек өтілі — 44 жыл.
Айдарбек Ахтанбердиев еңбек жолын 1982 жылы автокөлік колоннасында жүргізуші болып бастаған. Кейін Шамалған астық өнімдері комбинатында слесарь және аға шебер болып жұмыс істеді. 1998 жылы Алматы теміржолының жол шаруашылығына ауысып, біліктілігін біртіндеп арттырды.
2011 жылдың қыркүйегінде Алматы метрополитеніне жұмысқа орналасты. Содан бері жол қызметінде еңбек етіп келеді. Қазір ол — алтыншы разрядты жол монтері.
Метро пойыздары күн сайын қауіпсіз жүруі үшін Айдарбек Ахтанбердиев әріптестерімен бірге рельс, шпал және бағыттамалы бұрмалардың жарамдылығын қадағалайды, қажет жерін жөндеп, тозған бөлшектерін ауыстырады. Мәселен, 2024 жылы ол «Алмалы — Абай» және «Абай — Байқоңыр» аралықтарындағы тоннельдерде жалпы ұзындығы 930 метр болатын рельстерді ауыстыру жұмысына қатысты. «Райымбек батыр» стансасы мен электр депосының жолдарында да жөндеу жүргізді.
Бұл еңбекті жолаушылар көп жағдайда байқамайды. Өйткені жол қызметкерлері пойыз қозғалысы тоқтаған соң, түнде жұмысқа кіріседі.
— Біз жолаушылар кеткеннен кейін, метро жабылып, электр қуаты ажыратылғанда жұмысымызды бастаймыз. Жолдарды тексеріп, ақауларды жөндейміз, сынған бөлшектерді ауыстырамыз. Таңертең пойыздар қалыпты жүруі үшін бәрін дайындап қоямыз. Біз үшін ең бастысы — жолаушылардың қауіпсіздігі, — дейді Айдарбек Ахтанбердиев.
2024 жылы оның есімі метрополитеннің Құрмет тақтасына енгізілді. 2025 жылы Республика күніне орай Алматы әкімінің алғыс хатын алды. Ал «Құрмет» орденіне оның кандидатурасын ұжымы ұсынған.
— Мемлекеттік награданың мен үшін орны бөлек. Қуаныштымын, еңбегімнің бағаланғанын мақтан тұтамын. Осынша жылғы жұмысымды елеп, құрмет көрсеткен Алматы әкімдігіне, кәсіподаққа және басшылыққа рақмет, — дейді ол.
Айдарбек Ахтанбердиев метро ашылған алғашқы күндерден бері осында еңбек етеді. Зейнетке шығуына екі-үш ай қалған. Ол осы уақытты да өз ісіне адал болып өткізгісі келеді.
— Қалған екі-үш айда да жұмысымды ықыласпен, сапалы атқарамын. Жастарға айтарым: көңілдеріне жақын мамандықты таңдап, жеңіл жол іздемей, адал еңбек етсін. Өз еңбегімен отбасын асыраған адамның жүзі қашан да жарық болады, — дейді еңбек ардагері.
«Құрмет» орденін алған екінші маман — троллейбус жүргізушісі Тұрғынжан Аутов. Ол 1986 жылы Алматы трамвай-троллейбус басқармасының жүргізушілер даярлайтын курсын бітіріп, №3 троллейбус паркіне жұмысқа қабылданған. Содан бері бір ұжымда қырық жылға жуық еңбек етіп келеді.
Тұрғынжан Аутов үшін бұл марапат — таңдаған кәсібіне адалдықтың, қала тұрғындарына жасаған ұзақ жылғы қызметінің бағалануы. Ол жұмысшы мамандық иелеріне көрсетілген құрмет үшін Алматы әкімдігі мен кәсіпорын басшылығына алғыс айтты.
Бірі күн сайын жолаушыларды діттеген жеріне жеткізсе, екіншісі метро жолдарының қауіпсіздігін қадағалайды. Тұрғынжан Аутов пен Айдарбек Ахтанбердиевтің еңбегін біріктіретін нәрсе — қала тіршілігіне қажет жұмысты ондаған жыл бойы жауапкершілікпен атқаруы.
