
Бір күнде төрт медаль: алматылық спортшылар Азия Пара ойындарында жүлде қорын толықтырды
Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алматылық спортшылар табысты өнер көрсетіп жатыр. Кеше пара велоспорттан бір күміс және бір қола медаль иеленген Алматы өкілдері бүгін тағы екі алтын және екі күміс жүлде жеңіп алды.
21 қазанда пара велоспорттан әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 32 минут 21,54 секунд нәтиже көрсетіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Ерлер арасындағы В класында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Алиев алтын медаль жеңіп алды. Олар қашықтықты 34 минут 09,17 секундта бағындырып, үздік нәтиже көрсетті.
Осы сайыста Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский мәреге 35 минут 26,64 секундта жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Алматылық велоспортшылар бұған дейін де жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Кеше тректегі 4000 метрге жарыста Анастасия Калаус пен Полина Братчикова күміс, Кирилл Ильюкевич пен Глеб Брусенский қола медаль иеленді. Осылайша, екі тандем де бүгін осы ойындардағы екінші жүлдесіне қол жеткізді.
Бүгін пара дзюдодан Жанбота Аманжол да Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль қосты. Ол J2 санатында, 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алды. 2023 жылғы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері осылайша қатарынан екі додада жеңіс тұғырынан көрінді.
V Азия Пара ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында 24 қазанға дейін жалғасады. Алматыдан 20 спортшы спорттың 6 түрінен ел намысын қорғайды.
Алматы – Азиада-2026 додасында Қазақстан қоржынына ең көп медаль салған өңірлердің бірі
Алматы спортшылары Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында 22 медаль жеңіп алып, Қазақстан ұлттық құрамасының жалпы нәтижесіне зор үлес қосты. Қала өкілдері тарихи жеңіске қол жеткізіп, ұлттық рекорд орнатты әрі елімізді ондаған жыл бойы жүлде бұйырмаған спорт түрлерінен қайтадан жеңіс тұғырына көтерді.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында Азияның 45 елі мен өңірінің өкілдері қатысқан XX жазғы Азия ойындары өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 84 жүлдеге ие болды.
Жалпы нәтижеге Алматы спортшылары да қомақты үлес қосты. Олар спорттың 15 түрінен 22 медаль иеленді. Осылайша, ұлттық құраманың барлық жүлдесінің төрттен бірінен астамы Алматы өкілдерінің еншісінде, деп хабарлады Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері.
Қазақстан құрамасы сапындағы 558 спортшының 122-сі Алматының атынан сынға түсті. Яғни, ұлттық құраманың әрбір бесінші спортшысы – осы мегаполистің өкілі.
Алматы спортшыларының тарихи жетістіктері
Азия ойындарының басты оқиғаларының бірі – 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде таеквондодан алтын медаль жеңіп алған Тамирлан Тілеулестің жеңісі болды. Ол Азия ойындарының алтынын иеленген Қазақстан тарихындағы тұңғыш таеквондошы атанды.
Тағы бір тарихи жетістік Дамир Тоқтаровтың еншісінде. Алматылық спортшы Қазақстанға спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарындағы алғашқы медальді сыйлады. Қола жүлдемен қатар ол 4,76 секунд нәтиже көрсетіп, ұлттық рекорд орнатты.
Милад Каримидің еркін жаттығуда жеңіп алған күміс медалі осы спорт түрінен Қазақстанның Азия ойындарындағы соңғы 32 жылдағы алғашқы жүлдесі болды.
Алматылық бессайысшылардың өнері де тарихи жетістікке айналды. Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов командалық есепте қола медаль жеңіп алып, Қазақстанды қазіргі бессайыстан 16 жылдан кейін Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта шығарды.
Жеңіл атлетика, бокс және басқа спорт түрлеріндегі жүлделер
Алматы өкілдері жеңіл атлетикадан да жоғары нәтиже көрсетті. Кристина Морозова 21,095 шақырымдық спорттық жүрістен күміс жүлдегер атанса, Полина Иванова сырықпен секіруден қола медаль жеңіп алды.
