
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы КММ Алматы қаласы, Байтұрсынұлы көшесі, 9-үй мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін басқару үшін уақытша басқарушы компаниянын тағайындау жөніндегі конкурс өткізілетінін жариялайды. Кондоминиум объектісі туралы мәліметтер: Мекенжайы: Алматы қаласы, Байтұрсынұлы, 9-үй; Пәтерлер саны – 38; Жалпы ауданы – 4 000 м²; оның ішінде тұрғын үй ауданы – 2 040 м²; тұрғын емес үй-жайлар ауданы – 1 960 м².
Конкурс кондоминиум объектісін басқару үшін тұрғын үй инспекциясының уақытша басқарушы компанияны айқындау және тағайындау қағидаларына сәйкес өткізіледі.
Конкурс тұрғын үй инспекциясының шешімі негізінде, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері басқару нысанын немесе кондоминиум объектісін басқарушы субъектіні таңдау туралы келісімге қол жеткізбеген жағдайда (немесе жалпы жиналыстың хаттамасымен ресімделген меншік иелерінің өтініші негізінде) өткізіледі.
Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдағанға дейін кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын уақытша басқарушы компанияны айқындау.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін және төмендегі құжаттарды ұсынған басқарушы компаниялар жіберіледі:
- конкурсқа қатысу туралы өтініш;
- құрылтай құжаттарының көшірмелері;
- заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттар;
- басшының (өкілдің) өкілеттігін растайтын құжаттар;
- салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқтығы туралы мәліметтер;
- білікті мамандардың болуы туралы мәліметтер;
- кондоминиум объектілерін басқару саласындағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар.
Өтінімдер осы хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қабылданады.
Құжаттарды қабылдау мекенжайы: Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы КММ, Достық даңғылы, 85, 509-кабинет.
Жұмыс уақыты: 08:30-дан 18:00-ге дейін (түскі үзіліс: 12:30-дан 14:00-ге дейін).
Байланыс телефондары:+7 (727) 225-14-31, +7 776 211 11 03.
Электрондық пошта: zhil.inspektciya@mail.ru
Конкурстық комиссия ұсынылған өтінімдерді оларды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
Белгіленген талаптарға сәйкес келетін және кондоминиум объектілерін басқару саласында ең көп жұмыс тәжірибесі бар басқарушы компания конкурс жеңімпазы болып танылады.
Конкурс жеңімпазымен тұрғын үй инспекциясы мен уақытша басқарушы компания арасында Үлгілік шарт жасалады.
Уақытша басқарушы компания пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдағанға дейін объектіні басқаруды жүзеге асырады.
Егер конкурсқа өтінімдердің болмауына немесе конкурс жеңімпазының шарт жасасудан жалтаруына байланысты конкурс өткізілмеді деп танылса, уақытша басқарушы компания кондоминиум объектісін басқару үшін тұрғын үй инспекциясының уақытша басқарушы компанияны айқындау және тағайындау қағидаларына сәйкес белгіленеді.
Конкурсқа қатысу мәселелері бойынша:
Телефондар: +7 (727) 225-14-31, +7 776 211 11 03.
E-mail: zhil.inspektciya@mail.ru
Мекенжай: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 85, Тұрғын үй инспекциясы бөлімі, 509-кабинет.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Бағдарламаның алғашқы кезеңі аясында коммуналдық тұрғын үй қорынан 885 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Жаңа қоныс иелерін құттықтаған Дархан Сатыбалды азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе, мемлекеттің қолдауына шын мәнінде мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Алматыда тұрғын үйге мұқтаж 11 мыңнан астам азаматтың баспана жағдайын жақсарту жоспарланып отыр», – деді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, бүгінгі кезең алматылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмыстың бастамасы болды. Алғашқы кезеңде 885 пәтер берілсе, екінші кезеңде – 1832, үшінші кезеңде – 670, ал төртінші кезеңде 6161 пәтерді табыстау жоспарланған. Осылайша, жыл соңына дейін мыңдаған алматылық отбасы баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алады.
Жалпы, 2026 жылы 8250 азамат жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 1298 адам жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы баспана сатып алса, кемінде 1650 жас маман «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жеке баспанасының иесі атанады.
Бұдан бөлек, қалада мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктері де жалғасады. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ипотекалық несие рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге арналған тұрғын үй сертификаттары беріледі. Биыл осындай 200 сертификат табыстау жоспарланған.
Сондай-ақ, жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі де сақталады. Бұл шара тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтып, баспананың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабына сәйкес, Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өз қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Анализ жүргізу мерзімі: 2026 жылғы 29 сәуір мен 29 мамыр аралығы.
