GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Лого
Меню
Страницы
Басқарма туралы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
Алматы қаласы аумағында сәулет және қала құрылысы қызметі саласы
01 октября 2026
Алматыдағы жаңа құрылыс талаптары: Заманауи сәулет, инфрақұрылым және қала келбетін сақтау

Алматы – еліміздің қаржылық әрі мәдени тамыры тереңге жайылған бірегей шаһары. Алатаудың бөктерінде орын тепкен қаланың өзіндік сәулеттік сипаты мен тарихи қолтаңбасы бар. Бүгінде мегаполистің жедел өсуі қала құрылысы мен сәулет саласына мүлдем жаңа әрі қатаң талаптар қойып отыр. Қазіргі таңда кез келген жаңа нысанды салу – жалаң ғимарат көтеру емес, тұтас бір ауданның болашақ инфрақұрылымын ескеретін кешенді үдеріске айналды.

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлімсейтовтің айтуынша, басты міндет – жаңа құрылыстарды оқшауламай, бекітілген қала құрылысы құжаттарына және аумақтың мүмкіндіктеріне сай жобалау.

Жобаларды сараптау кезінде Бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ), қызыл сызықтар, құрылыс тығыздығы мен биіктік шектеулері негізге алынады. Бұдан бөлек, сейсмикалық қауіпсіздік, инженерлік желілердің қуаты, жол өткізгіштігі, әлеуметтік нысандардың жеткіліктілігі мен дизайн-код талаптары жіті тексеріледі.

1. Тұрғын үй кешендерін жобалауға қойылатын негізгі талаптар

Басты шарт – жобаның бекітілген қала құрылысы регламентіне толық сай келуі. Жер телімінің мақсаты, қабаттылығы, жол қатынасы, инженерлік желілерге қосылуы мен абаттандырылуы Бас жоспар мен сәулет-жоспарлау тапсырмасына (СЖТ) қайшы келмеуі тиіс.

Құрылыс кодексіне сәйкес, жобалауда санитариялық, экологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары сақталуы міндетті. Алматы үшін ең маңыздысы – сейсмикалық төзімділік, тарихи құрылыстарды қорғау және табиғи ландшафтты сақтау. Яғни, құрылыс салушы бос жерге ғимарат тұрғыза сала алмайды, нысанның сол ортаға сай келуі кешенді түрде бағаланады.

2. Инфрақұрылымға түсетін жүктеме қалай есептеледі?

Бұл мәселе аумақты жоспарлау кезеңінде-ақ шешіледі. ЕЖЖ аясында мектептер, балабақшалар, саябақтар мен жол-көлік желілері үшін жер телімдері алдын ала резервтелуі тиіс.

Түсетін жүктемені есептеу кезінде тұрғындардың болжамды саны, жолдар мен желілердің өткізгіштігі ескеріледі. Қолданыстағы қала құрылысы қағидалары бойынша, жаңа құрылыс аумағындағы әрбір 1000 тұрғынға:

  • Балабақшадан кемінде 100 орын,
  • Мектептен кемінде 180 орын қарастырылуы тиіс.

Сонымен қатар емханалық-амбулаториялық ұйымдардың жаяу қашықтықта болуы міндеттеледі.

3. Биіктік пен құрылыс тығыздығына қойылған шектеулер

Қалада барлық ауданға ортақ бірыңғай қабаттылық жоқ. Барлығы функционалдық аймаққа байланысты. 2025 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілген Қала құрылысы регламенті әр аймақтың параметрлерін нақты айқындап берген.

Арнайы шектеулер қойылған аумақтар:

  • Абай мен әл-Фараби даңғылдары аралығында: Бірегей нысандарды есептемегенде, ғимараттар 9 қабаттан және 35 метрден аспауы тиіс.
  • Тау бөктері мен оңтүстік аймақтарда (Талғар трактісінен, ШОАЖ, әл-Фараби, Саин көшесінен оңтүстікке қарай және Жандосов көшесінің белгілі бір бөлігінде): Негізінен цокольды қабатты қосқанда 3 қабаттан және 12 метрден аспайтын құрылысқа рұқсат етіледі (әлеуметтік және мәдени нысандарға бөлек параметрлер қарастырылған).

