GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Лого
Меню
Страницы
Басқарма туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі «Жыл музейі» атағына үміткер атанды

2026 жылы 11 қарашада Алматыдағы Almaty Arena кешенінде ICONIC CREATOR AWARDS – Еуразиялық креаторлар сыйлығын табыстау рәсімі өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның креативті индустрия өкілдері қатысады. Сыйлық 15 бағытты қамтып, шығармашылық саланың үздіктерін түрлі аталым бойынша марапаттауды көздейді. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі «Мәдениет және мұра» санатындағы «Жыл музейі» аталымына ұсынылды. Бұл номинация ұлттық музыкалық мұраны сақтау, зерттеу және оны көпшілікке таныту жолында еңбек етіп жүрген музейлердің қызметін бағалауға арналған.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – Орталық Азиядағы музыкалық аспаптарға арналған алғашқы музейлердің бірі. Биыл музейдің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Оның қорында қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің 50-ден астам халқының музыкалық мәдениетін танытатын бірегей жәдігерлер бар.

Музей жұмысының маңызды бағыттарының бірі – мәдени-ағартушылық қызметті дамыту және ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру. 2026 жылдың басынан бері музейге 100 мыңнан астам адам келген. Олардың 16%-ы – шетелдік туристер.

Музей қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын шетелде де таныстырып келеді. Оның қорындағы жәдігерлер Еуропа мен Азия елдерінде өткен 14 халықаралық көрмеде көрсетілді. Атап айтқанда, олармен Сеул (Корея Республикасы), Вена (Аустрия), Париж (Франция), Неаполь (Италия), Прага (Чехия), Белград (Сербия), Карцаг (Мажарстан), Ыстанбұл (Түркия), Амстердам (Нидерланд) және Шанхай (Қытай) қалаларының тұрғындары мен қонақтары танысуға мүмкіндік алды.

Бүгінде музейге келушілер дәстүрлі музыкалық аспаптардың тарихы, қазақ музыка өнерінің ерекшеліктері мен әлем халықтарының музыкалық дәстүрлері туралы мәлімет ала алады. Сонымен қатар музейде тақырыптық көрмелер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға басымдық беріледі.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейін «Жыл музейі» аталымында қолдау үшін сыйлықтың ресми сайтында дауыс беруге болады:

https://theiconicawards.com/award/77⁠ 

ICONIC CREATOR AWARDS сыйлығы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 31 қазанға дейін ресми сайт пен әлеуметтік платформаларда ашық дауыс беру өтеді. Ал жеңімпаздар 11 қарашада Almaty Arena кешенінде өтетін марапаттау рәсімінде анықталады.

19 октября 2026
Алматыда «Almaty Puppet Festival – 2026» IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтеді

2026 жылы 21-24 қазан аралығында Алматыда «Almaty Puppet Festival – 2026» IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ұйымдастыратын халықаралық өнер додасына 11 елден 14 театр ұжымы қатысады.

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальге Қазақстан, Түркия, Ресей, Италия, Франция, Иран, Молдова, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстанның театр ұжымдары жиналады.

21 қазанда баспасөз конференциясы мен фестивальдің ресми ашылу салтанаты өтеді. Алғашқы күні көрермендер Тегеранның (Иран) «Deemak» театрының «Маршмэллоу» және Ыстанбұлдағы (Түркия) Кемал Фатих Полаттың «Карагёз» театрының «Әлем жұлдыздарының шоуы» спектакльдерін тамашалай алады. Сондай-ақ, М. Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклін ұсынады.

22 қазанда Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театры «Чемодан» спектаклін, Кишиневтегі (Молдова) «Izvorașul Vesel» қуыршақ театры «Теңбілді ханшайым» қойылымын, ал Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры «Қағазды жаңбыры» спектаклін көрсетеді. Әзірбайжанның Гянджа мемлекеттік қуыршақ театры «Етік киген мысық» қойылымын ұсынса, Озургетидегі (Грузия) Александр Цуцунава атындағы мемлекеттік кәсіби драма театры «Ит» спектаклін сахналайды. Сол күні фестиваль бағдарламасы аясында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының «TAZA.KZ» қойылымы да көрермен назарына ұсынылады.