Кітап оқу – білім мен ой-өрісті дамытудың, рухани құндылықтарды нығайтудың және дүниетанымды кеңейтудің маңызды құралы.
Баршаңызды кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына белсенді қатысуға шақырамыз!
Марафонға қатысу үшін www.reading-nation.kz ресми платформасына кіріп, тіркелу қажет.
Кітап оқитын ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі!
2026 жылғы 15 қыркүйекте Алматы қаласында медициналық және әлеуметтік оңалту, жұмыспен қамту және мүгедектігі бар адамдарды кешенді сүйемелдеу салаларындағы тәжірибе алмасуға арналған Шанхай қаласы делегациясының жұмыс сапары өтті.
Сапар Алматы мен Шанхайдың бейінді ұйымдары арасындағы кәсіби диалогтың жалғасы болып, нақты бірлескен жұмыс бағыттарын қалыптастыруға бағытталды.
Шанхай делегациясының құрамына Шанхай қаласының «Янчжи» оңалту ауруханасының, Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу орталығының және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған Шанхай оңалту орталығының өкілдері кірді.
Жұмыс бағдарламасы аясында қонақтар №4 қалалық клиникалық аурухана жанындағы Өңірлік травматология және ортопедия орталығына барып, тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету және оңалту жұмыстарын ұйымдастырумен танысты.
Одан әрі делегация мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Мейірім» оңалту орталығына барып, балалар мен олардың отбасыларын кешенді оңалту және сүйемелдеу тәсілдері таныстырылды.
Бағдарламаның жеке бағыты ретінде Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына бару ұйымдастырылды. Шанхай тарапына азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің, кәсіби бағдарлаудың және сүйемелдеудің қолданыстағы құралдары, сондай-ақ жеке сүйемелдеу және Job Coach тәсілдері таныстырылды. Аталған тәсілдер жұмысқа орналасуға және жұмыс орнында бейімделуге жәрдемдесуге бағытталған.
Бағдарламаның қорытындысы бойынша Басқарманың медициналық-әлеуметтік мекемелерінің, Ерте араласу орталығының, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің және Алматы қаласының сарапшылық қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасуды, бірлескен бастамаларды іске асыруды және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шеңберінде қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін арттыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеу жөнінде уағдаласты.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Алматы қаласының медициналық-әлеуметтік мекемелері қызметкерлерінің Шанхай қаласының «Янчжи» оңалту ауруханасы базасында тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен семинарлар мен практикалық оқыту өткізу.
Ынтымақтастықтың басты мақсаты – заманауи тәсілдерді енгізу және мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру.
31 тамызда Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды сүйемелдейтін ата-аналарына арналған көшпелі іс-шара ұйымдастырды.
Балалар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді. Оның аясында аниматорлармен ойындар мен байқаулар, экскурсия, «Мүмкіндіктер полотнасы» шығармашылық алаңы, садақ атудан шеберлік сабағы және басқа да қызықты белсенділіктер ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара ортақ фотосуретке түсумен және жабылу рәсімімен қорытындыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға уақыттарын қызықты өткізуге, жаңа әсер алуға, құрдастарымен араласуға, достар табуға және бірлескен іс-шараларға белсенді қатысуға мүмкіндік жасау.
Мұндай іс-шаралар – тек демалыс пен көңіл көтеру ғана емес. Бұл балалардың бір ортада бас қосып, өз қабілеттерін ашуына, қолдауды сезінуіне және жарқын эмоциялар алуына мүмкіндік береді. Ал ата-аналар үшін бұл – балаларымен бірге қуанышты сәттерді бөлісуге тамаша мүмкіндік.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау, олардың әлеуметтенуіне және қолжетімді демалысын ұйымдастыру Алматы қаласындағы әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Комиссия отырысында «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша I, II және III орындар белгіленіп, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар қатарында көп жылдық еңбек тәжірибесімен танылған еңбек әулеттері, өндірісте жоғары нәтижелерге қол жеткізген жас мамандар және өз ісінің тәжірибелі тәлімгерлері бар. «Еңбек жолы» конкурсы — еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдауға, олардың кәсіби жетістіктерін көпшілікке танытуға және еңбек құндылықтарын насихаттауға бағытталған маңызды жоба.