Ғимараттың биіктігін салушы өз бетінше шешпейді, ол аумақтың ресми қала құрылысы мәртебесімен айқындалады.

4. Бас жоспардың ықпалы қандай?

2040 жылға дейінгі Алматының Бас жоспары ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 3 мамырдағы №349 қаулысымен бекітілген. Бұл – қала дамуының басты стратегиялық құжаты.

Жер телімінің жеке меншікте болуы онда автоматты түрде көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға құқық бермейді. Егер ол жер Бас жоспарда рекреациялық немесе басқа зона ретінде белгіленсе, онда тұрғын үй салуға тыйым салынады.

5. Сәулеттік келбет пен дизайн-код

Жобаларды келісу кезінде ғимараттың Іле Алатауы панорамасын жауып қалмауы, қаланың бірегей силуэтіне нұқсан келтірмеуі тексеріледі. Тарихи ортада бұрыннан қалыптасқан масштабы мен пропорциясы сақталуы тиіс.

Жаңа Құрылыс кодексінде дизайн-код ұғымы заңнамалық түрде бекітілді. Бұл – қасбеттерге, жарықтандыруға, көгалдандыруға, қоршаулар мен шағын сәулет нысандарына қойылатын бірыңғай эстетикалық талаптар кешені. Жаңа ғимарат қалалық ортамен толық үйлесуі керек.

6. Абаттандыру және аула аумақтары

Абаттандыру – құрылыс біткенде ойласатын шаруа емес, жобаның ажырамас бөлігі. Қалалық нормативтер бойынша бір тұрғынға кемінде 10 шаршы метр аула аумағы есептеледі.

Бұл аумаққа балалар мен спорт алаңдары, демалыс орындары, жасыл желектер мен автотұрақтар кіреді. Тағы бір маңызды талап – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта құру. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары толық аяқталмайынша, тұрғын үй кешені пайдалануға қабылданбайды.

7. Нүктелік және заңсыз құрылыспен күрес

Заңсыз құрылыстың алдын алу бірнеше деңгейде жүзеге асады:

  1. Жоспарлау кезеңі: Сәулет басқармасы СЖТ беру және эскиздік жобаны келісу кезінде жобаның Бас жоспарға сайлығын тексереді.
  2. Бақылау кезеңі: Құрылыс барысын және оның сапасын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (ГАСК) тікелей қадағалайды.

Алматының жаңа құрылыс қағидалары аулалар мен жасыл аймақтарды заңсыз басып алуға және тығыз құрылыс жүргізуге жол бермейді.

Алматыны дамытудың қазіргі басты концепциясы – кешенді құрылыс. Шаһарда бой көтеретін кез келген жаңа тұрғын үй тұрғындарға жайлы, әлеуметтік инфрақұрылымы толық, экологиялық әрі сейсмикалық жағынан қауіпсіз орта сыйлауы тиіс. Сәулет және қала құрылысы басқармасы өз құзыреті шегінде ретсіз құрылысқа жол бермей, мегаполистің үйлесімді дамуын бақылауда ұстайды.

30 сентября 2026
Алматыда заңсыз жарнама құрылымдарын алып тастау жұмыстары жалғасып жатыр


Алматыда сыртқы жарнама нысандарын белгіленген талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері айтты.

Мониторинг барысында сыртқы көрнекі жарнаманы орналастыру қағидаларына сәйкес келмейтін, заңсыз орнатылған құрылымдар анықталады. Мұндай нысандардың иелеріне заң бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда жарнама құрылымдары алынып тасталады.

«Қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп, көшелердің көркін бұзатын, сондай-ақ жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігіне кедергі келтіретін нысандарға баса назар аударылады. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді және алдағы уақытта да күшейтіледі», – деді басқарма өкілдері

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық
13 апреля 2026
«Таза Қазақстан»: Алматыда құрылыс компаниялары сенбілікке қатысты

Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қаладағы ірі құрылыс компанияларының қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.

Құрылыс ұйымдарының жүздеген қызметкері бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарына шықты. Олардың қатарында құрылыс алаңдары, іргелес аумақтар және қоғамдық кеңістіктер қамтылды.

Сенбілік барысында құрылыс нысандарындағы санитарлық талаптардың сақталуына, қоршау мен қойма аймақтарын, сондай-ақ іргелес көшелерді ретке келтіруге ерекше назар аударылды.

Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде арықтар мен тротуарлар тазартылып, қоқыс шығарылды, аумақтарды көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Құрылыс саласының өкілдері экологиялық бастамаларды қолдау әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкершілігінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Мұндай іс-шараларға қатысу тазалық мәдениетін қалыптастырып, қалалық ортаның сапасын арттыруға ықпал етеді.

Қала құрылысын бақылау
03 апреля 2026
Алматыда заңсыз сауда нысандары сүрілді

Алматыда Розыбакиев көшесі, 53 мекенжайында рұқсатсыз салынған тұрғын емес нысанға қосалқы құрылыс анықталды. Бұл туралы Қала құрылысы бақылау басқармасының өкілдері хабарлады.

Басқарма инспекторлары жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде нысан иесі өз еркімен бұзу туралы шешім қабылдады. Заңсыз салынған құрылыс толықтай өз күшімен сүрілді.

Қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, заңсыз құрылыс фактілерін анықтау және оның жолын кесу жұмыстары күшейтілген.

19 декабря 2025
Алматыда қалалық полиорталық жобаларын әзірлеуге арналған халықаралық байқау қорытындыланды

Алматыда «Шығыс қақпасы» және «Батыс» полиорталықтарының жобаларын әзірлеуге арналған халықаралық сәулет байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауды қала әкімдігі «SHARE Architects» сәулет қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Болашақ полиорталықтардың жобаларын Франция, Швейцария, Испания, Германия, Англия, АҚШ, Сингапур және басқа да елдердің 15 халықаралық компаниясы ұсынды.
​
Іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға арнаған құттықтау сөзінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов бұл байқаудың қала үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл байқау Алматыны полиорталықты даму моделіне көшіру жолындағы маңызды қадам.
​«Халықаралық қазылар алқасының қарауына жоғары деңгейде әзірленген, тың әрі жан-жақты әзірленген жобалар ұсынылды. Олардың әрқайсысы Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына негізделген стратегиялық міндеттерді жаңа қырынан пайымдауға өзіндік үлес қосты.

Қаламыз тау ландшафтын үйлестіру мен озық жасыл технологияларды енгізу арқылы тұрғындар үшін барынша жайлы орта қалыптастыруға ұмтылады. Біз шығармашылық және инженерлік әлеуетті тоғыстыратын аймақтық хабқа айналуған ниеттіміз. Бұл жолда үздік халықаралық командаларды тарту – басты басымдықтардың бірі. Сіздердің идеяларыңыз бен тәжірибелеріңіз Алматының ертеңгі келбетін қалыптастыруға бүгіннен бастап үлес қосып отыр», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.
​
Германиядан келген қазылар алқасының мүшесі Роланд Бехман қаланың даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның пікірінше, Алматы шығыс мәдени мұрасы мен заманауи қала құрылысы үрдістерін ұштастыра отырып дамуға қабілетті. Сондай-ақ ол байқауға қатысушылар ұсынған жұмыстар қаланың орнықты инфрақұрылым мен жайлы жасыл орта қалыптастыруға бағытталған даму бағытына толық сай келетінін айтты.
​Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
«Шығыс қақпа» полиорталығы номинациясында — ENOTA (Словения);
«Батыс» полиорталығы номинациясында — LDA Design сәулет бюросы (Ұлыбритания).
​«Біздің жоба жаяу жүру өмір салтын дамытуға, сондай-ақ қоғамдық көлікпен жайлы әрі қолайлы қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғын үй, коммерциялық нысандар, үлкен саябақ және әлеуметтік инфрақұрылым — біз олардың арасындағы тепе-теңдікті табуға тырыстық. Яғни, «15 минуттық қала» тұжырымдамасы аясында адамға қажетті негізгі қызметтердің барлығы жаяу баруға болатындай жерде болады», - деді LDA Design компаниясының өкілі Евгений Дидоренко.
​
Айта кетейік, Алматыда 5 полиорталық құру жоспарланған: «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпа» және «Тарихи орталық». Бұл бастама экономикалық белсенділікті тең бөлуге, көлік жүктемесін азайтуға және қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс
12 декабря 2025
Депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері Алматының Бас жоспарына енгізілетін өзгерістерді талқылады