Бокстан 51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен әлемнің екі дүркін чемпионы Алуа Балқыбекова қола жүлде иеленді. Спортшы Азия ойындарына алғаш рет қатысты.
Татьяна Токарницкая бірден екі жүлдеге қол жеткізді. Байдарка және каноэде ескек есу жарысында ол 500 метр қашықтықта жұптық сында күміс медаль, ал әйелдер арасындағы төрттіктің құрамында қола жүлдеге қол жеткізді.
Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аянат Жұмағали күміс медаль жеңіп алды.
Семсерлесуден командалық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсеткен София Николайчук, Дарья Самоделкина және Нұрмұхаммед Жайлыбай қола жүлдегер атанды.
Жекпе-жек спорт түрлерінің өкілдері де жалпы нәтижеге елеулі үлес қосты. Дзюдодан аралас командалық жарыста Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль иеленді. Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов, WKF каратэден Бэлла Самашева, ал таеквондодан Рита Бакишева қола медаль жеңіп алды.
Джиу-джитсудан тағы екі медаль бұйырды: Нұржан Батырбеков күміс, ал Жібек Құлымбетова қола жүлдегер атанды.
Оқ атудан Ислам Сәтбаев пен Арина Малиновская қола медаль иеленді.
Командалық жетістіктер
Азия ойындарында күміс медаль иеленген Қазақстанның су добынан ерлер құрамасының жетістігін де ерекше атап өткен жөн. Ұлттық құрама сапында Алматының алты өкілі – Алексей Шмидер, Мұрат Шәкенов, Руслан Ахметов, Темірлан Балфанбаев, Михаил Рудай және Рустам Үкіманов өнер көрсетті.
Қазіргі бессайыстан командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов қола медаль жеңіп алды.
Алматы жоғары жетістіктер спортындағы орнын нығайтып келеді
Алматы өкілдері Азия ойындарында 22 медаль еншілеп, Қазақстан спорты үшін тарихи маңызы бар төрт жетістікке қол жеткізді. Бұл қала спортшыларының биылғы додадағы айтулы нәтижесі.
Қазақстанның таеквондодан Азия ойындарындағы алғашқы алтынынан бастап, спорттық құзға өрмелеудегі ұлттық рекордқа дейін алматылық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ұлттық құраманың нәтижесіне қомақты үлес қосты.
Азия ойындарының қорытындысы Алматының жоғары жетістіктер спортын дамытуда, спорттық резервті даярлауда және Қазақстанның ұлттық құрамаларын жасақтаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.
Алматы қаласы Спорт басқармасының «№3 Кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
БСН: 990440004615, заңды мекенжай : г.Алматы, Таугүл ш.а., Ықылас к-сі, 8Г
Алматы қаласы Әкімдігінің 2018 жылғы 13 сәуірдегі № 2/147 «Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының «№ 3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қосу жолымен «№ 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мен «Қ. Байбұлов атындағы № 18 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Қаулысының негізінде.
Мектепте спорттың 14 түрі дамытылады: шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, биатлон, сноуборд, тау шаңғысы спорты, фристайл, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (қыздар, ұлдар), керлинг.
Мақсаты: Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту.
Міндеттері:
- Сорттық резервті, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық құрама командаларға кандидаттарды даярлауды қамтамасыз ету және спорт мектептерінде жоғары дәрежелі спортшыларды тәрбиелеу.
- Оқушылардың денсаулығын нығайтуға және жан-жақты дене бітімін дамытуға бағытталған дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру;
Үміткерге қойылатын талаптар:Жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білім кадрларды даярлаудың келесі бағыттарының бірінде: педагогикалық ғылымдар мамандығы бойынша «Дене шынықтыру және спорт», «Бизнес, басқару және құқық». Басшылық лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы.
Конкурсқа қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарын және осы кәсіпорын қызметі саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білу.
Конкурс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 171 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 264 бірлескен бұйрығы "Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының негізінде өткізіледі.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді E-QAZYNA.KZ веб-порталының Sport Basqaru ресурсы арқылы келесі сілтеме бойынша жолдау қажет: https://sport-basqaru.e-qazyna.kz/kz/reestr/competition/list/338648068516000000/334238262243000000
Анықтама үшін телефондар: 8 (727) 338-26-04.
Құжаттарды қабылдау мерзімі 25.09.2026 — 06.10.2025 жж.
Алматылық спортшылар Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алғашқы жүлделерін иеленді. Қазақстан құрамасының қоржынына қазіргі бессайыс пен каратэ өкілдері қола медаль салды. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты.
Қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов қола жүлдегер атанды. Бұл Қазақстанның Азия ойындарында қазіргі бессайыстан соңғы 16 жылда алған алғашқы медалі.
Тағы бір қола жүлдені алматылық Бэлла Самашева жеңіп алды. Каратэден 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол үздік үштіктің қатарына енді. Бэлла үшін бұл спорттық мансабындағы алғашқы Азия ойындары.
Осылайша, Азия ойындарының алғашқы күндерінен-ақ алматылық спортшылар ұлттық құраманың жүлде қоржынын толықтыра бастады.
XX жазғы Азия ойындары жалғасып жатыр. Алда Қазақстан атынан спорттың түрлі түрлерінен сынға түсетін көптеген алматылық спортшының жарыстары бар. Бәсеке 4 қазанға дейін жалғасады.
15 жастағы алматылық Мария Холявко шахматтан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Алматылық шахматшы Мария Холявко 20 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен шахматтан Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Құрлық біріншілігі 16–26 тамыз аралығында Үндістанның Мумбаи қаласында өтті. Классикалық шахмат бойынша қыздар арасындағы жарысқа Қазақстан, Үндістан, Өзбекстан, Түрікменстан, Шри-Ланка, Непал және Мальдив аралдарынан 66 шахматшы қатысты.
15 жастағы Мария өзінен жасы үлкен қарсыластармен сынға түсіп, турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Ол тоғыз партияның бесеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде тең ойнап, мүмкін болған 9 ұпайдың 7-еуін жинады.
Чемпионат қорытындысы бойынша Мария Холявко екінші орын иеленіп, жеңімпаздан небәрі жарты ұпайға қалып қойды. Сондай-ақ турнирдегі нәтижесінің арқасында әйелдер арасындағы халықаралық шебер (WIM) нормасын орындады.
Азия чемпионатының күміс жүлдесі 15 жастағы алматылық шахматшының халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктерінің бірі болды.
Алматы спортшысы тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды
2026 жылғы 24–31 шілде аралығында Алматы облысының Талғар ауданында 19 және 21 жасқа дейінгі жастар арасында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне Қазақстанның 15 өңірінен 100-ге жуық үздік спортшы қатысып, чемпиондық атақпен қатар қараша айында Түркияда өтетін Әлем чемпионатының жолдамаларын сарапқа салды.
Жарыс халықаралық ережелерге сәйкес классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша ұйымдастырылды. Мұндай формат спортшылардың жан-жақты дайындығы мен түрлі уақыт тәртібінде ойын өрнегін көрсете білу қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.
Чемпионат қорытындысы бойынша 19 жасқа дейінгі жас санатында Алматы қаласының спортшысы Мейірлан Нұржанұлы Қазақстан чемпионы атанып, рапид бағдарламасы бойынша өтетін Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Сонымен қатар, 21 жасқа дейінгі жас санатында Ельдар Дәкен Қазақстан чемпионы атанып, Алматы құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль салды.
Алматы қаласының Спорт басқармасы жеңімпаздарды жоғары жетістіктерімен құттықтап, алдағы Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, толағай табыстарға жетуіне тілектестік білдіреді.
Кәсіпорын қызметінің мәні спорт саласында шаруашылық қызметі жүзеге асыру және Алматы қаласында спортын дамыту бағдарламасын орындау болып табылады. Кәсіпорын қызметінің мақсаты олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту болып табылады. 14. Кәсіпорын қойылған мақсаттарын іске асыру үшін келесі қызмет түрлерін жүзеге асырады: 1) жоғары білікте спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру; 2)Қазақстан Республикасы мен Алматы қаласының ұлттық құрама командаларын қабылдау үшін үміткерлерді даярлау; 3) топтадың бекітілген контингентімен жыл бойы оқыту-жаттығу сабақтарын, оқу-жаттығу жиындарын өткізу; 4) қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуды қамтамасыз ету; 5) жетекші спортшылар үшін профилактикалық және қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу; 6) олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асыруға қатысу; 7) оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту бойынша жұмыстар жүргізу, жалпы білім беретін мектептерге кәсіпорында өсірілетін спорт түрлері бойынша әдістемелік және спорттық-бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыруда жан-жақты көмек көрсету.
Функционалдық бағыт бойынша жоғары білімі болуы. Басшылық лауазымдарда дене шынықтыру және спорт саласында немесе дене шынықтыру және спорт саласында басшы лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі болуы тиіс (ҚР МжСМ 2016 жылғы 29 маусымдағы № 191 бұйрығы). Конкурсқа қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарын және осы кәсіпорын қызметі саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білу. Сотталмаған.
Конкурс Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 «Мемлекеттік кәсіпорын басшысын тағайындау және аттестаттаудан өткізу қағидаларын, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының негізінде өткізіледі.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді E-QAZYNA.KZ веб-порталының TALAPKER ресурсы арқылы келесі сілтеме бойынша жолдау қажет E-QAZYNA.KZ:
https://qyzmet-executer.e-qazyna.kz/ru/search/competition/list/331132003620000000/view
Анықтама үшін телефондар: 8 (727) 338-26-04.
Құжаттарды қабылдау мерзімі 30.06.2026 ж. – 09.07.2026 ж.
Алматылық мергендер әлем чемпионы атанды
Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы стенд атудан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Қыздар арасындағы командалық «трап» жаттығуында қазақстандық спортшылар алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
63 елден 778 спортшы қатысып жатқан дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы 337 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті.
Әлем чемпиондарының құрамында Алматы қаласының спортшылары — Элеонора Ибрагимова мен Мария Горун, сондай-ақ Шымкент қаласының өкілі Милана Папчихина өнер көрсетті.
Әлемнің ең мықты жас мергендері жиналған байрақты бәсекеде қазақстандық қыздар жоғары шеберлік пен мінез көрсетіп, ел қоржынына алтын медаль салды.
Айта кетейік, 16–26 маусым аралығында өтіп жатқан Әлем чемпионатына Қазақстан атынан 13 спортшы қатысуда. Жарыста жүлделер жеке және командалық есептер бойынша сарапқа салынады.
Алматы қаласы спорт басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері бойынша қоғамдық талқылау өтті.
Алматы құрамасы күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогында топ жарды
Алматы қаласындағы Almaty Arena көпфункционалды кешенінде өткен күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогы өз мәресіне жетті. Елдің барлық өңірлерінен келген үздік балуандар қатысқан жарыста Алматы қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Грек-рим күресінде 87 келі салмақ дәрежесінде Ожаев Шамиль алтын медаль жеңіп алса, 63 келіде Ардаков Еркебұлан қола жүлдеге ие болды.
Әйелдер күресінде алматылық балуандар 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Айнұр Ашимова (55 кг), Жаңыл Бекен (65 кг) және Жамилә Бақбергенова (68 кг) Қазақстан Кубогының чемпиондары атанды. Қаламқас Жүніс (59 кг) күміс жүлдеге ие болса, Ертөстік Алина (76 кг) қола медаль жеңіп алды.
68 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, төрт дүркін Азия чемпионы және әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері Жамилә Бақбергенова финалда Абай облысының өкілін 18:4 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Еркін күресте Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Санжар Досжанов (70 кг) және Ерхан Әбіл (79 кг) Қазақстан Кубогының чемпиондары атанды. Сонымен қатар, Асыл Айтақын мен Бақдәулет Әкімжан күміс жүлдеге ие болса, Мерей Базарбаев пен Родион Анчугин қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, турнир аясында Нұрқожа Қайпановқа ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» І дәрежелі Құрмет белгісі табысталды.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.