23 қазанда Флоренциядағы (Италия) халықаралық театр орталығы «Жұлдызды жаңбыр» спектаклін көрсетеді. Татарстан Республикасындағы (Ресей) «Экият» татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Адәмнәр» қойылымын, Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Алқызыл гүл» спектаклін, ал Екатеринбургтің «Тохот» театры «Аңдар детективі» қойылымын ұсынады.

24 қазанда Париждегі (Франция) «Le Soleil des Abysses» театры «Рамаяна» спектаклін, ал Қостанай облыстық қуыршақ театры «Жындының жазбалары» қойылымын сахналайды. Сонымен қатар фестиваль аясында режиссер, профессор Құралай Ешмұратованың «Қуыршақ театры: дәстүрден заманауи өнерге дейін» тақырыбында шеберлік сабағы өтеді.

Фестиваль спектакльдерін отандық және шетелдік театр өнері мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды.

16 октября 2026
Алматыда Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығына орай «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды

14 қазанда Алматы галереясында Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасы мен алдағы 100 жылдық мерейтойына арналған «Арқау» («Связующая нить») халықаралық көрмесі ашылды. Экспозицияға қырғызстандық суретшілердің 65 туындысы қойылды. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.

Көрмеде Қырғыз Республикасы Суретшілер одағының мүшелері Кубанычбек Ибрагимов, Бахрамжон Темиров, Садык Мурзаканов және Азизбек Сулайманов туындыларын ұсынды.

Суретшілер картинасында Айтматов шығармаларының сюжетін, кейіпкерлері мен образдарын бейнелеп, көрермендерге таныс әдеби туындыларға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Көрменің ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев қатысты. Ол мұндай көрмелер көрермендерді әртүрлі ел суретшілерінің шығармашылығымен таныстырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қонақтар арасында Қырғыз Республикасының Алматыдағы консулы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, белгілі және жас суретшілер, мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері де болды.

Көрме Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан суретшілер одағының атсалысуымен ұйымдастырылды.

Экспозиция 2026 жылы 7 қарашаға дейін ашық болады. Көрмені сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Достық даңғылы, 44 мекенжайында тегін тамашалауға болады. Дүйсенбі – санитарлық күн.

08 октября 2026
Алматының Түрксіб ауданында «Оқитын ұлт» бастамасы аясында заманауи кітапхана ашылды

Алматының Түрксіб ауданындағы «Жас Қанат» шағынауданында жаңа қалалық кітапхана жұмысын бастады. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа кітапхана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға және зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ашылды.

Жаңа қалалық кітапхана – тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған заманауи мәдени-ағартушылық кеңістік. Кітапхананың жалпы ауданы 340 шаршы метр, ал кітап қоры 10 мыңнан астам басылымды қамтиды.

Мұнда оқырмандардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, қазақ, орыс және шет тілдеріндегі көркем әдебиет, балалар әдебиеті, танымдық және ғылыми-көпшілік басылымдар, сондай-ақ түрлі жанрдағы заманауи кітаптар ұсынылған.

Келушілер үшін жайлы оқу залы, кітаптарды үйге алып оқуға мүмкіндік беретін абонемент бөлімі, балаларға арналған аймақтар, компьютерлермен жабдықталған жұмыс орны, арнайы құрылғылар және кітаптарды өз бетінше алып, қайтаруға арналған «ақылды сөрелер» қарастырылған. Заманауи технология кітап алу және қайтару үдерісін оқырмандар үшін барынша ыңғайлы әрі жылдам етеді.

Жаңа мәдени кеңістік аудан тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ олардың мәдени және зияткерлік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Мекенжайы: Түрксіб ауданы, Қонаев атындағы бау-бақша кооперативінің аумағы, 336/37.
Жұмыс уақыты: күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін.

Қазіргі таңда Алматыда 32 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Оның жетеуі тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттыру мақсатында қаланың сауда орталықтарында кітап беретін екі пункт, ал келушілер көп жиналатын орындарда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған 32 автономды кітапхана жұмыс істейді.