Егер Сізде Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мәліметтер, сондай-ақ талдау нысанының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар болса, 2026 жылғы 29 сәуір мен 20 мамыр аралығында келесі электрондық поштаға жолдауыңызды сұраймыз: aksunkar.07@mail.ru. Ақпараттың құпиялылығы мен анонимдігі кепілдендірілген. Түскен ақпарат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар әзірлеуге пайдаланылады.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 (727) 225-12-13, 8 701 777 57 79
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жаңа жылдағы мереке күндері қала тіршілігін үздіксіз қамтамасыз етуге жауапты коммуналдық және апаттық қызметтердің дайындығына арналған кеңес өтті. Кеңесте санитарлық жағдай, тұрғын үй қорының, инженерлік желілер мен жеделсаты шаруашылығының тұрақты жұмысы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мереке күндері коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтіледі. 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында мердігер ұйымдар мен мамандандырылған мобильді бригадаларды тарта отырып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. 1 қаңтарға қараған түні қаланың алаңдарында, қоғамдық кеңістіктерде, саябақтарда, скверлерде, аулаларда және адамдар көп жиналатын орындарда, оның ішінде жаңа жылдық шырша орнатылған аумақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарларда кешенді тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Көше-жол желісін, аула аумақтарын, саябақтар мен жүргіншілер аймақтарын күтіп ұстауға 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1 мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылады. Ауа райы қолайсыз болған жағдайда техника мен адам ресурстарын қосымша тарту көзделген. Қоқыс жәшіктері мен контейнер алаңдарының уақытылы тазалануы, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтардың шығарылуы қатаң бақылауға алынады.
Тұрғын үй қорының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін су, жылу және электр энергиясының берілуін бақылайтын, апаттық қызметтердің жұмысын үйлестіретін және тұрғындардың өтініштерін жедел қарайтын тәулік бойғы жедел әрекет ету штабы ұйымдастырылды. Басқарушы ұйымдармен өзара іс-қимыл қаланың барлық аудандарында, оның ішінде жұмыс чаттары арқылы жолға қойылған. Мереке күндері апаттық бригадалардың кезекшілігі күшейтіліп, жеделсаты шаруашылығының диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі салалық басқармалар мен мердігер ұйымдар басшыларының атқарылатын жұмыстардың сапасы мен уақтылы орындалуына жеке жауапкершілігін атап өтіп, жаңа жылдағы мереке күндері коммуналдық қызметтердің барынша дайын болуын және барлық штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Алматыда 2025 жылғы тұрғын үй саясатыніске асыру қорытындысы жарияланды. Брифинг барысында баспана бөлу тетіктеріндегі өзгеріс, жастарды қолдау бағдарламаларын кеңейту, кезектің өсуі және жалдамалы пәтерлерге бақылауды күшейту жайы айтылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Әкім орынбасарының айтуынша, кезек жүйесі «Отбасы банкке» берілгеннен кейін өтініш берушілер саны 80 870 адамға жетті, бұл жылдың басымен салыстырғанда 36 мыңға көп. Бұл өзгерістер бірнеше талаптың жаңаруымен байланысты: ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға үш жылдық тіркеу талабының жойылуы, табыс бойынша шектің болмауы және Алматыда тұратын барлық кәмелет жасына толған азаматтың кезекке тұра алу мүмкіндігі.
Жыл соңына дейін қалада Алатау және Түрксіб аудандарындағы жаңа тұрғын үйлерден 876 пәтерді тапсыру аяқталады. Бөлу 70/30 қағидаты бойынша жүргізіледі: 70% – ардагерлерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беріледі. Қалған 30% – аталған санаттарға кірмейтін азаматтарға бөлінеді.
Әсіресе, заңсыз қосымша жалға беру фактісіне баса назар аударылды. Жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді тексеру барысында 160 заңсыз жалға беру жағдайы анықталды. Оның ішінде 145 пәтер өз еркімен босатылды, қалған 15-і бойынша сот рәсімдері жүріп жатыр.
Брифингте Алмасхан Сматлаев «Алматы жастары» бағдарламасының тиімділігін атап өтті. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 8 228 жеңілдетілген несие, оның ішінде 2 177-і биыл берілді. Жалға алушыларды қолдау үшін қосымша 200 жеңілдетілген несие қоры қалыптастырылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы 48 тұрғын үйдің сертификаты берілді, ал 639 отбасы пәтерақыға субсидия алып отыр.
«Біздің мақсатымыз – әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету. Біз бақылауды күшейтіп, бағдарлама аясын кеңейте береміз және жастар мен әлеуметтік осал отбасыларға баспана алу немесе жалға алу үшін нақты мүмкіндіктер жасаймыз», – деді Алмасхан Сматлаев.
