Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы
1-бөлім. Тұжырымдама паспорты
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау
3-бөлім. Халықаралық тәжірибені шолу
4-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту пайымы
5-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер
7-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары (тұжырымдамаға қосымша)
1-бөлім. Тұжырымдама паспорты
|
Атауы |
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы |
|
Әзірлеу үшін негіздеме |
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының 88-тармағы) |
|
Әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) |
|
Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар |
мемлекеттік органдар, ведомствоға бағынысты ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері |
|
Іске асыру мерзімдері |
2022-2026 жылдар |
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау
2.1. Қол жеткізілген нәтижелер
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың пәрменді моделі қалыптасты, ол қоғамның сұраныстарына қарай, ұлттық практика мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, ұдайы жетілдіріліп отырады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңның қабылдануымен, 2015 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі превентивті және қылмыстық-құқықтық құралдардың ақылға қонымды теңгерімімен құрылды.
Сыбайлас жемқорлықпен күреске жемқорлыққа қарсы ағарту арқылы және оның кез келген көріністеріне «мүлдем» төзбеушілік ахуалын қалыптастыру арқылы азаматтық қоғам белсенді түрде тартылуда.
Қазақстан Республикасының Президентіне бағынатын және есеп беретін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тәуелсіз уәкілетті орган –Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құрылды.
Агенттік мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты бағыттауышы бола отырып, өз қызметінде тиімді алдын алу, ауқымды ағарту, қоғаммен сындарлы әріптестік және қылмыстық-құқықтық шаралар элементтерін үйлестіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үлгілік базалық бағытты жобалық басқару шеңберінде енгізу әрбір мемлекеттік орган үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үйлестіруші әлеуетін күшейтті.
Мемлекеттік қызметтегі алдын алу шаралары
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның қолданысқа енгізілуімен мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделіне көшу қамтамасыз етілді, ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді.
Командалық ауысу үшін жасалатын жағдайлар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды, жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациялау жүргізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде мінез-құлық стандарттары айқындалды. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнайы органдарды қоспағанда) әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілген. Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттемелерін атқаруына байланысты сыйлықтар алуға және сыйға тартуға толық тыйым салу көзделген.
Аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік лауазымға үміткерлер мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндетті.
Қаржылық бақылау шаралары жетілдірілді. 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, «кіріс» декларацияларын ұсынды. 2022 жылдан бастап кірістер мен шығыстарды салыстыру жүзеге асырылатын болады.
Әкімдердің қызметін бағалау «сыбайлас жемқорлық деңгейі» нысаналы индикаторымен толықтырылды және сыбайлас жемқорлық индексін өңірлік өлшеу әдістемесі бекітілді.
Соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын барынша азайту
Судьяларды іріктеу және бағалау жүйесі жақсартылды. Облыстық және оларға теңестірілген соттарда судьяның әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Ішкі қауіпсіздік және соттарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылды.
«Татуластырушы судья» пішіні енгізілді, бұл соттарға жүктемені үш есе азайтты: істердің жартысына жуығы татуласумен аяқталады, тараптар судьяларды сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінен айырып, дауды өздері шешеді.
Сот процестері онлайн режимге ауыстырылды. Істерді автоматты бөлу алгоритміндегі айла-шарғылар мүмкіндігі жойылды.
Заң үстемдігі қағидатын сөзсіз қолдану мақсатында, халықаралық бизнестің азаматтық және коммерциялық дауларын жедел шешу үшін ерекше құқықтық режим шеңберінде жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының Тәуелсіз соты құрылды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау кепілдіктерін күшейтуге, жазалаудың бұлтартпастығына және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді.
Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейне-бақылау енгізілуде.
Күнделікті практикада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, әкімшілік өндірістердің, тексеру субъектілері мен объектілерінің электрондық жүйелері, сондай-ақ Qamqor ақпараттық сервисі қолданылады.
Құқық бұзушылардың лауазымды тұлғалармен тікелей байланысын болдырмайтын «Сергек» жол қозғалысын бейне-бақылау практикасын кеңейту құқық қорғау органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін цифрландыруды пайдаланудың жарқын мысалы болып табылады.
Құқық қорғау жүйесіне мемлекеттік қызметте қолданылатын рекрутинг стандарттарын енгізу іріктеудің айқындылығын, тиісінше, кадрлардың сапасы мен «тазалығын» қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілігін күшейтумен қатар, олардың жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ жекелеген санаттарға тұрғын үйді жалға алу және сатып алу шығындарын өтеу көзделген.
Қоғамдық бақылауды кеңейту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету
Қазақстанда үкіметтік емес бірқатар ұйымдар ұсынған қоғамдық бақылау күшейтілді.
Ұлттық алдын алу тетігі, қоғамдық бақылау комиссиялары белсенді жұмыс істеуде. Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау процестеріне тарту үшін тиімді институционалдық-құқықтық негіз қалыптастырылды.
«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға тұжырымдамалық өзгерістер енгізу арқылы қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі едәуір күшейтілді.
Қоғамдық бақылауды енгізу процесінде саяси партиялар маңызды рөл атқарады. «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар бастамалар «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруды бағалауды жұртшылық өкілдерінен құралған арнайы мониторингтік топ жүзеге асырады.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңмен қоғам алдында есеп беретін және транспарентті мемлекетті қалыптастыру үшін негіздер қаланды.
«Ашық үкімет» электрондық платформасында ашық деректердің бес порталы құрылды: Ашық бюджеттер, Ашық НҚА, Ашық деректер, Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау, Ашық диалог.
Бұл ресурстар азаматтарға бюджеттік бағдарламаларды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысуға, статистикалық ақпарат алуға және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына проблемалық мәселелермен жүгінуге мүмкіндік береді.
Онлайн-режимде шағымдарды ыңғайлы және жылдам беруге мүмкіндік беретін арнайы eОtinish сервисін енгізу арқылы азаматтардың өтініштерімен жұмысты қайта іске қосу жүзеге асырылды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануымен жария-құқықтық дауларды қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері, сондай-ақ билік органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысуына кепілдік беру енгізілді.
Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы жұртшылықты кеңінен тартумен жүзеге асырылады.
Қазақстанда өңірлік маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуына негізделген жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделі дамытылуда.
Астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындарына аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегі жобаларға бастамашылық етуге мүмкіндік беретін «халықтық қатысу бюджеті» енгізілді.
Бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру арқылы ауыл халқының бюджет қаражатының не үшін жұмсалатынын дербес анықтау мүмкіндігі бар.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау енгізілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл арналарын құруға мүмкіндік берген «Адалдық алаңы» жобасының ауқымы еліміз бойынша кеңейтілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, парасаттылық идеологиясын және сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілікті» ілгерілету
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа мүдделі барлық топтар: оқушылар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылған.
Жоғары оқу орындары бакалавриатының барлық мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» элективті пәнімен толықтырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттары бар қазақстандық бірқатар жоғары оқу орындары Академиялық адалдық лигасына бірікті.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді сыйақылар белгіленген мөлшерде емес, керісінше, пара мөлшеріне немесе келтірілген залалға байланысты төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің деректері бойынша қазақстандықтардың 60%-ы сыбайлас жемқорлықпен күресте жәрдем көрсетуге дайын.
Бизнес-процестерді автоматтандыру
2020 жылдың қорытындылары бойынша электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 93%-ды, көрсетілетін қызметті алушылардың олардың сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 75,1%-ды құрады (2018 ж. – 72,4%, 2019 ж. – 74,8%).
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары, регламенттері мен ережелері бірыңғай құжатқа жинақталды. Халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуде, проактивті қызметтер дамытылуда.
Жаңа технологияларды қолдану мемлекеттік органдардың клиентке бағдарлануының басым міндетін көрсете отырып, азаматтарға электрондық және мобильдік форматтарда қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша рейтингте БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында 29-орынды (2018 жылы - 39), ТМД елдері арасында – 1-орынды, Азия елдері арасында – 6-орынды иеленді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кешенді және дәйекті жұмыстың нәтижесінде, Қазақстанның позициясы жақсарды.