Алматыда қала Мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулер мәселесі қаралды.

Отырысқа қатысушыларға Бас жоспарды түзету жобасы бойынша толыққанды таныстырылым ұсынылып, барлық бағыт бойынша жан-жақты әрі нақты ақпарат берілді.

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов бұл кездесу құжаттың негізгі ережелерін алдын ала талқылауға, ескертулер мен ұсыныстарды ескеруге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұсыныстар жобаны кең көлемде қоғамдық талқылауға шығаруда маңызды рөл атқарады.

«Жобаның қоғамдық талқылауы биыл 24–26 желтоқсан аралығында өтеді. Біздің ортақ міндетіміз — қала дамуының мүддесі мен стратегиялық бағыттарын айқын көрсететін, жан-жақты әрі сапалы пысықталған құжатты ұсыну. Алдымызда ұсынылған жобаны талқылаудың барынша ашық, инклюзивті және кәсіби үдерісін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде қалалық Мәслихаттың құрылыс, сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Дәурен Маралов Бас жоспарды түзету қала дамуының жоғары қарқыны жағдайында теңгерімді дамуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекет басшысының тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасын ескеру үшін қажет екенін айтты.

«Халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір күшейтуді талап етеді. 2030 жылға дейін 107,5 мың оқушы орны, 101,5 мың балабақша орны, 1,2 млн шаршы метр медициналық нысандар, сондай-ақ мәдениет, сауда және өрт қауіпсіздігі объектілерінің дамыған желісін салу қажет. Полиорталықтарды дамыту ерекше маңызға ие. Бұл маятниктік көші-қонды азайтып, экономикалық белсенділікті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда күн сайын орталыққа шамамен 600 мың сапар жасалады. Полиорталықтарды қалыптастыру көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, өмір сапасын арттыруға жол ашады. Осы тұрғыда Бас жоспарды түзету — формальдылық емес, қала үшін аса қажетті қадам. Бұл жұмысты қолдаймын және оны қаланың болашағы үшін стратегиялық маңызы бар деп есептеймін», — деді Дәурен Маралов.

Қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Махамбет Хасенов те өз сөзінде Бас жоспарды түзету жобасын қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, құжат мегаполистің негізгі экологиялық міндеттеріне толық жауап береді.

«Түзету жасыл аймақтардың аумағын үш еседен аса ұлғайтып, 3 800 гектарға дейін жеткізуді көздейді. Бұл жаңа орман мен саябақтар салуды, өзен аңғарларын қорғауды және қаланың біртұтас экологиялық құрылымын қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар құрылыс тығыздығын төмендетуге ерекше көңіл бөлінген: бұрынғы гектарына 330 адам нормативінің орнына шамамен 260 адам деңгейі қарастырылып отыр. Бұл инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуінің алдын алып, көлікке түсетін қысымды азайтып, шағынклиматты жақсартуға мүмкіндік береді. Аталған жайттардың барлығы жобаның уақытылы, негізді әрі алматылықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді», — деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері Бас жоспарды түзету жобасын қолдады. Қоғам өкілдері ұсынған барлық ескерту мен ұсыныс жүйеленіп, құжатты одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.

