Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

 Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары

       Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.09.2022 № 265 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 35-11) тармақшасына сәйкес әзірленді және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) оператор – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы немесе осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру рәсімін басқаруды орындауға уәкілеттік берілген оның құрылымдық бөлімшесі;

      2) Өнім беруші – білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;

      3) баланың заңды өкілдері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиеші және оларды алмастыратын басқа да адамдар.

 2-тарау. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру тәртібі

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      3-тармағының екінші, алтыншы, жетінші, сегізінші бөлімдері 01.01.2023 бастап қолданысқа енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.09.2022 № 265 бұйрығымен.

  1. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастыру мыналарды қамтиды:

      1) мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу;

      2) шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты орналастыруды "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесімен (бұдан әрі – ҰБДҚ) интеграцияланған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру оператордың тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражат көлемінде өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының жобасын күнтізбелік жылдың толық көлемінде жасайды және жыл сайын жоспарланатын жылдың алдыңғы жылының 31 қазаннан кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың бекітілген жоспарын ол бекітілгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында жыл сайын орналастырады.

      Оператор жыл сайын қаржы жылының бірінші жұмыс күні мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға бекітілген көлемін алдыңғы қаржы жылының мемлекеттік тапсырысын қаржыландыруды жалғастыруға көзделген қаражат көлемін шегере отырып, ақпараттық жүйеде орналастырады.

      Оператордың бюджетінен мемлекеттік тапсырысты іске асыруға қосымша қаражат бөлінген кезде, бекітілген қосымша қаржыландыру көлемі ол бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей ақпараттық жүйеде орналастырылады.

       Балалар контингентін жинақтауды оператор баланың заңды өкілдерінің белгілі бір өнім берушіге берген электрондық өтініштері негізінде автоматты түрде ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады. Балалар контингентін жинақтау кезінде ақпараттық жүйе осы Қағидалардың 11 және 12–тармақтарында көзделген кезектілікті басшылыққа ала отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге (бұдан әрі-шығармашылық үйірмелер) орындар бөледі.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру, балалар контингентін жинақтау, сондай-ақ өнім берушінің, оператордың және баланың заңды өкілінің осы процестерге байланысты өзге де ілеспе функционалдық операциялары баланың заңды өкілі үшін өтеусіз жүзеге асырылады;

      3) мемлекеттік тапсырысты орналастырудың, оның сапасы мен нысаналы игерілуінің барлық кезеңдері мен рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз ету электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда жүзеге асырылады.

 

Дата публикации
16 мая 2023