Бағдарлама шеңберіндегі трансформациялық процестер көптеген әлеуметтік-сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етті.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелі ортаға беру әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлықтың басқа да алғышарттарын азайтуға мүмкіндік берді.
Квазимемлекеттік және жеке секторлардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құру заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестерді міндетті түрде құру туралы нормалар қолданысқа енгізілді.
«Самұрық-Қазына» қорының, өзге де ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының сатып алуының айқындығы мен бақылануын қамтамасыз етуге бағытталған «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заң қабылданды.
Заңмен камералдық бақылаумен сатып алудың электрондық тетігі, жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізілді, конкурстан тыс рәсімдер үшін талаптар жоғарылатылды.
2021 жылдан бастап есеп беруді күшейту мақсатында, қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік секторда құрылуда.
Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің тізілімі кеңейтілді. Оларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті не мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты адамдар жатады.
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым қолданылады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар үшін сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алынып тасталды, парақорлық үшін қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеумен жаза тағайындаудың күші жойылды.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі институты енгізілді. Ол енгізілген сәттен бастап 7 саяси қызметшінің отставкасы қабылданып, 12 саяси қызметші, басшылық деңгейдегі 78 мемлекеттік әкімшілік қызметші, күштік блоктың 66 басшысы және квазимемлекеттік сектордың 15 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды, олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, 31 қала, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялардың 8 басшысы бар.
Халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарына (ЭЫДҰ желісі шеңберінде) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылды.
Халықаралық ұйымдармен және шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылған.
2019 жылы ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің пленарлық отырысында мониторингтік топ Стамбул жоспарының 4-раунды ұсынымдарының орындалуы туралы Қазақстанның аралық есебіне оң баға берді (29 ұсынымның 5-еуі бойынша елеулі ілгерілеушілік, 15-і бойынша ілгерілеушілік байқалды).
Жалпы алғанда, қабылданған шаралар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін одан әрі жоюдың берік іргетасын қалады, бұл Қазақстанға 2020 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсінуу индексінде алғаш рет 38 балл (екі жылда +7 балл) жинауға, 180 елдің арасында 94-орынға (екі жылда +30 позиция) ауысуға мүмкіндік берді.
2.2. Орта мерзімді перспективада шешуді талап ететін түйінді проблемалар
Қоғамның әділдікті, баршаның заң алдындағы теңдігін және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі сауалы сақталуда.
Саяси сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде мүдделік қолдау қызметін реттеу, Парламент пен мәслихаттар депутаттарының әдебін ресімдеу, саяси иммунитетті реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы қосымша шаралар талап етіледі.
Қолданыстағы декларациялау жүйесі шығыстар мен алынатын кірістердің елеулі сәйкессіздігі фактілеріне ден қоюдың тиімді құралдарымен бекітілмеген.
Ұрланған активтерді іздестіру, оларды бюджетке қайтару мүлікті тәркілеу алдында оның қылмыстық шығу тұрғысынан дәлелдеудің күрделілігіне байланысты екінші жоспарда қалады.
Сыбайлас жемқорлық үшін айыппұл түрінде жазаның болуы азаматтық қоғамның сынын тудыруда.
Осылайша, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ең пәрменді шараларының бірі – жемқорларды заңсыз алынған игіліктерден айыру іс жүзінде толық көлемде іске асырылмайды. Бұл шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін экономикалық тұрғыдан тиімді ете отырып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік бермейді, ал бюджеттік активтерді анықтау және қайтару институты тиімсіз жүзеге асырылады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, бұрынғыдай, құқық қорғау және сот жүйелеріне, бақылаушы органдардың қызметіне тән.
Азаматтар мен кәсіпкерлердің күнделікті өмірде мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимылына байланысты, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр.
Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген «2020 жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар мен мекемелердің тізбесі жылдан жылға іс жүзінде өзгермейді: мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, ХҚКО, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары. Олардың үлесіне азаматтардың мемлекеттік органдармен сыбайлас жемқорлық жағдайларының үштен екісі тиесілі.
Жалпы, соңғы үш жылдағы сыбайлас жемқорлық қылмыс құрылымының едәуір бөлігін парақорлық фактілері алып отыр – 50%-дан астам.
Бұл, бірінші кезекте, мемлекеттік басқарудың бизнес-процестерін автоматтандырудағы кемшіліктер мен олқылықтарға байланысты.
Қоғамдық қатынастарды цифрландыру көптеген ақпараттық жүйелердің пайда болуына әкелді. Пайдалануға берілгеннен кейін, цифрлық платформалар жұмысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүйелі мониторинг жүргізілмейді. Нәтижесінде, азаматтар мен кәсіпкерлер қасақана техникалық жаңылулар, «цифрландырылған» мемлекеттік функциялардағы артық процестер және ақпараттық жүйелер жұмысындағы басқа да кемшіліктер себебінен, өз мәселелерін заңсыз шешу жолдарын іздеуге мәжбүр болады.
Сонымен қатар, деректер базасының осал интеграциясы мемлекеттің проактивті сервистік моделін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Әкімшілік кедергілер, екі мағыналы және дискрециялық нормалар, шешімдер қабылдау кезінде айқындықтың жеткіліксіздігі, мемлекеттік органдардың енжарлығы мен жабықтығы, баламалы негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үлесінің жоғары болуы сақталуда.
Алдын алу шаралары, негізінен, мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған. Бұл осындай болып табылмайтын, бірақ азаматтардың сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауына жоғары әсер ететін адамдар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу тиімділігін төмендетеді.
Осытұрғыда мемлекеттік емес сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ерекше маңызға ие болады. Бүгінде бизнес пен комплаенсті адал жүргізуді қамтамасыз ету бойынша қалыпқа келтірілген пайым жоқ.
Нақты жағдайларға, өңірлік, салалық және өзге де ерекшеліктерге сүйене отырып, әртүрлі әлеуметтік топтарға олардың құқықтарын, міндеттері мен рәсімдерін қолжетімді және түсінікті етіп түсіндіру стандарттары болмай отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыртқы талдау шеңберінде айқындайтын сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мүдделілігінің әлсіздігі байқалады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналмаған.
Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың салалық жүйесі ішінде анықталған тәуекелдерге «өңір – орталық» қағидаты бойынша ден қоюдың тиімді тетігі жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілер бастамашылығының болмауы сыбайлас жемқорлық деңгейінің нақты төмендеуіне сенуге мүмкіндік бермейді.
Мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жеке сектормен салыстырғанда, бәсекеге қабілеттілігі бойынша жеткіліксіз болып қалуда.
Мемлекеттік функцияларды орындау кезінде мүдделер қақтығысының алдын алудың тиімді тетігі жоқ.
Бюджет қаражатын бөлу процесінің жоғары сыбайлас жемқорлық осалдығы
Бюджет қаражатын қалыптастыру және жұмсау туралы ақпараттың айқын болуының жеткіліксіздігі мемлекеттік қаржыны басқаруда сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратын жүйелі факторларға жатады.
Теріс практиканың негізгі себебі жоспарлау жүйесі мен бюджет қаражатын игеру арасындағы «алшақтық» болып табылады. Бюджеттік өтінімдер, көбінесе, жауапты тұлғалардың үлестес компаниялармен негізсіз жоғары баға ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
Тиімсіз жоспарлау бюджет заңнамасында көзделмеген экономикалық шығын және жоғалған пайда сияқты ауыр зардаптарға әкеледі және игеру кезінде жымқыруға қолайлы жағдай туғызады.
Тиісті мәліметтердің жабық болуы мен бытыраңқылығына республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмсалуы туралы деректерді қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы ықпал етеді.
Қоғамды техникалық бөлшектерсіз тек негізгі мәліметтерді көрсете отырып, бюджеттің «жеңілдетілген» нұсқасымен таныстыру үшін жағдай жасалмаған, осылайша азаматтық бақылау айтарлықтай шектелген.