28 июля 2025
Экология, жол және туризм: Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің отырысында негізгі міндеттер талқыланды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында экологияны жақсарту, радиалды жолдарды ҮАААЖ-на дейін жүргізу, сондай-ақ Алматы таулы кластерін дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар радиалды жолдардың салынуы қаланың агломерациямен көлік байланысын жақсартып, мегаполистің орталық магистральдарындағы жүктемені азайтатынын атап өтті. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударылады.

Қала мен облыс аумағында Абай және Рысқұлов даңғылдарын, Саин, Тілендиев, Солтүстік айналма және Мөңке би көшелерін ҮАААЖ-на дейін ұзарту бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

«Кеңестің стратегиялық міндеттерінің бірі Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын дамыту. Сол себепті қала шекарасына дейінгі көшелерді ұзарту және оларды облыс аумағында ҮАААЖ-на дейін салу жұмыстарын жеделдету қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар, облыс аумағында газ құю бекеттері бар автобус паркін салу қажеттілігі де қозғалды. Бұл шара Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасына қала маңына қатынайтын бағыттарға газбен жүретін автобустарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Биыл қала әкімдігі жеке автопарктермен бірлесіп 1400 газбен жүретін автобус пен 118 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қалаішілік қоғамдық көлікті 100% экологияландыруға мүмкіндік береді (қала маңы және таулы бағыттардан басқа).

Агломерация аумағындағы ретсіз құрылыс мәселесі әлі де өзекті. Қала шекарасына жақын орналасқан көпқабатты тұрғын үй құрылысы агломерацияның ядросы мен шет аймақтары арасындағы теңгерімсіздікті күшейтіп отыр. Бұл көші-қонды арттырып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіруде.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде қала құрылысы тәртібін жетілдіру жалғасады. Оның ішінде қала маңындағы тұрғын үй кешендерінің биіктігіне шектеу енгізу жоспарланып отыр. Қарасай, Талғар және Іле аудандарының бас жоспары әзірленіп жатыр, оларда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның құрылуы қарастырылады.

«Алматы агломерациясы аумағында 3,2 миллионнан астам адам тұрады, оның 1,5 миллионы қала маңында. Агломерацияның өндірістік және туристік әлеуетінің дені Алматы облысында шоғырланған.

Сондықтан барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жоба үйлестірілген түрде іске асырылуы маңызды», – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу барысында экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері де талқыланды. Ауа бассейнін ластаушы негізгі факторлардың бірі – автокөлік. Қалада күн сайын экологиялық «Евро-0» санатындағы 172 мыңнан астам көлік жүреді. Осыған байланысты қалада стационарлық және мобильді экобекеттердің жұмысын күшейту жоспарлануда. Сонымен қатар төмен шығарындылы аймақтарды (Low Emission Zone) енгізу жобасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, Алматы таулы кластерін дамыту аясында заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстарды үйлестіру мәселелері қарастырылды.

Айта кетейік, Алматы агломерациясының өзегі Алматы қаласы. Оның құрамына облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, Алатау қаласы, 31 ауылдық округ пен 98 елді мекен кіреді.

17 июля 2025
Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы қызметіне Алмас Жанбыршы тағайындалды.

Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы сәулетші болып бастаған. 2005-2018 жылдар аралығында Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

2018-2019 жылдары «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры болған.

2019-2021 жылдары Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2021-2022 жылдары «Астанабасжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры атанған.

2022-2023 жылдары Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болған.

Осы тағайындауға дейін Астана қаласы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Көріктендіру
08 мая 2025
Жеңіс күніне арналған сенбілікке 50 мың алматылық шықты: 439 ағаш отырғызылды, 10 мың текше метр қоқыс жиналды

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған ауқымды жалпықалалық экоакция өтті. Іс – шара «Таза Қазақстан» және «Алматы-біздің ортақ үйіміз» бағдарламалары аясында 50 мыңнан астам қала тұрғындарын, бизнес өкілдерін, мәслихат депутаттарын, спортшыларды, әртістерді біріктірді.

