
Ағымдағы жылдың 15 шілдесінде Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ахетов Мамай Қаниұлының қатысуымен Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында арнайы дөңгелек үстел өтті. Басқарманың мемлекеттік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңнамаларды, Әдеп кодексі талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Басқосуда жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер, қала бойынша жұмыс процестерін зерделеу және жетілдіру үшін талдау жұмыстарының нәтижелері туралы нақтылы ақпараттар берілді.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болып жататын өтініштерді өз дәрежесінде қарамау, лауазымдық міндеттерді талапқа сай орындамау, атқарушылық тәртіпті сақтамау, бюджеттік заңнаманы бұзу, қызметтік этика талаптарына немқұрайлы қарау, еңбек тәртібін сақтамау, мемлекеттік қызметті көрсету кезіндегі түрлі заң бұзушылықтарға қатысты жергілікті атқарушы органдарда орын алған жағдайлар мен оларға қолданылған түрлі жазалар туралы мысалдар келтіріліп, содан қорытынды шығару қажеттігі ескертілді.
Мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіп бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық әрекеттері бұл күндері қоғамның жіті назарында екені баса айтылды. Мемлекеттік қызметшілерді меритократия қағидаты бойынша ілгерілетуді қамтамасыз ету қажеттігі туралы нақтылы ұсыныстар берілді.
Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалары, 2022 жылдың 22 ақпанында енгізілген Әдеп кодексінің жаңа редакциясы түсіндірілді.