Бюджеттеу туралы шешімдер қабылдау рәсімдерінің айқын болмауы есеп беруді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін тарылтады және сыбайлас жемқорлықтың кең етек алуына ықпал етеді.
Пандемия және ковидтен кейінгі кезең бөлінген қаражат пен әлеуметтік-экономикалық нәтижелер арасындағы байланыстың жоқ екендігін ашып берді.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдауды (субсидиялар, гранттар, жеңілдікпен кредит беру) бөлу тетіктері олардың тиімсіз және мақсатсыз пайдаланылуына жол беретін қағидаттарға көрінеу негізделеді.
Көрсетілгендер уәкілетті органдардың бюджеттік қолдау нәтижелілігін бағалаудың түпкілікті көрсеткіштерін айқындамауына байланысты. Дұрыс емес триггерлер, оның ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін ынталандыру бар.
Аграрлық сектордың үлгісі орталық мемлекеттік орган басшысына кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялау тәртібін бекіту құқығын берудің нәтижесіздігін көрсетті.
Министрлердің ауысуымен барлық бағыттар бойынша мемлекеттік қолдаудың осы түрін нормативтік реттеу де өзгерді. Субсидиялаудың орындылығы туралы шешім тиісті саланың ғылыми қоғамдастығының қатысуынсыз қабылданды. Дискрециялық қаржыландырудың болуы ресурстарды алаңдатуға және бюджеттік тәртіпті сақтау тетіктерін айналып өтуге мүмкіндік берді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары бағыттарға одан әрі бағыттау мақсатында, қаржыландырудың басым бағдарламалары бойынша бюджет қаражатын игермеу үшін жағдайлар қолдан жасалды.
Мұндай жағдай бюджеттік қолдау алудың тең, бәсекелі және әділ жағдайларын жасау жөніндегі шаралардың тиімділігін төмендетеді.
Квазимемлекеттік сектордың заңды тұлғаларының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы бюджет қаражатын мемлекеттік бақылаудан шығару үрдісі байқалды. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен ведомствоға бағынысты ұйым арасында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуды айналып өтіп, саланы дамытуға байланысты емес мақсаттарға қаражат аудару жүргізіледі. Нәтижесінде – бұлыңғыр шарттық міндеттемелер, бюджетті ұтымсыз жұмсау, жымқыру.
Бюджет процесіндегі сыбайлас жемқорлыққа бір-бірін едәуір дәрежеде қайталайтын мемлекеттік аудит органдарының төрт буынды жүйесі де ықпал етеді.
Сатып алу жүйесінің айқындығының жеткіліксіздігі
2020 жылы бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі 35%-ды құрайды, бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында 7%-ды құрайды, осылайша нарыққа айтарлықтай елеулі экономикалық әсер көрсетеді.
Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жемқорлық тартымдылығын күшейтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмыс осы салада жасалған.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу бұрынғыдай стратегиялық емес, басқарушылық функция болып саналады.
Мемлекеттік сатып алудың құқықтық базасының, әртүрлі платформалары мен сайттарының бытыраңқылығы қаражаттың бір көзі – мемлекет бюджетіне қарамастан, бірыңғай іске асыру тәсілінің және осы саланы дамытудың жалпы стратегиясының болмауының салдары болып табылады.
Мұндай жағдайда сатып алу бағасын жасанды түрде көтеру фактілері кең таралған.
Жабдықтаушыларды іріктеудің ресми тәсілі түбегейлі өзгерген жоқ. Бір көзден алу тәсілімен тікелей сатып алу үлесі әлі де жоғары (2018-2020 жылдары орташа алғанда, 54%).
Жабдықтаушының әлеуетін бағалау мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде жабдықтаушының қосалқы мердігерлермен шарттар жасасуының ашық болмауына байланысты, үнемі объективті бола бермейді.
Жалған актілерге қол қою кең тараған проблема болып қалып отыр. Мұның себебі тек қасақана бұзушылық қана емес, сонымен қатар бюджеттің уақтылы игерілмегені үшін тәртіптік жауапкершіліктің сөзсіз болуы. Нәтижесінде, басымдық жұмыс сапасы емес, заңның «мәжбүрлі» бұзылуы жағдайында бюджеттің ресми түрдегі орындалуы болып табылады.
Бір көзден сатып алуды қағаз форматта жүзеге асыру мүмкіндігі сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің негізсіз болуын, олардың құнын жасанды түрде көтеруді, сатып алудың таңдап алынатын тәсілін тежейтін қоғамдық мониторингті жоққа шығарады.
Мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейі
Экономикаға мемлекеттің қатысуының елеулі үлесі экономикалық қызмет субъектілері арасындағы бәсекелестікке, мықты жеке сектордың қалыптасуына кедергі келтіреді және елдің экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуін тежейді.
Мемлекеттік кәсіпорындардың ресурстарға, нарықтарға және қаржыға артықшылықпен қол жеткізуі жеке компанияларды тиімсіз жағдайға қалдырады және экономикалық әртараптандыруды, тікелей шетелдік инвестицияларды және өнімділіктің өсуін ілгерілету жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіреді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасайды.
Олардың ішкі нарықтағы үстемдігі отандық кәсіпорындардың жалпы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, бұл сыртқы нарыққа болжам жасау кезінде көрші мемлекеттерге қатысты экономикалық позициялардың жоғалуына әкеледі.
Мемлекеттік сатып алудың едәуір бөлігі мемлекет қатысатын компаниялар арасында баламасыз бөлінеді, бұл осы институтты шағын және орта бизнесті дамыту үшін пайдалану мүмкіндігін құнсыздандырады. Шамамен, барлық сатып алудың ?%-ы мемлекеттік құрылымдардың бақылауындағы компанияларға тиесілі.
Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері олардың қажеттілігін тереңнен пысықтаусыз құрылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау олардың бірқатары министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін қайталайтынын анықтады.
Сонымен қатар, жекешелендіру мен активтерді бәсекелестік ортасына берудің қолданыстағы тетігі мүдделер қақтығысын теріске шығармайды және объектілерді кепілдік жарнадан төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік береді.
Тиісті ұсыныстарды дайындау форматы, оның ішінде шарттарды, әдістерді, акциялар пакеттерінің мөлшерін, сату мерзімдерін және объектілерді сату алдындағы дайындықты анықтау осыпроцестің ашықтығын қамтамасыз етпейді.
Азаматтық қоғам институттарының мемлекетпен сындарлы өзара іс-қимылы тетіктерінің жетілдірілмегендігі
Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің тәжірибесі оны барынша азайтудың басты шарты азаматтық қоғамның кеңінен тартылуы болып табылатынын растайды.
Сонымен қатар, Қазақстанда қоғамдық бақылау институты жеткілікті құқықтық тұрғыдан регламенттелмеген.
«Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдар азаматтық қоғам институттарының мемлекетпен өзара іс-қимылының практикалық тетіктерін жеткілікті түрде нақтыламайды.
Іс жүзінде қоғамдық кеңестер құрамының формальды түрде қалыптасу және соның салдары ретінде олардың мемлекеттік органдар қызметінде тиімді қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге ықпалын төмендету тәуекелдері жоққа шығарылмайды.
Қоғамдық бақылауды жүргізудің құқықтық мәдениетінің қазіргі деңгейінде бақылаусыз және жаппай «қоғамдық тексерулер» мен пайдакүнемдік мақсатта теріс пайдалану тәуекелдері туындайды.
Сонымен қатар, деректердің жабықтығы азаматтардың шешім қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігін шектейді, ал қолжетімді ақпараттың мәні түсіну үшін күрделі және формальды болып табылады.
Бұл тәсіл пікірлердің плюрализмін шектейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаудың салдары және бюрократияландырылған хабарлау тәсілдері туралы азаматтардың қауіптенуі олардың сыбайлас жемқорларды анықтау мен әшкерелеудегі белсенділігін тежейді.
Қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кепілдіктері көзделмеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін мониторингтеудің жетілдірілмеген жүйесі
Барлық субъектілер, салалар мен аумақтар бөлінісінде қажетті дерекқорларды біріктіре отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың бірыңғай ұлттық жария жүйесі жоқ.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлігінде өлшенетін нысаналы көрсеткіштердің түпкілікті, негізделген, түсінікті және тұрақты тізбесі жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар мониторингі әлеуметтік өлшемдердің тұрақты және ашық әдіснамасына негізделмейді.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибені шолу
Озық шетелдік практикалардың халықаралық тәжірибесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл үшін көптеген факторлар мен элементтерді кешенді түрде үйлестіруді көздейтін жүйелі тәсіл қажет екендігін көрсетеді. Бұл ретте институционалдық тетіктер мен құқықтық құралдарды дамыту, қоғамдық хабардарлықты және азаматтық қоғамның тартылуын арттыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Қоғамдық кең қолдауынсыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігер сәтсіздікке ұшырайды. Бұл тұрғыда тиісті мәдениетті қалыптастыруға маңызды орын беріледі. Сондықтан Доха декларациясында білім берудің қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңға бағыну мәдениетін құрудағы рөлі баса айтылған.
Ең дамыған елдердің тәжірибесі ақпаратқа кеңінен қол жеткізуді, шешімдер қабылдау процестерінің айқындығын қамтамасыз ету және қоғамдық қатысу тетіктерін құрудың сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға елеулі дәрежеде ықпал ететінін көрсетеді.
Мысалға, мемлекеттік шығыстар туралы ақпараттың қолжетімділігі мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып табылады. Бюджет туралы ең егжей-тегжейлі ақпарат Оңтүстік Корея, Бразилия, Украина және АҚШ порталдарында бар.
Тағы бір мысал – Грузияның электрондық сатып алу жүйесі, онда стандарттық функционалмен қатар, онлайн сұрақтар қою және конкурстық парақшада жауаптарды жария түрде ұсыну, тендерлік процестің кез келген кезеңінде талап-арыз беру, сондай-ақ тендер бойынша тәуекелдерді цифрлық форматта анықтау мүмкіндігі көзделген.
Ашық ақпараттың болуы журналистік зерттеулер жүргізу үшін де жағдай жасайды. Бұл тәжірибе Швецияда, Ұлыбританияда, Францияда және басқа да Еуропа елдерінде кең таралған.
Дүниежүзілік банктің тарту құралы қызығушылық тудырады. Интегрити Эпп (Integrity App) қосымшасы азаматтарға алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа байланысты проблемалар туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Оның пайдаланушылары, мысалға, құрылысы аяқталмаған мектептің фотосуреттерін, пара сұраудың аудио жазбасын немесе кез келген басқа файлды немесе құжатты жібере алады.
Цифрландыру әкімшілік кедергілерді азайтудың, дискрецияны қысқартудың және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырудың маңызды факторы болып табылады.
Эстонияда мемлекеттік деректер базасында экономикалық статистика мен сот архивтерінен бастап медициналық карталар мен азаматтардың шағымдарына дейін барлығы бар. Сонымен қатар, кез келген әрекет жүйенің тарихында өз ізін қалдырады, бұл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және қысқа мерзімде бұзушыны табуға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлықты азайтады. Одан басқа, шенеуніктер мен азаматтардың өзара іс-қимылы мүлдем жоқ немесе жойылған.
Оңтүстік Кореяда ЮНИ-ПАСС (UNIPASS) кедендік ресімдеудің электрондық жүйесі енгізілді, ол кеден қызметкерлері мен көрсетілетін қызметті алушылардың арасындағы жеке байланыстарды қысқарту есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетті.
ЭЫДҰ мен ГРЕКО мемлекеттік қызметтегі әдеп және парасаттылық мәселелеріне аса мән береді.
Аталған ұйымдар көрсетілген барлық елдерінде мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін олардың сақталуын мониторингтеудің пәрменді тетіктерін көздейтін әдеп кодекстері енгізілген.
Бұдан бөлек, Австралияда, Венгрияда, Молдовада, Румынияда және АҚШ-та полицияда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және анықтау үшін парасаттылықты тексеру сәтті пайдаланылады. Ол полиция қызметкері білмейтін сыбайлас жемқорлық мінез-құлқын анықтау мақсатында үлгіленген жағдайды білдіреді.
Жеке мүдделерді декларациялау, ден қою және жауапкершілік шараларын қамтитын мүдделер қақтығысын реттеу де маңызды алдын алу тетігі болып табылады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы реттеудің ажырамас бөлігі «айналмалы есік» қағидатына қарсы іс-қимыл болып табылады. Бұл ретте термин қызметкерлердің мемлекеттік сектордан жеке секторға ауысуын білдіреді.
Мәселен, Норвегияда мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік құрылымдарға және бизнесмендерге билік құрылымдарына көшу үшін жарты жылға дейінгі мерзімге «карантин» қағидалары қолданылады. Осындай шаралар АҚШ, Франция, Германия, Испания, Латвия және басқа да бірқатар елдерде қолданылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың тиімділігі оған қолжетімді деректерге тікелей байланысты. Мәселен, Сингапурда, Гонконгта, Сербияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарға өз функцияларын орындау мақсатында электрондық деректер базаларына кең қолжетімділік және банктерден және өзге де қаржы мекемелерінен лауазымды тұлғалардың келісімінсіз олардың шоттары мен қаржы қаражаты туралы ақпарат сұрату құқығы берілген.
Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) құзыретті органдарды заңды тұлғалардың бенефициарлық меншігі туралы жеткілікті, нақты және уақтылы ақпаратты алу немесе уақтылы қол жеткізу мүмкіндігімен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтеді.
Осыны ескере отырып, 2016 жылдан бастап Ұлыбританияда компанияны «Елеулі бақылауға ие» тұлғалардың тізілімі (Register of people with Significant Control) енгізілді, олар капиталдың 25%-дан астамын тікелей немесе жанама иеленетін немесе компанияны басқаруды бақылауға не оған ықпал етуге тікелей, жанама мүмкіндігі бар адамдарды білдіреді.
Бизнестің парасатты мінез-құлқын көтермелеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті тренд болып табылады. Шығыс Еуропа елдерінде өнімдерін, көрсетілетін қызметтерін және маркетингтік материалдарын «Мөлдір толқын» («Clear Wave») ашық бизнес-таңбалау бастамасы іске асырылды. Бұл белгі іскерлік әдептің, айқындықтың, жауапкершілік пен тұрақтылықтың символы болып табылады.
Сондай-ақ, бизнестің мінез-құлық стандарттары белгіленетін парасаттылық туралы пактілер жасасу тәжірибесі қолданылады. Көп жағдайда олар нақты ашық мемлекеттік конкурсқа немесе ірі жобаларға арналған тендерге байланысты.
Халықаралық деңгейде өндіруші салалардың айқындығы (EITI) және құрылыс секторының айқындығы (CoST) бастамалары парасаттылық туралы белгілі пактілер болып табылады.
Жалпы алғанда, озық практикаларды талдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың мынадай үрдістері мен перспективаларын айқындауға мүмкіндік береді:
4-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту пайымы
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге және халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын саналы түрде қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді көздейді.
Қол жеткізілген нәтижелерді, халықаралық стандарттарды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды ескеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты дамыту жалғастырылатын болады.
Тиісті шаралар мен нысаналы көрсеткіштер елдің стратегиялық құжаттары – Орнықты даму мақсаттарының 2030 жылға дейінгі ұлттық индикаторлары, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары, Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасы және басқаларда көзделген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мақсаттар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 45 баллға, 2030 жылға қарай 55 баллға қол жеткізу болып айқындалды.
Аталған көрсеткіштер сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды ғана емес, саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды бағалауды қамтитынын ескере отырып, оларға қол жеткізу жөніндегі жұмысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілері тартылатын болады.
