
1.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМҚК – өмірлік қажеттіліктен дүниеге келген мәдени ошақ. Дәстүрлі ән - жыр, терме, күй, айтыс, кино сияқты бес бағытта қызмет көрсетеді.
Театрда дәстүрлі өнерімізді дәріптеу мақсатында түрлі мәдени шаралар атқарылуда. Республикалық жыршы-термешілер байқауы, халықаралық фестивальдер сияқты түрлі концерттік шаралар өткізіліп тұрады.
Театрда 724 орындық концерт залы, қосымша 154 орындық қызыл және 98 орындық көк залы бар. Озық архитектуралық үлгідегі, заманауи технологиялармен жабдықталған нысан 2014 жылы Алматы қаласының индустриалды-экономикалық даму бағдарламасы негізінде бой көтерген болатын.
Онлайн режимде театрда болып жатқан барлық іс-шараларды көрермендердің көруіне толықтай жағдай жасалған. Ютуб арнада дәстүрлі өнерге қатысты концерттер, арнайы дайындалған хабарларды көріп, ән, жыр, күйлерді тыңдауға болады. Театр сайтында ақпараттық, зерттеу мақалаларды оқып, дәстүрлі өнер тарихынан мағлұматтар алуға болады. Фейсбук, инстаграм парақшаларында белгілі тұлғалармен тікелей эфирде болатын сұхбаттарды көруге болады.
Қазіргі заманға сай әлеуметтік желілер арқылы театрдың тыныс-тіршілігімен толық таныса алады.
2.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған театрдың репертуарлық саясатының ауқымы да кең. Репертуардағы отыздан астам қойылымдар орыс және қазақ тілдерінде көрермен назарына ұсынылып отыр.
Мемлекеттік қуыршақ театрының негізгі мақсаты – көрермендерді рухани, мәдени және эстетикалық тұрғыдан тәрбиелей отырып, қуыршақтардың қатысуымен спектакльдер сахналау. Сондай-ақ, қазақ, орыс, әлемдік классиканың озық үлгілерін, театр өнері саласындағы артистердің, режиссерлардың, драматургтердің шығармашылық жетістіктерін насихаттау.
Бүгінгі таңда театр дарынды жастарды театр әлеміне тартып, жеке және басқа да театрлармен бірлесе отырып, республика көлемінде және одан тысқары жерлерге гастрольдік сапарлар ұйымдастыруда. Республикалық және шет елдік шығармашылық ұжымдармен ынтымақтастық байланыс жасауды қарқынды қолға алған.