Акцияның негізгі іс-шаралары қаланың сегіз ауданының әрқайсысында өтті. Акцияға 1 мыңнан астам техникамен қамтамасыз етілген коммуналдық қызметтердің 2 мыңнан астам қызметкері қатысты. Алматы әкімдігі қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтарды: қолғап, сөмкелер, күректер мен тырмаларды, сондай-ақ көгалдандыру үшін ағаш көшеттерін ұсынды. Барлығы «Жеңіс» фирмалық кепкаларын, футболкаларын және естелік ленталарын алды, бұл іс-шараға ерекше бірлік пен патриотизм атмосферасын берді.

Бұл күні қала бойынша 16 жерде 439 ағаш отырғызылды, мысалы, липа, емен, алма ағашы, қайың, писсарди, каштан, терек, күл және шырша.   Бұл жұмыс аясында отырғызудың заманауи әдістері мен технологиялары қолданылады, ағаштарды қолдау үшін қайың діңдерінің тіректері, жапырақты ағаштарға арналған базальды суару жүйелері орнатылады. Бұл тұқымдар кездейсоқ таңдалмайды: олар көшелерді безендіреді, барынша төзімді және күрделі күтімді қажет етпейді, тез тамыр алады.

Қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов бұл жыл басынан бергі екінші ауқымды экологиялық акция екенін және оның ерекше маңызы барын атап өтті. «Біз акцияны Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырдық. Бұл батырларды еске алу ғана емес, сонымен қатар барлық қала тұрғындарын ортақ іске біріктіру шарасы – Алматыны таза, жасыл және жайлы ету мүмкіндігі» -, деді ол.

Іс-шараларға бизнес өкілдері, мектепоқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері, мәслихат депутаттары, спортшылар, әртістер, жалпы алғанда 50 мыңнан астам қала тұрғындары қатысты.

№2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы сияқты медициналық ұйымдардың ұжымдары өз белсенділіктерін көрсетті, онда директор мен қызметкерлер мекеменің бүкіл аумағын тазалап, қоршауларды бояды және көгал шабды, бұл тек аурухана қабырғаларында ғана емес, сонымен қатар іргелес жерлерде де тазалықтың маңыздылығын атап өтті.

Акцияға бизнес өкілдері де қосылды. Мысалы, «Тастақ» базарының кәсіпкерлері өз аумақтарында ғана емес, Прокопьев көшесінен Түркебаев көшесіне дейінгі Төле би көшесі сияқты іргелес көшелерде де тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. «Саламат» сауда базары да науқанға белсене араласты. Travellers Coffee тазалық пен тәртіпті сақтай отырып, көктемгі тазалау жұмыстарын жүргізді.

Түрксіб ауданының «Сейпа» ПКСК төрағасы Ольга Коршунова атқарылған жұмыстар туралы былай деді: «Біз әр тұрғын үйлер қызметкерлері мен тұрғындарының бірлескен күш-жігерімен аумақтарды тазалап, жеміс ағаштарын отырғызып, шөп шауып, барлық көршілеріміз үшін жайлы және жасыл кеңістік құрдық.»

Қазақстандық эстрада жұлдыздарының, спортшылар мен блогерлердің қатысуы ерекше назар аударды, олар өз үлгісімен басқаларды шабыттандырып қана қоймай, тазалауға белсенді қатысты.

«Тазалық бізден басталады. Біз, осы қаланың тұрғындарымыз, Алматыға қамқор болуымыз керек. Қонақтар оның таза әрі әдемі қала екенін көрсін», - деді Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин.

Асылбек Еңсепов, музыканттың пікірі: «Алматы таза болсын, бүкіл Қазақстан таза болсын! Біз туған жерімізді таза ұстауымыз керек.»

