Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Алматы қаласы мәслихатының шешім жобасы «Электрондық үкімет» порталында жарияланғанын хабарлайды. Аталған жоба Алматы қаласында тұратын, Ленинград қаласының қоршау кезеңінде еңбек еткен және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Блокадалы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған.
Жоба жылына бір рет Санкт-Петербург қаласына және кері бағытта жол жүру шығындарын өтеуді көздейді. Әлеуметтік көмек әуе немесе теміржол көлігімен нақты жүзеге асырылған жол жүрудің толық құны мөлшерінде беріледі. Төлем алушылардың банктік шоттарына ақша қаражатын аудару арқылы жүзеге асырылады.
Шешім жобасын қабылдау аталған санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шараларын сақтауға, Алматы қаласы мәслихатының бұрын қабылданған шешімдерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы мәселе бойынша бұрын қолданыста болған шешімдердің күшін жоюмен қатар нормативтік құқықтық актіні өзектілеуге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады және қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Жобаны 2026 жылғы 2 наурызға дейін «Ашық НҚА» порталында талқылауға қатысуға шақырамыз:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15763450