Алматыда қысқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді: арнайы техникалар паркі рекордтық 1030 бірлікке дейін ұлғайтылды, көше тазалауға 2700-ден астам жұмысшы жұмылдырылды, заманауи қар ерітетін пункттер іске қосылып жатыр, ал «Алматы Тазалық» алғаш рет тәулік бойы жұмыс істейтін үш ауысымдық жүйеге өтті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Алматыда алғашқы қар 4-5 қарашада жауды және соңғы жылдардағы ең қалың қар болды: таулы аймақта қардың қалыңдығы 50 сантиметрден асты, қала ішінде шамамен 20 сантиметрге жетті. Күннің күрт суытуына және қардың көп жауғанына қарамастан, коммуналдық қызмет магистральдар мен аула аумақтарындағы қарды тездетіп күреді. 3 мың текше метрден астам қар шығарылып, 1,5 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар пайдаланылды.
Әкім орынбасарының айтуынша, биыл алғаш рет қар ерітетін станциялар іске қосыла бастады. Әуезов ауданы аумағындағы алғашқы пункт тәулігіне 1200 текше метр қар еріте алады. Екінші бекет Бостандық ауданында жыл соңына дейін канадалық технология негізінде іске қосылып, тәулігіне 4 мың текше метрге дейін қар ерітеді. 2026 жылы Медеу және Алмалы аудандарында тағы екі кешен ашылады.
«Алматы Тазалық» үшін биылғы жыл ерекше маңызды болды: кәсіпорын қызметкерлерінің саны 1560 адамнан 3169 адамға дейін көбейді, ал жол саласындағы жұмысшылар 638 адамнан 2000 адамға дейін артты. Техникалар паркі алғаш рет мың бірліктен асып, 330 жаңа техника сатып алынды. Жұмыс кестесінің үш ауысымға көшуі түнгі және ерте таңғы тазарту жұмыстарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік берді.
Бұған қоса, қызметкерлерге арналған жағдай жақсарды: модульдік пункттер салынды, базалар жаңартылды, 112 орындық жатақхана бөлінді және кәсіпорынның жаңа тұрғын қорынан қосымша 262 орын қарастырылды.
«Біз ауа райына тәуелді емеспіз. Қар қай уақытта жауса да, қала дайын тұруы керек. Қазір жедел әрекет ету жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді, ал жаңа қар ерітетін пункттер көшелерді тазарту жұмысын айтарлықтай жеделдетеді», – деді Алмасхан Сматлаев.
Сондай-ақ, ол келесі жылдан бастап қалада «Бір аудан – бір мердігер» моделі енгізілетінін, бұл аудандық көшелерді тазалаудың сапасы мен жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті.
Алматыда суару-жуу маусымы аяқталды. Бұл шешім түнгі уақыттағы тұрақты суық пен минус температураның орнауына байланысты қабылданған. Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.
Қыстың басталуымен коммуналдық техника маусымдық режимге бейімделіп, қайта жарақтандырылады. Арнайы машиналарға құм-тұз қоспасын себетін қондырғылар, қар тазалайтын соқалы-щеткалы жабдық және жол мен тротуарды қар мен көктайғақтан тазартуға қажетті өзге де құрал-жабдықтар орнатылады.
Әкімдіктің коммуналдық қызметі күшейтілген дайындық тәртібіне көшіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолда көліктің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының қыста емін-еркін жүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жандандырады.
Қар тазалау жұмыстарына 17 мердігер ұйым, мыңға жуық арнайы техника және 2710 жұмысшы жұмылдырылмақ. Дайындық барысында мердігерлер техникаға техникалық тексеріс пен жөндеу жүргізді, 25 өндірістік база мен 23 құм қоймасын әзірледі, қызметкерлерге арналған ғимараттарды жаңғыртып, қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды сатып алды. Қар үйінділерін уақытша жинауға орындар да белгіленді.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, 23 қыркүйек күні таңғы сағат 5-тен бастап 24 қыркүйек таңына дейін Алматыда жаңбыр күтіледі, кей жерлерде қатты — 20 мм-ге дейін. Жел батыстан, 3–8 м/с, екпіні 18 м/с-қа дейін. Күндіз ауа температурасы +17…+19 °С болады.
24 қыркүйекке қараған түні жаңбыр сақталады, күндіз – жауын-шашынсыз. Жел солтүстік-шығыстан, 3–8 м/с. Ауа температурасы түнде +10…+12 °С, күндіз +18…+20 °С болады.
Қалада су басудың алдын алу және оны жедел жою мақсатында коммуналдық және жедел қызметтердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Жұмысқа «Алматы тазалық» МКК мен мердігерлік ұйымдардың 123 арнайы техникасы, 74 мотопомпа, 20 ассенизаторлық машинасы (оның 13-і ықтимал су басу орындарына орналастырылған), 75 жедел бригада (мотопомпалармен және қазу құралдарымен жабдықталған 425 жол жұмысшысы) тартылды.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Құтқару қызметі 1 ассенизаторлық машина және 15 мотопомпамен кезекшілік атқаруда.
Алматы қаласы ТЖ департаменті тарапынан 53 арнайы техника және 246 қызметкер дайындықта тұр.
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы
Алматы қаласының күні қарсаңында, 2025 жылдың 13 қыркүйегінде сағат 09:00-де «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтеді.«Алматы – алма қала» атауымен ұйымдастырылатын сенбіліктің мақсаты – қоғамдық кеңістіктерге тазалық пен тәртіп орнатып, Алматыны бұрынғыдан да көрікті әрі жасыл қалаға айналдыру.
Іс-шара барысында жоспарланған жұмыстар:
* Аумақтарды тазалау және жаяу жүргіншілер тротуарларын сыпыру
* Кіші архитектуралық формаларды (КӘФ) жуу және сырлау
* Шөп шабу
Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Сенбілік өтетін орындар:
Алатау ауданы:
– Боралдай шағынауданы (Жаңа Саина – Жаужүрек – Бурундай тас жолы – Меруерт көшелерінің шаршысы).
Алмалы ауданы:
1. Назарбаев даңғылы – Жібек жолы көшесі – Байзақов көшесі – Мақатаев көшесі.
2. Төле би көшесі – Аносов көшесі – Райымбек даңғылы – Розыбакиев көшесі.
3. Мұқағали Мақатаев атындағы сквер.
Әуезов ауданы:
– 4, 5, 6-шағынаудандар.
Бостандық ауданы:
– «Гагарин Парк» ТК жанындағы аумақ.
Жетісу ауданы:
1. Ангарская көшесі https://2gis.kz/almaty/geo/9430150454184925/76.903415,43.306834
2. Рысқұлов даңғылы, 47
Медеу ауданы:
1. Қайыпов көшесі, 1, Алатау шағынауданы алдындағы аумақ.
2. Шухов атындағы сквер.
3. Жангелдин көшесі.
4. Кеңсай-3 шолу алаңы және Иштван Қоныр көшесі бойы.
5. Рысқұлов даңғылы (Құлжа тас жолынан Волочаевская көшесіне дейін).
6. «Достық» сквері (Зенков – Құрманғазы көшелерінің қиылысы).
7. Жиренше шешен көшесі, 29 үй маңы (Тіксай өзені бойы).
8. Халиуллин көшесі, 140/5 үй маңы.
9. Терренкур (Сәтбаев даңғылынан Әл-Фараби даңғылына дейін).
10. «Кеңсай 1 және 2» зираттары.
11. Кіші Алматы өзені (Мақатаев көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін).
12. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ.
13. Алматы қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы.
14. Сахариев көшесі және С. Нұрмағамбетов көшесі 234-тен Үлкен Алматы айналма жолына дейінгі тротуар.
15. Есентай өзені (Әл-Фарабиден жоғары).
16. Шухов сквері.
17. Р. Бағланова көшесіндегі шолу алаңы.
18. Райымбек – Жетісу – Есенов – Мұхамеджанов көшелерінің шаршысы.
19. Райымбек – Қонаев – Пушкин – Мақатаев көшелерінің шаршысы.
20. «Белладжио» мейрамханасынан «Медеу» мұз айдынына дейінгі өзен бойы.
Наурызбай ауданы:
– Қарғалы өзенінің жағалауы (Маңғытаев көшесінен Надыров көшесіне дейін).
Түрксіб ауданы:
– Рысқұлов даңғылы – Сейфуллин даңғылы – Рихард Зорге көшесі – Баум тоғайы шаршысы.
2025 жылғы 15 қыркүйек пен 31 қазан аралығында Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында дератизацияның екінші кезеңі өтуде. Іс-шара кеміргіштерді жоюға және олардың көбеюін болдырмауға бағытталған және қаланың барлық сегіз ауданын қамтиды.
Жалпы ауданы 47 мың гектардан асатын аумақта – өзен жағалаулары, су айдындары, жеке тұрғын үйлердің аумақтары мен жер телімдерінде өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жеке сектор тұрғындарына улау жемдері оны қолдану жөніндегі толық нұсқаулықпен тегін беріледі.
Алматыда дератизация жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі. Бұл кешенді шаралар кеміргіштердің санын тиімді бақылауға және олардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шараларды өткізу кестесі ауа райына байланысты түзетілуі мүмкін.
Өз кезегінде Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы заңды тұлғаларға, ПИК-терге, МИБ-ке және ЖБ-ға қарасты аумақтар мен қоқыс контейнері алаңдарында дератизациялық жұмыстарды қалалық дератизациямен қатарластырып ұйымдастыруды сұрайды.
Дератизация жұмыстарына қатысты шағымдар мен сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар «Эко Сервис Алматы» ЖШС-нің диспетчерлік қызметіне мына телефондар арқылы хабарласа алады:
+7 705 225 13 31 (Ербол), +7 705 118 77 88 (Нұржан).