Жаңа кітапхананың ашылуы Түрксіб ауданы тұрғындары үшін білім мен мәдениетті дамытуға арналған заманауи кеңістік қалыптастырып, кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

02 октября 2026
Алматының қуыршақ театры республикалық фестивальде үздік атанды

2026 жылы 25-30 қыркүйек аралығында Павлодарда өткен «Ертіс-Баян» II республикалық театрлар фестивалінде Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қазылар алқасының шешімімен «Үздік ансамбль» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері хабарлады.

Еліміздің түрлі өңірлерінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Қарағанды және Павлодар қалаларынан 11 таңдаулы театр ұжымы қатысқан өнер додасында қуыршақ театры әйгілі жазушы Николай Гогольдің белгілі шығармасы негізінде сахналанған «Шекпен» спектаклін ұсынып, көрермендер мен театр саласы мамандарының ыстық ықыласына бөленді.

Фестиваль Павлодар тұрғындарына қазақстандық театр өнерінің үздік туындыларымен танысуға мүмкіндік беріп, театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашты. Биыл Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры ұйымдастырған фестиваль белгілі режиссер, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына орай өткізілді.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры халықаралық және республикалық сахналарда жаңа шығармашылық бағыттарды дамыту мен танытуды, сондай-ақ ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруды маңызды міндеттерінің бірі санайды. Осы фестиваль аясында театр буллинг, адамның ішкі қайшылықтары мен қоғамдағы әділетсіздік мәселелерін қозғайтын, мейірімділікке, жанашырлыққа, өзара қолдау мен көмекке үндейтін «Шекпен» спектаклін ұсынды.

Қойылым 2024 жылы Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанды. Бұған дейін спектакль Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының «Сыншылар жүлдесіне» «Қуыршақ театрының жыл спектаклі» номинациясы бойынша ие болып, сондай-ақ Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлары фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған.

«Ертіс-Баян» II республикалық театрлар фестивалі барысында қуыршақ театры артистерінің сахнадағы үйлесімді ойыны, қуыршақтарды жүргізудегі кәсіби шеберлігі, актерлік өнері, хореографиясы, декорация мен реквизиттің қолданылуы, сондай-ақ жарық пен дыбыстың көркемдік шешімі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Қойылым қазылар алқасы тарапынан да жоғары бағаланып, фестиваль қорытындысы бойынша театр ұжымы «Үздік ансамбль» номинациясының жеңімпазы атанды.

«Спектакльді көріп, ерекше әсер алдым. Әріптестеріме ризамын. Бүкіл ұжым бір адамдай жұмыс істеді. Режиссердің талаптары мен қойылымдағы әрбір детальды көрерменге дәл жеткізе білгендеріне тәнті болдым. Жалпы, қуыршақ театрының артистері бір мезетте бірнеше міндетті қатар атқара алады. Бұл да үлкен еңбекпен келетін шеберлік», – деді белгілі қазақстандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов.

01 октября 2026
Алматыда музейінде Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған көрме ашылды

Алматы музейінде Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқан…» атты көрме салтанатты түрде ашылды.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оны Алматы қаласы музейлер бірлестігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығымен бірлесіп өткізді.

Экспозиция келушілерді ақынның шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметімен таныстырады. Көрмеге Олжас Сүлейменовтің жеке заттары, қолжазбалары, марапаттары, кітаптары, архивтік құжаттары мен сирек кездесетін фотосуреттері қойылған.

Көрменің ерекше жәдігерлерінің бірі – ақынның өз қолымен жазылған, көпшілікке кеңінен танымал «АзиЯ» кітабының алғашқы нұсқасынан алынған үзінділер.

Сонымен қатар экспозицияда Олжас Сүлейменовтің антиядролық қозғалыстың қалыптасуына қосқан қоғамдық үлесі де көрініс тапқан. Бұл тақырып Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Әбдешұлы көрменің ақынның шығармашылық мұрасы мен азаматтық ұстанымын танытудағы маңызына тоқталды.

