Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 283-баптан қараңыз.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Мазмұны алып тасталды – ҚР 03.05.2022 № 118-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Кодекс неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарын реттеудің мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын және құқықтық негіздерін айқындайды, отбасының дамуын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты ретінде айқындай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
НЕКЕ-ОТБАСЫ ЗАҢНАМАСЫ
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) азаматтық хал актілері – адамды дараландыратын және оның құқықтары мен міндеттерінің туындауымен, болуымен және тоқтатылуымен байланысты болатын заңдық тұрғыдан ресімделген мән-жайлар;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
2-1) азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге, оларға өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізуге, азаматтық хал актілерінің күшін жоюға және оларды қалпына келтіруге арналған, сондай-ақ жеке тұлғалардың дербес деректерін құрайтын мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;