Жанар Айжанова, қазақстандық әнші және актрисаның пікірі: «Бүгінгі күн ерекше-ол Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған. Мен бірде-бір қалалық сенбілікті жіберіп алмауға тырысамын, өйткені Алматы-біздің ортақ үйіміз.»

Қазақстандық спортшылар Ислам Сәтбаев, 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері ретінде белсенділік танытты.

«Біз «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына қатысамыз. Біз спортшылар ретінде қазақстандықтарды нәтижелермен, жеңістермен қуантып қана қоймай, сүйікті Алматы қаласын жақсартуға тырысамыз. Өйткені, тазалық бізден басталады және бұл науқан қаламыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі», - деп өз ойымен бөлісті.

Нариман Құрбанов пен Александра Ле де акцияны қолдап, туған қаласында тазалықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Қаланың барлық сегіз ауданында іс-шаралар тақырыптық безендірумен, шағын концерттермен және шеберлік сыныптарымен мерекелік атмосферада өтті. Акцияның патриоттық рухын көрсететін әскери әндер шырқалды. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде полигондарға шығарылған 10 мың текше метрге жуық қоқыс жиналды. Сондай-ақ, бағаналар мен қоршауларды сырлау, арық желісін тазарту, жасыл аймақтарды қалпына келтіру және ағаштар мен бұталарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді.

Бұл күні Алматының барлық сегіз ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеялары салтанатты түрде ашылды.  28 панфиловшы-гвардияшылар атындағы саябақта өткен орталық іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, олардың туыстары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері мен қоғам өкілдері қатысты. Салтанатты рәсім барысында биіктігі 6 метр липа ағашы тұқымының 29 атаулы ағашы отырғызылды, бұл бостандық үшін күрескен батырларды еске алуды білдіреді. Қала бойынша ашық аллеяларға барлығы 200 липа отырғызылды, бұл ардагерлердің ерлігін құрметтеудің символына айналды.

25 декабря 2024
Алматыда қаланың Бас жоспарының негізгі параметрлеріне сай келетін жаңа Қала құрылысы регламенті қабылданды

Алматыда VIII шақырылған Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, оның барысында депутаттар жаңа Қала құрылысы регламентін бекітті.

         Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев өз сөзінде атап өткендей, жаңа Қала құрылысы регламенті Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын іске асыру аясында әзірленді.

          «Қала регламенті аумақты аймақтарға бөлу, инфрақұрылым объектілерін салу және орналастыру қағидаттарын, сондай-ақ қала құрылысының басқа да аспектілерін айқындайды. Ол қаланың дамуын реттеудің негізгі құралы болып табылады және Бас жоспар негізінде әзірленеді әрі оның сипаттамалық бөлігі болып табылады», - деп атап өтті ол.

         Мәселен, алдыңғы Қала құрылысы регламенті 2006 жылы қабылданды және Алматының қазіргі даму үрдістеріне сәйкес келмейді. Жаңа құжат мегаполистің полиорталық ретінде дамуына ықпал етеді және Бас жоспарға сәйкес тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етеді.

Әзірленген Қала құрылысы регламенті жаңалықтарының бірі-экологиялық жағдайды және қалалық климаттың жайлылығын жақсартуға бағытталған санитарлық-қорғау аймақтары мен жел аудандастыру сияқты реттеу карталары.

«Мұндай аймақтар алғаш рет әзірленді. Мысалы, жел аудандастыру картасы меридиандық көшелерді желдеткіш дәліздер ретінде пайдалануға, яғни қаланы жақсы аэрациялау үшін үйлерді дұрыс бағдарлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Басқармадағылар.

Жалпы, жаңа құжатта бизнесті ынталандыру үшін жер учаскелерін пайдаланудың өзгергіштігі артты, бұл жаңа жұмыс орындарын ашады және жұмыспен қамтуды орталықсыздандыру арқылы қалада көлік жүктемесін де  азайтады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы