

Шетелдік жұмыс күшін тарту
Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды бөлу «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана арасында бөлу қағидаларын» негізге ала отырып жүзеге асырылады. Бұл қағидалар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 274 бұйрығымен бекітілген.
Қағидалардың 6-тармағына сәйкес, жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыратын аумақтағы жергілікті атқарушы органдарға 1-қосымшаға сәйкес өтінім нысанын жолдайды.
Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе оны ұзарту, сондай-ақ корпоратившілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары» негізінде жүзеге асырылады. Бұл Қағида Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 279 бұйрығымен бекітілген.
Аталған Қағиданың 3-тармағына сәйкес, рұқсат алу үшін жұмыс беруші немесе оның уәкілетті тұлғасы еңбек қызметі жүзеге асырылатын аумақтағы жергілікті атқарушы органға «электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz, www.elicense) арқылы 1-қосымшаға сәйкес өтінім және мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2-қосымшасында белгіленген құжаттар тізбесін тапсырады.
«Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту
"Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру" және "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 41, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 60 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 47 бірлескен бұйрығына сәйкес Алматы қаласы бойынша қандас мәртебесін беру тоқтатылды.
Босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату функциялары
2022 жылғы сәуірден бастап Басқарма Қазақстан Республикасының аумағында босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату функцияларын жүзеге асырады.
Басқарманың қызметі Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Босқындар туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 118 бұйрығымен бекітілген «Босқын мәртебесін беру туралы өтінішті тіркеу және қарау қағидаларымен», сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 183 қаулысымен бекітілген «Босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату қағидаларымен» реттеледі.
Осы Заңның 1-бабының 1-тармақшасына сәйкес, босқын – нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығына немесе саяси көзқарастарына байланысты қудаланудан қауіптенуіне байланысты өз азаматтығы бар елінен тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан оны пайдаланғысы келмейтін шетелдік, сондай-ақ тұрақты тұратын еліне қайта орала алмайтын немесе қорқуына байланысты оралғысы келмейтін азаматтығы жоқ адам болып табылады.
«Ата жолы» картасы және қазақ ұлтына жататындығын айқындау
«Ата жолы» картасы – уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, этникалық қазақтар арасынан бизнес-иммигранттарға немесе талап етілетін мамандықтары бар тұлғаларға олардың азаматтығы бар елдің паспортының жарамдылық мерзімінен аспайтын, бірақ он жылға дейінгі мерзімге берілетін құжат.
Қазақ ұлтына жататындығын айқындау тиісті құжаттарда ұлты туралы белгі болмаған жағдайда, қандас мәртебесін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен алуға үміткер тұлғаларға қатысты жүргізіледі. Бұл рәсім Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 31 шілдедегі № 282 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.