Осы тұжырымдаманы іске асыру ұлттық жобаларды; мемлекеттік органдардың даму жоспарларын; облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын; ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын; заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді орындау арқылы жүзеге асырылатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген шаралар сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, әсіресе «тұрмыстық» жемқорлықты кешенді жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды кеңінен тартуға бағытталатын болады.
Сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, тәрбиелік және білім беру шараларын жүйелеу, мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық өкілдерін парасатты мінез-құлыққа ынталандыру арқылы қол жеткізілетін болады.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, оның ішінде олардың нақты үлесін бағалаудың жария жүйесін енгізу арқылы неғұрлым мүдделі және белсенді болады.
Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлықты экономикалық және бедел жағынан тиімсіз ету бойынша жағдайлар жасауға бағытталған.
5-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат:
1) баршаның заң алдындағы теңдігі және әділдік;
2) жариялылық, айқындық және қоғамға есеп беру;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын кешенді пайдалану;
4) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдығы;
5) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;
6) тиімділік пен нәтижелілік;
7) сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінде оны қабылдамау;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау;
9) жауапкершіліктің бұлтартпастығы;
10) сапалы цифрлық трансформация қағидаттарына негізделеді.
Сыбайлас жемқорлықтың тиімді алдын алу және оны жою мақсатында, мынадай міндеттерді іске асыру қажет:
1) парасатты қоғам қалыптастыру;
2) сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін болдырмау;
3) жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды тарту;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.
1-міндет. Парасатты қоғам қалыптастыру
Құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру
Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық пайымына айналуға тиіс.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің тұжырымдамалық негізі және драйвері болуға тиіс.
Қоғам сыбайлас жемқорлықты мәселелерді оңайлатылған шешудің кепілі ретінде қабылдамауға, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастырмауға тиіс.
Адамның сыбайлас жемқорлық іс-әрекет жасауын немесе жасамауын таңдауы жазаның ауырлығымен және қылмыс жасаудан күтілетін пайдамен салыстырылмауға тиіс. Жемқорлар қоғамдық айыптауға ұшырауы керек.
Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған елдік коммуникациялық стратегияны қабылдау қоғамдық сананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы эволюциясында негізгі рөл атқаруға тиіс.
Құқықтық актілерді түсінікті және қысқаша тілде түсіндіре отырып, сондай-ақ цифрлық шешімдерді, оның ішінде белгілі бір өмірлік жағдайлар мен заңды фактілер бойынша автоматтандырылған хабарламаларды қолдана отырып, азаматтарды олардың құқықтары туралы нақты хабардар етуді дамыту қажет.
Ауқымды түсіндіру жұмыстары азаматтарды мәселелерді шешудің заңсыз тәсілдерін іздеу қажеттілігінен қорғауға мүмкіндік береді.
Тәрбие және білім беру шараларын жүйелеу
Парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу маңызды рөл атқарады.
Табыстың негізгі факторы тұлғаның қалыптасуының барлық кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды дарыту болып табылады.
Осы орайда отбасы институтын оның сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы әлеуеті призмасы арқылы нығайту керек.
Сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілікті» дарытуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады.
Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптарын білім беру жүйесіне қосу керек. Баланы мектепке дейінгіден бастап әр түрлі жас кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біліммен алып жүру қажет.
Бұл жұмыста әлемнің дамыған елдерінде кең таралған академиялық адалдық пәрменді құралға айналуға тиіс.
Осылайша, сыбайлас жемқорлықтан «иммунитеті» мықты азаматтардың жаңа ұрпағы қалыптастырылатын болады.
Мемлекеттік аппараттың парасаттылығы
ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары айқындық, әдептілік және сатылмаушылық болып табылады.
Азаматтардың билік органдарына сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің оң имиджін, оның ішінде адал, лайықты мемлекеттік қызметшілер мысалдарын кеңінен жария ету арқылы нығайту мәселелеріне баса назар аудару қажет.
Сондай-ақ қызметке тұру және біліктілігін арттыру кезінде міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту қажет.
Мемлекеттік аппараттың «тазалығын» қамтамасыз ету үшін лауазымдық міндеттері жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен ұштасатын қызметшілерді анықтау және олармен жұмыс істеу жөнінде шаралар әзірлеу қажет.
Сатылмаушылықтың тағы бір маңызды элементі – мүдделер қақтығысын реттеу. Бұл үшін мүдделер қақтығысын анықтау мен реттеуді, оны бұзғаны үшін жауапкершіліктің пәрменді шараларын қолдана отырып, сондай-ақ жұмысқа орналастыру алдында және мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін, «басылу» қағидатын егжей-тегжейлі реттеу қажет.
Мүдделік қолдау қызметінің айқын шекараларын заңнамалық айқындау, Парламент пен мәслихаттар депутаттарының әдеп кодекстерін қабылдау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жергілікті атқарушы органдарда әкімдердің сайланбалылығын дамыта отырып, тиісті процестердің ашықтығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Жұмыстағы ақталмайтын әуре-сарсаңды азайту, құзыреттілік қағидаты бойынша ротация, қызметке кіру және мемлекеттік қызметшілердің сыртқы экономикалық мүдделерін бақылау қажетті қадамдар болып табылады.
Оның орнына қызметшілердің өздерін ынталандыру қажет. Бұл тұрғыда, әркімнің салымын дербестендіру қағидаты бойынша бәсекеге қабілетті еңбекақы мен әлеуметтік пакетті қамтамасыз етудің маңызы зор.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасалған жағдайда, әлеуметтік артықшылықтардан айыру және жұмсалған қаражатты өтеу тетіктерін көздей отырып, олардың жауапкершілігін арттырған жөн.
Осындай шаралардың нәтижесінде мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық тәуекелдері материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптастырылуға тиіс.
Парасатты бизнес
Жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау шеңберінде бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен комплаенс енгізуге ынталандыру өзекті болып табылады.
Заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту және экономикалық және беделді ынталандыру арқылы адал бизнесті көтермелеу шараларының жиынтығы үлкен әсер етеді.
Бұл халықаралық аренада танылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты имплементациялаудың нәтижесі болуға тиіс.
Оның құрамдас бөлігі ретінде ұйымдар мен олардың персоналының қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу жөніндегі нақты шараларды қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ішкі бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру практикасын енгізу қажет.
Осы бағдарламалардың тиімділігі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің құзыретін кеңейту қажет.
Қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық негіздеріне оқытудың үздіксіз процесін белгілеу керек.
Контрагенттермен өзара іс-қимыл жасау кезіндегі тағы бір алдын алу шарасы шартқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпені енгізу болып табылады. Тараптар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы уақтылы хабардар етуге, олардың болуын растай немесе жоққа шығара отырып, тиісті тексерулер жүргізуге міндеттенеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпе өзінің мазмұны бойынша тараптардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеуді және олардың алдын алу бойынша ақылға қонымды шаралар қабылдауға дайын екендігін өзара түсінуіне бағытталған.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында тиісті білім беру бағдарламаларын енгізе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мамандарының нарығын дамыту қажет.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің мүдделерін қорғаумен қатар, оның ашықтығы мен сатылмайтындығы үшін жауапкершіліктің өз үлесін алуға және корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
Осы арнада компаниялардың бенефициарлық меншік иелерінің ашықтығын және парасатты бизнестің «ақпараттық портретін» қамтамасыз ететін бизнес-тізілімді құру қажет.
Жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан қаржылық процестер үшін «сыбайлас жемқорлық индикаторлары» жүйесін және оларды анықтау алгоритмдерін әзірлеу қажет. Корпоративтік сыбайлас жемқорлық белгілерінің болуы қосымша терең талдау үшін негіз береді.
Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралдар контрагенттердің адалдығын бағалау (due diligence) және ықтимал сыбайлас жемқорлық мәмілелердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудиті болып табылады.
Ұсынылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдарды қолдану нәтижелері ұсынымдық сипатта болуға және бизнесті жүргізудің, мемлекеттік құрылымдар мен квазимемлекеттік сектордың қаржылық операцияларды жүзеге асыруының белгіленген стандарттары мен қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс.
2-міндет. Сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін болдырмау
Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және мемлекеттік сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайту
Ұтымсыз капитал салымдарын, әсіресе, мемлекеттік секторда, жою мақсатында бюджеттік құюды көздейтін жобалардың экономикалық негізділігін бағалау тетігі қайта қаралатын болады.
Блоктық бюджетті және «бір қол қою» ережесін енгізу жаңа бюджеттік қағидаларды, бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін қабылдаумен сүйемелденетін болады.
Бұл шешімдердің жеделдігін, мемлекеттік саяси қызметшілердің жауапкершілігін және қаржыны басқарудың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бюджет процесінде қаржылық мерзімдерден жобалық мерзімдерге көшу керек. Бұл күнтізбелік жылдың соңында орындалған жұмыстардың актілеріне асығыс қол қоюды және осыған байланысты заңды бұзуды болдырмауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы бар шығыстар бойынша бюджеттік ақпарат жария ақпаратқа айналады және міндетті қоғамдық сараптама арқылы, оның ішінде онлайн-сауалнамалар қолданыла отырып өтетін болады. Мемлекеттік бюджет және Ұлттық қор есебінен іске асырылатын бағдарламаларға тиімді қоғамдық мониторинг енгізіледі.
Бюджет қаражатының қанша бөлігі түпкілікті алушыларға жететіні туралы мәліметтердің ашықтығы әлеуметтік сектордағы реформаларға серпін береді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
Жобаларды қаржыландыру нысаналы көрсеткіштер мен мемлекеттік инвестициялаудың өлшенетін нәтижелері болған кезде ғана жүзеге асырылатын болады, бұл индикаторлардың тұтастай елдің немесе нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін болжай отырып, оларды есептеу әдістемесін қалыптастыруды талап етеді.
Бағалау халықтың өмір сүру сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық факторларының болуы призмасы арқылы жүргізіледі. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар салаларды жан басына қаржыландыруды көздейтін «ақша адамның соңынан ереді» қағидатын іске асыру негізге алынатын болады.
Сонымен қатар, шынайы мақсаттар мен индикаторларды қою үшін, сондай-ақ тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуді мониторингтеу үшін сандық (статистикалық деректер) және сапалық (әлеуметтік зерттеулер, сұрау салулар) нығайтылған айқын анықтамалық ақпараттың болуы қажет.
Осыған байланысты уәкілетті орган статистикалық деректерді қалыптастыру тәртібінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету жөнінде, оны бастапқы көзден жинаудың көне тәсілдерін қоспағанда, қосымша шаралар қабылдайды.
Мемлекеттік қаржылық қолдауға тек сенімді және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік субъектілері ғана жататын болады.
Тиісті тетіктерді тұрақтандыру шеңберінде бюджеттік субсидиялау, кредит беру және гранттар беру тәртібін бекіту бойынша Үкіметтің ерекше құзыретін белгілеу талап етіледі.
Осы саланы тексеру сонымен қатар бағдарламалық және стратегиялық құжаттардың басымдықтарымен келіспейтін, мақсаттары қайталанатын, сондай-ақ экономикалық және/немесе әлеуметтік әсерді қамтамасыз етпейтін бағыттарды жоя отырып, мемлекеттік қолдау түрлерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Субсидиялар мен гранттар ретінде бөлінген қаржы қаражаты игерілмеген жағдайда, оларды қайта бөлуге заңнамалық түрде тыйым салу қажет. Олардың бюджетке қайтарылуы қамтамасыз етілетін болады. Бұл шаралар мемлекеттік сектордың болжамды қызметінің, «сценарийлік» жоспарлауды ұйымдастырудың және бюджет қаражатын мақсатты пайдаланудың деңгейін арттырады.
Мемлекеттік қолдау элементтерін бөлуді автоматтандыру нәтижесі мемлекет бақылайтын әмбебап порталға тиісті электрондық инфрақұрылымды біріктіретін бірыңғай IT-платформаны қалыптастыру болады.
Адамның қатысуы және «face-to-face» байланыстар деректерді жинау, өңдеу және сақтау, сондай-ақ алушылардың қойылатын критерийлерге сәйкестігін бағалау кезінде іске қосылған ақпараттық ресурстарды интеграциялау кезінде барынша азайтылатын болады.
Бюджеттік қаражат бенефициарларының жария тізілімін енгізу жеке мемлекеттік қолдау алушыны қадағалауға мүмкіндік береді және мүдделер қақтығысын барынша азайта отырып, оның нысаналы пайдаланылуын едәуір арттырады.
Мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару әдіснамасын әзірлеу талап етіледі.
Әлеуетті адресаттар бюджеттік қолдау түрлері және оны алу мерзімдері туралы дұрыс және уақтылы ақпарат алады. Растайтын мәліметтердің сөзсіз объективтілігі жағдайында, оны бөлудің «проактивті» форматы енгізілетін болады.
Бюджет саясатының ашықтығына қол жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік қаржыны басқару, көрсетілетін қызметтер процестерін біріктіру талап етіледі.
Бюджет қаражатын «ақшаны бояу» қағидаты бойынша бөлінген сәттен бастап игерілгенге дейін сүйемелдеуді енгізу олардың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмайды.
Бір көзден сатып алу үлесін қысқартуға олардың орындылығы тұрғысынан, әсіресе, зияткерлік меншік объектілері және ерекше тәртіппен өткізілетін сатып алу бойынша құқықтық негіздерді қайта қарау ықпал ететін болады.
Тауарлардың нарықтық құны бағдар болатын орташа сату бағасын (bench marking) анықтау сатып алу жүйесін тиімді ұйымдастыруға негіз болады.
Мемлекеттік кәсіпорындар (ұлттық холдингтер) үшін монополиялық жеңілдіктер мен ерекшеліктер тізбесін оңтайландыру сатып алу рәсімдері тиімділігінің және бағалардың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне алып келеді.
Таза бәсекелестіктің өсуі кезінде ұйымдастырылған тауар нарығын дамытуға биржалық сауда шектерінің кеңеюі біртекті және оңай ауыстырылатын тауарларға әсер етеді.
Барлық қолданыстағы қағидаларды кодификациялау және мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуы үшін бірыңғай талаптарды белгілеу осы саланы реттеудегі біріздендірілген тәсілді қамтамасыз етеді.
Көрсетілген шаралар бюджет қаражатын үнемдеумен, экономика дамуының мультипликативтік әсерімен қатар, сатып алу процесіне қатысушылардың шағымдарының санын қысқартуға және басқару қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында функциялардың қайталануын жойып және олардың тәуелсіздігін күшейтіп, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесі оңтайландырылады.
Мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету
Мемлекеттік компаниялардың сатып алудағы үлесін қысқарту мемлекеттік саясаттың негіз қалаушы қағидаттарының біріне айналады.
Мемлекеттік сектор қызметіне кешенді функционалдық талдауды жалғастыру өзіне тән емес функцияларды анықтауға және кейіннен оларды бәсекелес ортаға беру үшін мүмкіндік береді.
Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін жекешелендіру туралы шешімдер қабылдау кезінде тиісті талаптар мен бақылауды күшейтудің маңызы зор. Жеке секторға өкілеттіктер беруді нәтижеге бағдарланған есептілік жүйелерін енгізумен сүйемелдеу керек.
Объектілерді мемлекеттік емес секторға беру тізбесі мен тетіктерін қайта қарау, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың әділ нарықтық құнын ескере отырып, оларды ашық жекешелендіруді қамтамасыз ету талап етіледі.
Бұл жұмыстың нәтижесі жария құқықтың заңды тұлғалар институтын енгізу болады.
Осымен қатар бәсекеге жеткіліксіз салаларды қоспағанда, мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесі бар ұйымдардың мемлекеттік қолдау (субсидия, гранттар) алуына заңнамалық деңгейде тыйым салу керек.
Сапалы цифрландыру сыбайлас жемқорлықты төмендету факторы ретінде
Цифрландыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, бірінші кезекте, азаматтың шенеунікпен тікелей байланысын және тиісінше, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын болдырмай, барлық рәсімдердің бюрократияландырылмауына және ашықтығына кепілдік береді.
Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру арқылы озық технологиялық шешімдерді одан әрі қолдану барлық салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталатын болады.
Деректердің бірыңғай ауқымына негізделген цифрлық үкіметтің жаңа архитектурасын құру азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Мемлекеттік органдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, eGov-қа жүгіну қажеттілігі болмайды, талап етілетін құжаттар автоматты түрде ұсынылатын болады.
Мемлекеттік көрсетілетін Жасырын қызметтерді алып тастау, сондай-ақ мемлекеттік емес платформалар арқылы электрондық форматты бір мезгілде кеңейте отырып, мемлекеттік қызметтер көрсетудің баламалы тәсілдерін қысқарту дәйекті қадам болады.
Мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетудің және мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін реинжинирингтеудің жүйелі шаралары Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқарудың тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылатын болады.
Нормативтік құқықтық актілер жобаларының цифрлық сараптамасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы тұрғысынан ақпараттық жүйелерді әзірлеу мен пайдалану мониторингі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейте отырып, қолма-қол ақша айналымын үдемелі қысқарту елеулі шара болмақ.
Бұл тұрғыда электрондық ұлттық валютаны дамыту перспективалы бағыт болады, ол бюджет қаражатының игерілуін қадағалау кезінде ерекше өзекті.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралдарын жетілдіру
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жою белсенділігін арттыруға сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу кезінде жариялылық ықпал ететін болады.
Сапа мен объективтілік қоғамдық кеңестерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау және ұсынымдарды іске асыру мониторингі процесіне тарту арқылы қамтамасыз етіледі.
Жобалық тәсіл шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау институтын дамыту оның тиімділігін арттыруға, дербес жауапкершілікті қамтамасыз етуге, проблемаларды кешенді шешуге және формализмнің алдын алуға мүмкіндік береді.
Көрсетілгенге сыбайлас жемқорлықтың ықтимал осалдығы туралы сигнал беретін индикаторлары бар салалық маршруттық карталарды әзірлеу ықпал ететін болады. Тәуекелдердің мұндай бейіндері сыбайлас жемқорлықтың жалпы көрінісін талқылаудан шығара отырып, мемлекеттік басқарудың нақты саласының ерекшелігін ескере отырып, нақты алдын алу шаралары үшін негіз болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдаулардың ұсынымдары құқықтық мониторинг жүргізу көздерінің тізбесіне енгізілетін болады, оның нәтижелерін мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестермен келісетін болады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама институтын, оның ішінде сарапшылық әлеуетті кеңейту арқылы одан әрі дамыту қажет.
Ғылыми тәсіл және жасанды интеллект элементтерін енгізу ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ете отырып, осы жұмыстың сапасы мен қамтылуын арттыруға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша міндетті келісуші органдардың тізбесіне енгізілетін болады.
3-міндет. Жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, сондай-ақ елде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалдың орнын толтыруда және азаматтардың құқық қорғау және сот органдарына деген сенім деңгейін арттыруда болуға тиіс.
Бұл жерде құқық үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігінің мінсіз жүйесі шешуші болуға тиіс, мұнда атқаратын қызметтері мен байланыстарына қарамастан, сыбайлас жемқорлық үшін жауаптылыққа барлық құқық бұзушылар тартылатын болады.
Бұл үшін сот билігі мен судьялардың тәуелсіздігін күшейтіп, олардың қызметінің ашықтығы мен әділдігін, олар қабылдайтын шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету маңызды.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізу де елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде пәрменді шара болады.
Осы модельде прокуратура органдарына негізгі рөл жүктелуін ескере отырып, олардың өз қатарларының принциптілігі мен «тазалығын» қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.
Құқық қорғау және сот ортасында сыбайлас жемқорлықты едәуір азайтуға парасаттылыққа тестілеу (integrity check) ықпал ететін болады. Бұл жосықсыз қызметкерлер мен судьяларды уақтылы анықтауға және жұмыстан босатуға, олардың сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен қоғамға зиян келтіруіне жол бермейді.
Бұл ретте жаңа институттың тестілеушілер тарапынан теріс пайдалануды болдырмайтын егжей-тегжейлі құқықтық тетігі айқындалатын болады. Болашақта «integrity check» әрбір мемлекеттік органда және квазимемлекеттік сектор субъектісінде табыс табуға тиіс.
Игіліктерді заңсыз алу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау үшін басты себеп болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты «тиімсіз» ететін, яғни заңсыз жиналған қаражатты пайдаланудың мүмкін еместігіне алып келетін тетіктерді енгізу керек.
Осындай құралдардың бірі шығыстар кірістерден едәуір асып кеткен кезде негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу болады.
Бұл үшін кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау институтын енгізудің пәрменділігін қамтамасыз ету үшін декларацияларды, оның ішінде электрондық жүйелер арқылы тиімді тәуекелге бағдарланған тексеру қолданылатын болады.
Бұдан басқа, жария лауазымдардың тізілімі енгізілетін болады. Осы тізімге кіретін тұлғалар және олардың жақын туыстары қаржы мониторингінің объектілері болады. Олардың ірі сатып алулары мен операциялары кейіннен тексерулермен қадағаланады.
Келесі қадам БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізін қалаушы қағидатын іске асыру-қылмыстық құқық бұзушылықтарды, әсіресе, қылмыстық кіріс алу және оны заңдастыру тәуекелдерімен ұштасқан қылмыстық активтерді іздестіруді және қайтаруды қамтамасыз ету болады.
Осы мақсатта «follow the money» қағидаты бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тиісті мамандануын және олардың уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ете отырып, міндетті қаржылық тергеуді көздеу қажет.
Виртуалды активтерді пайдалану саласында көрсетілетін қызметтер провайдерлерінің қызметін лицензиялау/тіркеу және реттеу тәртібін бекіту заңсыз кірістерді жылыстату тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тиісті көрсетілетін қызмет жабдықтаушыларының криптовалюталық транзакциялардың жөнелтушілері мен бенефициарлары туралы ақпаратты алу және жинау, сондай-ақ құзыретті органдарға аударымдарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтерді ұсыну міндетін белгілеу қажет («саяхаттау ережесі»).
Бизнес-орта да жосықсыз шенеуніктермен қатар сыбайлас жемқорлыққа мүдделі тарап болып табылады. Сараптамалық бағалауларға сәйкес, заңды тұлғалардың парадан алатын пайдасы параның өзінен он есе көп.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін міндетті шарттардың бірі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін, заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту болып табылады.
Үлкен айыппұл санкцияларын және басқа да шектеу шараларын қолдану компаниялар үшін лауазымды тұлғаларды параға сатып алуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді.
Сонымен бір мезгілде кәсіпкерлік субъектілерін лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен, оның ішінде рейдерліктен қорғау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
«Тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жүйелі шаралар тұрғысынан мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз материалдық сыйақы алғаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Бұл ретте, осы адамдарға заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершіліктің болмауы бойынша заңнамалық олқылықтың орнын толтыру қажет.
Азаматтардың құқықтарының бұзылуының алдын алу мақсатында, атқарушылық парақ келіп түскеннен бастап оны орындауға дейінгі құжаттармен жұмыс тәртібін заңнамалық түрде айқындай отырып, сондай-ақ цифрлық құралдарды пайдалана отырып, сот орындаушылары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет.
Неғұрлым тиімді және нәтижелі алдын алу тетігі мақсатында пара беру ұсынысын/уәдесін қылмыстандыру қажет, бұл халықаралық ұсынымдарға да сәйкес келеді.
Сонымен қатар, пайдакүнемдік мақсатта (ықпал саудасы) ықпал етуді теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізу мәселесі зерделеуді талап етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимылда елеулі прогреске қол жеткізу және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін, Қазақстан халықаралық құқықтық құралдар - Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауаптылық туралы конвенциясын және халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды адамдарды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының конвенциясын ратификациялауға тиіс.
4-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды тарту
Қоғамдық бақылау институтын дамыту
Азаматтық қоғамның пікірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауда «лакмус қағазы» болуға тиіс.
Қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктері қоғамдық кеңестердің қызметімен шектелмей, парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға барлық ниет білдірушілердің қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс,
Осы бағытта «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы маңызды болып табылады, ол мемлекеттік бақылауға балама ретінде осы институт үшін айқын нұсқалар береді.
Азаматтық қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимыл процестерін олардың бюджет процесіне қатысуы, мемлекеттік сатып алу мониторингі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау, қандай да бір саладағы немесе өңірдегі неғұрлым проблемалық, өткір мәселелерді айқындау арқылы жетілдіру қажет.
Мемлекеттік органдардың шешімдері туралы ақпараттың жариялылығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалогқа жәрдемдесетін болады және халықтың шенеуніктермен артық байланыс жасау қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпарат беруіндегі бытыраңқылық пен көп алалаушылықты жойған жөн.
Пәрменді кері байланыс үшін азаматтар үшін өзекті әрі түсінікті деректерді орналастыра отырып, мемлекеттік органдардың жария ақпараттық ресурстарын оңайлатуды қамтамасыз ету қажет.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қоғамдық кеңестерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлін күшейту бөлігіндегі функцияларын объективті түрде қайта қарауды талап етеді.
Қоғамдық бақылау субъектілері үшін олардың мінез-құлқының негізгі әдеп стандарттары белгіленуге тиіс.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшыларының есеп беруін күшейтуге оларды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің тыңдауы ықпал ететін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты арттырудың тағы бір құралы халықаралық стандарттарға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы дәйекті ырықтандыру болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға журналистер мен дәстүрлі емес бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарту қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал ететін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесінде заңнамалық шектерді белгілей және журналистердің құқықтарын қорғауға кепілдік бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы журналистік тергеу институтын енгізу керек.
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға қатысуын ынталандыру үшін, олар туралы хабарлаудың қолданыстағы тетіктері дамитын болады.
Қоғамдық санада дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды. Сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениеті жеткізушілікпен байланысты болмауға тиіс.
Азаматтарға сыбайлас жемқорлық фактілері туралы цифрлық коммуникацияның оңайлатылған тәсілдері арқылы хабарлау мүмкіндігі берілуге тиіс.
Бұл ретте бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша қоғамдық резонанс тудыратын сигналдарға ерекше назар аудару қажет.
Мұндай кең пікір бюджет қаражатын теріс пайдалану және тиімсіз пайдалану фактілерінің алдын алу жағдайында көтермелеу үшін негіз болуға тиіс.
ЭЫДҰ және ГРЕКО ұсынымдарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін заңнамалық деңгейде енгізу талап етіледі.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабардар ету деңгейін арттыру үшін ақпарат берушілердің еңбек құқықтарын жұмыс орнындағы қудалаулар мен қысымшылықтардан қорғап, оларды қорғау жөніндегі шараларды бекіту керек.
Арыз беруші туралы және оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көрсеткен жәрдемдесуі туралы ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізе отырып, оның құпиялылығына кепілдік берілуге тиіс.
Егер ақпарат берушілердің сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлары заңмен қорғалатын ақпаратты жария етумен байланысты болса, оларды жауапкершіліктен босату мүмкіндігін көздеу керек.
5-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты объективті бағалау және превенцияның барабар шараларын қабылдау үшін мониторингтің тұтас жүйесі қажет.
Енгізілетін жобалық тәсілді ескере отырып, ол объективтілік және жариялылық қағидаттарына негізделетін болады және нақты уақыт режимінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ахуалды көрсететін индикатор болады.
Мұндай құрал азаматтардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы басқарушылық шешімдерді әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл жүйе мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жұмысын азаматтардың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға ынталандыра отырып, рейтингтік бағалау көзі болады.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін әлеуметтік өлшеулерді дамыту мәселесі, осындай зерттеулердің нәтижелеріне, оларды жүргізу тәсілдері мен әдістеріне жұртшылықтың кеңінен қол жеткізе отырып, жеке қарауды талап етеді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықты түйсінудің ұлттық индексін қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының қаншалықты тиімді екенін түсінуге, ықпал мен өзгерістерді бағалауға және нәтижелерге сүйене отырып, іске асырылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
6-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру
Назардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ауысуы шеңберінде үлкен деректерді талдау негізінде интеграцияланған талдау құралдарын қолдану өзекті болып отыр.
Мұндай тетік жасырын заңдылықтар мен тәуекелдерінің арақатынасын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың үрдістері мен басқа да инсайдтерді белгілеуге ықпал ететін болады.
Мемлекеттік органдардың бытыраңқы жүйелерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі деректер мониторингін қамтамасыз ете отырып, бірыңғай тұғырнамаға интеграциялау сапалы шешім болады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық алғышарттарының бар екендігі туралы сигналдары бұдан кейінгі ден қою шараларын қабылдау үшін ауқымды деректерді талдау шеңберінде пайдаланылуға тиіс.
1424 Call-орталығы кадрлық және техникалық аспектілерде озық стандарттарға сәйкес келетін болады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерінің жұмысы мәселесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның үйлестіруші рөлін күшейту қажет.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде әдеп жөніндегі уәкілдер институтын кешенділік пен толықтығын қамтамасыз ету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуетін күшейте отырып, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тығыз коллаборация жолымен «қайта жаңғырту» қажет.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа тәсілдерінің пайда болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз сапалы арттыруды талап етеді.
Цифрлық қаржы активтерін, криптобиржаларды және басқа да цифрлық платформаларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық стандарттарды одан әрі имплементациялау мақсатында, оның ішінде ГРЕКО мен ЭЫДҰ ұсынымдарын сапалы іске асыру жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде пәндік халықаралық ынтымақтастық жалғасатын болады.
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер
Күтілетін нәтижелер:
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру;
сыбайлас жемқорлық көріністерінің мотиваторларын және ынталандыруларын девальвациялау;
«тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықты едәуір азайту;
парасатты қоғам, мемлекеттік аппарат пен бизнесті қалыптастыру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы орта құруға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін белсенді тарту;
азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен қатысуы;
сатып алудың ашықтығы мен бәсекелестігін қоса алғанда, мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімді жүйесін құру;
сот жүйесінің ашықтығын, бейтараптығын, әділдігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету;
азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру;
экономика және мемлекеттік басқару салаларының бизнес-процестерін цифрландырудың жоғары сапасы.
Аталған нәтижелерге қол жеткізу мынадай импакт-факторларда (нысаналы индикаторларда) көрініс табады:
Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсінуау индексі бойынша – 47 баллдан төмен емес;
World Justice Project Құқық үстемдігінің индексі бойынша – 0,57 баллдан төмен емес;
Дүниежүзілік Банктің Мемлекеттік басқару тиімділігінің индексі бойынша -75 процентильден төмен емес;
The Global right to information rating (ақпаратқа құқықтың жаһандық рейтингі бойынша) – 77-орыннан төмен емес;
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Институттар» индикаторы бойынша – 48-орыннан төмен емес;
елдің ЖІӨ құрылымындағы мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін 13,9%-ға дейін және қадағаланбайтын (көлеңкелі) экономика үлесін 14%-ға дейін қысқарту;
IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша – 69,4 баллдан төмен емес;
Электрондық үкіметтің даму деңгейінің рейтингі бойынша – 25-орыннан төмен емес;
Дүниежүзілік Банктің Халықтың пікірін есепке алу және мемлекеттік органдардың есептілігі индексі бойынша (Voice and Accountability) – 53 процентильден төмен емес;
әлеуметтік зерттеулермен өлшенетін халықтың мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау және сот органдарына сенім деңгейін нығайту;
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Сот жүйесінің тәуелсіздігі» индикаторы бойынша – 60-орыннан төмен емес;
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Полиция қызметтерінің сенімділігі» индикаторы бойынша – 70-орыннан төмен емес.