«Көрмені тамашалап жүріп, Олжас Сүлейменовтің өзін көргендей боламыз. Тіпті, оның суретіне қарағанның өзінде, өз болашағыңды, алдыңдағы үлкен мақсатыңды көргендей әсер аласың», – деді Мереке Әбдешұлы.

Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары Игорь Владимирович, философия ғылымдарының докторы, академик Нұр Серікұлы, тарих ғылымдарының докторы Зайнидин Карпекұлы, Олжас Сүлейменовтің қарындасы Жібек Әбдуәлиева, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Алматы тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқан…» көрмесі екі апта бойы Алматы музейінде өтеді.

Мекенжайы: Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 132.

01 октября 2026
«Алатау» театры XI маусымда ұлттық өнерді жаңа сахналық формалармен ұсынды

Алматы күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театры XI театр маусымның шымылдығын түрді. Жаңа маусым аясында көрермен назарына «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі ұсынылды.

Сұлтан Бейбарыс өз заманының Ұлы басқарушысы, Мәмлүк елін біріктірушісі тұлға ретінде ел есінде. Білікті көшбасшы Мысыр елін нығайтып, тұрақты елге айналдыра алды. Саундрама жанрындағы қойылымда Сұлтан Бейбарыстың өмір жолы, жауынгерлік ерлігі мен ел басқарудағы парасат-пайымы баяндалады.

Қойылымда дыбыстық және хореографиялық шешімдер, этно-фольклорлық әуендер мен жауынгерлік рухты жеткізетін сахналық элементтер өзара үйлесім тапқан. Режиссерлік шешім арқылы тарихи тұлғаның жауынгерлік болмысымен бірге адами қыры да ашылады. Өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, спектакль көрерменді ұлттық мұраға жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді.

XI маусымның басты жаңалықтарының бірі – 26 және 27 қыркүйекте көрерменге алғаш ұсынылған «Қорлан» спектаклінің премьерасы.

«Қорлан» – белгілі әнші әрі ақын Естай мен аңызға айналған Қорланның мөлдір махаббатын арқау еткен жаңа сахналық туынды. Алайда спектакль бір ғана махаббат хикаясымен шектелмей, ұлт тағдыры, тарихи жады, әйел тағдыры, нәзіктік пен қайсарлықтың үйлесімі секілді тақырыптарды кеңінен қозғайды.

Қойылымдағы Қорлан бейнесі бір адамның тағдырынан әлдеқайда ауқымды. Ол мыңдаған қазақ әйелінің, ананың, жар мен қыздың тағдырын бойына жинақтаған образ ретінде көрінеді. Оның тағдырынан ашаршылық қасіреті, қуғын-сүргін зары мен соғыстың қаралы ізі аңғарылады. Соған қарамастан Қорлан – тағдыр тауқыметіне мойымаған, жаны жараланса да рухы сынбаған қазақ әйелінің бейнесі.

Осылайша, «Алатау» дәстүрлі өнер театры XI театр маусымын жаңа қойылымдармен бастап, ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдер арқылы көрерменге ұсынды. Алдағы уақытта театр репертуарындағы көрермен ықыласына бөленген басқа да спектакльдер көрсетіліп, жаңа маусым аясында көрермен назарына ұсыныла береді.

01 октября 2026
Алматының Құлагер шағынауданында алғаш рет жаңа қалалық кітапхана ашылды: кітап оқуға, білім алуға және қарым-қатынас жасауға арналған заманауи кеңістік

Алматының Жетісу ауданындағы Құлагер шағынауданында 100 оқырманға арналған алғашқы қалалық кітапхана ашылды. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері хабарлады.

Бұл жай ғана жаңа оқу залы емес. Мұнда тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына, жұмыс істеуіне, шығармашылықпен айналысуына және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін заманауи кеңістік жасалған.

Жаңа кітапхана қалалық кітапхана жүйесінің бір бөлігіне айналды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға және зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ашылды.

Жалпы аумағы 551 шаршы метр болатын кітапханада жұмыс пен демалыстың түрлі форматына қажетті жағдай жасалған. Кеңістік бір мезетте 100 келушіні қабылдай алады, ал кітап қоры қазірдің өзінде 14 мыңнан астам дана.

Кітапхана тек кітап алып, оқуға арналған орынмен шектелмейді. Мұнда компьютер залы, тыныш оқу аймақтары, балаларға арналған кеңістік және коворкинг жұмыс істейді. Сондай-ақ кездесулер, пікірталастар, шығармашылық іс-шаралар мен үйірмелер өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылған.

Осылайша, Құлагер шағынауданының тұрғындары үшін жасына қарамастан уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік беретін жаңа орын пайда болды. Оқушылар мұнда сабаққа дайындала алады, студенттер жұмыс істеп, кітап оқи алады, ал ересектер коворкингті пайдаланып немесе түрлі іс-шараларға қатыса алады.

Кітапхананың қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінген. Көру қабілеті нашар және зағип келушілер үшін арнайы жұмыс орындары жабдықталған. Брайль қарпімен жұмыс істеуге арналған құралдар, ақпаратты дыбыстайтын экрандық қолжетімділік бағдарламалары және бейімделген интерфейстер қарастырылған.

Интерактивті оқу кешені жас келушілер үшін ерекше қызығушылық тудыратын орындардың біріне айналмақ. Ол білім беру қосымшаларын, электронды оқулықтарды, білім базаларын, интерактивті ойындар мен мемлекеттік білім беру ресурстарын біріктіреді. Осылайша, кітапхана балалардың цифрлық құралдардың көмегімен білім алуына арналған тағы бір заманауи алаңға айналады.

Құлагер тұрғындары енді үйінің жанынан заманауи білім беру және қоғамдық кеңістікті пайдалана алады.

📍 Мекенжайы: Құлагер шағынауданы, Омаров көшесі, 75А
⏰ Жұмыс уақыты: күн сайын 09:00-ден 20:00-ге дейін.

Бүгінде Алматыда 31 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Оның жетеуі тәулік бойы, 24/7 режимінде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар қаланың сауда орталықтарында кітап беретін екі арнайы пункт бар.

30 сентября 2026
«МҰРА»: Абай атындағы театрдың ауқымды Open-Air концерті мыңдаған көрермен жинады

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 93-маусымының ашылуына және Алматы күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті. Ауқымды мәдени іс-шараға 250-ден астам өнерпаз қатысып, концертті бірнеше мың алматылық пен қала қонағы тамашалады.

Концерттік бағдарлама Абай атындағы ҚазҰОБТ өнерінің сан қырын танытқан ауқымды кешке айналды. Бір сахнада симфониялық оркестр, театрдың жетекші опера солистері, хор, балет труппасы және джаз-бэнд өнер көрсетті. 30-ға жуық музыкалық нөмірде ұлттық және әлемдік классика, опера мен балет, джаз, этно-музыка, кино музыкасы және әлемдік деңгейдегі танымал хиттер тоғысты.

Опера өнерін театр солистері Жәмила Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Зарина Алтынбаева, Оксана Давыденко, Надия Наденова, Наргиз Сатмұхамбетова, Андрей Трегубенко, Олег Татамиров, Дамир Сәдуақасов, Төлеген Рахымбаев, Балуан Беркенов және басқа да өнерпаздар таныстырды. Классикалық бағдарламаның шарықтау сәттерінің бірі Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калафтың әйгілі ариясы болды.

Кештің арнайы қонағы Жәмила Серкебаева аңызға айналған Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри орындады. Сонымен қатар Олег Татамировпен бірге Сальве д’Эспозитоның «Anema e core» («Жан мен жүрек») атты әйгілі неаполитандық әнін шырқады.

Кештің ерекше атмосферасын джаз бөлімі қалыптастырды. Александр Трегубенко Барт Ховардтың әйгілі «Fly Me to the Moon» әнін, ал Гүлзат Дәуірбаева Джером Керннің «All the Things You Are» композициясын джаз-оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Кештің әсерлі финалдық нөмірлерінің бірі Фредди Меркьюридің аңызға айналған «We Are the Champions» композициясы болды. Оны Дамир Сәдуақасов орындады.

Музыкалық бағдарламаның жеке бір желісі Алматыға деген сүйіспеншілікке арналды. «Сүйікті Алматы» атты мерекелік попурриде қала тұрғындарының мәдени жадынан орын алған шығармалар, соның ішінде Мансұр Сағатовтың «Алматым менің» және Александр Зацепиннің «Гүл Алматы» әндері орындалды.

Көрермендердің ерекше қошеметіне симфониялық кинопанорама да ие болды. Ашық аспан астында «Кариб теңізінің қарақшылары», «Өкіл әке», «Сақиналар әміршісі», «Аватар», «Ведьмак» және «Тақтар ойыны» фильмдері мен сериалдарынан танымал музыкалық тақырыптар шырқалды. Миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған таныс әуендер үлкен симфониялық оркестрдің орындауында жаңа сипатқа ие болып, кештің әсерін күшейте түсті.

Кеш бойы дирижерлік пультте Қуаныш Исмаилов, Мұхтар Қалдаяқов, Рүстем Қабылбай және Әбілқайыр Бейсеков өнер көрсетті.

«МҰРА» концерті идеясының негізгі өзегіне ұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» бастамасы арқау болды. Қазақстан табиғатының сұлулығы мен айбары кеш бойы визуалды контент арқылы көрініс тапты. Дала, тау, су, аспан және табиғи ландшафттар ауқымды проекцияларда музыканың көркем жалғасына айналды.

Абай атындағы театрдың тарихи ғимараты жарық пен бейненің әсерлі көрінісіне айналды. 3D-проекция, лазерлік инсталляция, жарық шешімдері, отты және пиротехникалық эффектілер, 500-ден астам сахналық костюм концертке халықаралық деңгейдегі ауқымды шоу сипатын берді.

30 сентября 2026
Алматы хайуанаттар бағында қуанышты жаңалық: маралдардың екі төлі дүниеге келді

Алматы хайуанаттар бағында қуанышты жаңалық! Биыл хайуанаттар бағындағы маралдар әулеті екі бірдей төлмен толықты. Жаңа туған төлдер қазір мамандардың тұрақты бақылауында және қажетті күтіммен қамтамасыз етілуде.

Алғашқы марал төлі 2026 жылғы 7 маусымда дүниеге келді. Оған Маралтай деген есім берілді. Оның әкесі – Туркистан, анасы – Алатау. Ал 10 қыркүйекте дүниеге келген екінші марал төліне Мукан есімі берілді, оның әкесі – Сарайшық, анасы – Чита.

Қазіргі уақытта екі төлдің де жағдайы жақсы. Маралтай мен Мукан өз енелерінің жанында өсіп келеді. Хайуанаттар бағының мамандары төлдердің денсаулығын, дамуын және қоректенуін күнделікті бақылауда ұстап, оларға қажетті күтімді қамтамасыз етуде.

Алматы хайуанаттар бағының тұяқты жануарлар бөлімінің басшысы Сарсенбаев Нұртай жаңа төлдердің дүниеге келуі туралы өз пікірін білдірді: «Маралдардың дүниеге келуі – біздің ұжым үшін үлкен қуаныш. Әрбір төлдің дені сау болып өсуі – мамандар үшін басты міндет. Қазіргі таңда Маралтай мен Мукан толықтай мамандардың қарауында. Олардың жағдайы күнделікті бақылауда, қажетті күтім мен ветеринариялық бақылау жүргізіліп отырады. Төлдер өз енелерінің жанында өсіп, табиғи мінез-құлықтарын қалыптастыруда», – деді Нұртай Сарсенбаев.

Маралдардың көбеюі – Алматы хайуанаттар бағындағы жануарларды сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі. Жануарларға қолайлы жағдай жасау, олардың денсаулығын бақылау және табиғи ерекшеліктеріне сай күтім көрсету – хайуанаттар бағы мамандарының күнделікті жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа кішкентай тұрғындармен танысып, олардың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдарын тамашалауға шақырады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы