Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімі аппаратының
мемлекеттік-құқықтық бөлімінің
ЕРЕЖЕСІ
- Жалпы ережелер
- Мемлекеттік-құқықтық бөлімі (әрі қарай – бөлім) «Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің аппараты» КММ (әрі қарай – әкім аппараты) құрылымдық бөлімшесі болып табылады және аудан әкіміне, жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарына бағынады.
- Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметінің актілері, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Құқықтық актілер туралы» Заңдарына, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы», Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, Қазақстан Республикасының басқа да қолданыстағы Заңдары мен нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Бөлімнің құрылымдық, штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімі аппаратының штаттық кестесіне сәйкес бекітіледі.
- Бөлім құралады:
1) бөлім басшысынан;
2) бас инспектордан;
3) бас маманнан.
- Мемлекеттік - құқықтық бөлімінің
мақсаттары, құқықтары мен міндеттері
- Мақсаты: құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, аудандағы ішімдік және нашақорлықпен, сонымен қатар рецидивтік қылмыстылықпен күресті күшейту.
Функциялары:
- аудан аумағында қылмыстылықпен күресу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен заңдарды сақтау мәселелері бойынша аумақтық құқық қорғау органдары, құрылымдық бөлімшелер және еңбек ұжымының қызметі мен аудан тұрғындарының өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету, үйлестіру.
- Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Наурызбай ауданы бойынша кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын ұйымдастыру.
- Алматы қаласында Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының жұмысын ұйымдастыру.
- аудандағы пайдаланылмайтын жер учаскелері мен нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтау және әрі қарай жұмыс жүргізу, заңсыз салынған құрылыстарды анықтау және әрекет ету.
- Террористік тұрғыдан осал объектілерге қатысты жұмыс жүргізу, оның ішінде террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарға сәйкес келуіне тексеру жүргізу, объектілердің тізімін жаңарту.
- Мақсаты: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың құқықтық сауатылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізу.
Функциялары:
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша аймақтық бағдарламалардың және іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз ету, аудандық жоспарларды құру.
- сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жыл сайынғы талдау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу.
- Әкім аппаратының және аудандағы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне құқықтық оқыту жұмыстарын ұйымдастыру.
- мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірге тұрғындардың арасында құқықтық ағарту жұмыстарын жүргізу.
- Мақсаты: Аппарат қызметін заңдық тұрғыдан сүйемелдеу.
Функциялары:
- Аппараттың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта және мемлекеттік органдарда қорғау.
- нормативтік құқықтық актілерді тиісті органдарда тіркеу және мониторинг жүргізу.
- Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына сәйкес ауданда қоғамдық медиаторларының тізімін жүргізу.
- бөлімге түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру, өтініштегі ақпараттар мен ұсыныстарды тәжірибеде қолдану, азаматтардың шағымдануына алып келетін себептерді анықтау және оларды жою бойынша шара қолдану.
- Аудан әкімімен бекітілетін шешімдер мен өкімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес келуін тексеру және қол қою.
- Аудан әкімнің өкімдеріне сәйкес Аппараттың тиісті комиссияларының жұмыстарына қатысу.
- Құқықтары мен міндеттері:
- Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттері болады.
- Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын басшы басқарады.
- Бөлім басшысы бөлімнің қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
- Бөлім басшысы мемлекеттік органның басшылығына бөлімнің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар береді.
- Мемлекеттік - құқықтық бөлімінің қызметін ұйымдастыру
- Бөлім басшысы, бас инспектор және бөлімнің бас маманы лауазымдық нұсқаулықпен белгіленген жұмыс жағдайына дербес жауапты болады.
- Бөлім басшысы бөлім қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, еңбек және атқарушылық тәртіпке жауап береді және бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.