
Алматыда «Үздік жасыл мектеп» қалалық байқауының
қорытындысы шығарылды
Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында қала күніне орай ұйымдастырылған «Үздік жасыл мектеп» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
2026 жылғы 18 қыркүйекте Алматыда Қала күніне арналған «Үздік жасыл мектеп» қалалық байқауы өз мәресіне жетті. Ауқымды экологиялық жобаның қорытынды кезеңінде үздік білім беру ұйымдары анықталып, жеңімпаздар, жүлдегерлер мен байқауға белсенді қатысқан мектептер марапатталды.
Байқау 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында өткізілді. Ұйымдастырушылар мектептерде жүзеге асырылып жатқан заманауи «жасыл» бастамаларға басымдық берді. Білім беру ұйымдарының аумағын абаттандыру мен көгалдандыру, жылыжайлар мен экологиялық хабтардың жұмысы, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және оқушылардың өз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар басты назарда болды.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Аудандық кезең 28 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында, ал қалалық кезең 8–16 қыркүйек күндері өтті. Қалалық кезеңге Алматы қаласының 14 орта білім беру ұйымы қатысты.
Марапаттау рәсімінде Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев жиналған қауымға құттықтау сөз арнады. Аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен қалалық кезеңге қатысушыларға белсенді атсалысқаны үшін арнайы сертификаттар табысталды.
Байқау қорытындысы бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болғандар:
I дәрежелі диплом — Бостандық ауданындағы №199 мамандандырылған гимназия;
II дәрежелі диплом — Жетісу ауданындағы №177 мектеп-гимназия;
III дәрежелі диплом — Алмалы ауданындағы №15 гимназия және Алатау ауданындағы №201 мектеп-гимназия.
Байқаудың жекелеген бағыттары бойынша үздік нәтиже көрсеткен мектептер арнайы аталымдармен марапатталды:
«Үздік жасыл аумақ» — Әуезов ауданындағы №202 мектеп-гимназия;
«Үздік инновациялық жоба» — Түрксіб ауданындағы №211 мектеп-гимназия;
«Үздік экологиялық тәрбие жұмысы» — Наурызбай ауданындағы №187 жалпы білім беретін мектеп.
Қатысушылар ұсынған үздік «жасыл» тәжірибелер Алматы қаласының білім беру ұйымдарында кеңінен енгізілетін болады.
Өзгеге жол көрсеткен ұстаз
Алматыда білім берудегі өзгерістердің көшін бастауға ұмтылған жас педагогтерді біріктірген «Almaty Ustazy» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды
Адам еңбегінің нәтижесі бірден көрінетін мамандықтар бар. Ал ұстаз еңбегінің жемісі көбіне жылдар өткен соң байқалады. Кеше ғана мектеп партасында отырған шәкірт ертең жауапкершілікті өз мойнына алып, өзгеге жол көрсеткенде, өз кәсібін ашқанда, зерттеуші, дәрігер, инженер болғанда немесе ең бастысы, адалдық пен адамға деген құрметті өмірлік ұстанымына айналдырғанда ұстаз еңбегінің шынайы мәні ашылады. Сондықтан педагогикалық жетістікті бір ғана көрсеткішпен немесе дипломмен өлшеу мүмкін емес.
16 қыркүйекте Алматыда қала әкімдігі мен қалалық Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Almaty Ustazy» қалалық байқауының финалы өтті. Бұл күні бір алаңда мамандығын үнемі ізденіс пен алға ұмтылыс кеңістігіне айналдырған педагогтер бас қосты.
Байқау жас мұғалімдерді қолдауға, олардың кәсіби әлеуетін ашуға, тәжірибе алмасуына және білім берудегі заманауи тәсілдерді танытуына бағытталған. Алайда финал барысында бұл мақсаттардың аясында одан да терең мән жатқаны аңғарылды. Әр қатысушының артында сыныптағы күнделікті еңбек, жаңа шешімдерді іздеу, шәкірт алдындағы жауапкершілік және мектепті бала тек білім алып қана қоймай, ойлануды, сұрақ қоюды, өзіне сенуді үйренетін ортаға айналдыруға деген ұмтылыс тұр.
Байқаудың шешуші кезеңіне мегаполистің 11 үздік педагогі жолдама алды. Олардың әрқайсысы «Мен – көшбасшы мұғаліммін» тақырыбында авторлық жобасын ұсынып, заманауи мектеп пен ондағы ұстаздың рөлі туралы өз көзқарасын ортаға салды. Финалистер өздерінің білім беру тұжырымдамаларын көпшілік алдында қорғап, кейін «Ашық мінбер» форматында қойылған сауалдарға жауап берді. Бұл жерде алдын ала дайындалған мәтіннің тасасында қалу мүмкін емес еді. Мұнда кәсіби ұстаным, ой тереңдігі, пікірін дәлелдей білу қабілеті және ең бастысы, өз ісіне деген шынайы көзқарас бағаланды.
Финалдың жоғары деңгейін қатысушылардың кәсіби дайындығы мен ұсынған жобалары ғана емес, байқаудың өзіндік атмосферасы да айқындады. Жас педагогтер білім беру туралы ашық пікір айтуға, жаңа жолдар іздеуге және өзгерістерге жауапкершілікпен қарауға дайын екенін көрсетті. Өйткені үлкен өзгеріс кейде тұтас жүйеден емес, бір сыныптан, бір сабақтан, бір шәкірттен басталады.
Байқау қорытындысы бойынша «Almaty Ustazy» қалалық байқауының Гран-при жүлдесін М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Мықтыбек Танирберген Бақытжанұлы иеленді. Жеңімпазға 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталып, халықаралық білім беру тағылымдамасына қатысу мүмкіндігі беріледі.
Шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, А. Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназиясының педагогі Мухамет Амина Қойшыбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі, М. Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясының педагогі Ермеккалиев Айбар Утемуратович, физика пәнінің мұғалімі, «Жаңа Ғасыр» №175 гимназиясының педагогі Эркинова Шахноза Нодирқызы, география пәнінің мұғалімі, №122 жалпы білім беретін мектептің педагогі Танатарова Орынша Сәкенқызы, биология пәнінің мұғалімі, №53 мектеп-гимназиясының педагогі Азирбаева Кырмызы Ильяскызы және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, №206 мектеп-гимназиясының педагогі Әлімқазы Еркемай Талғатқызы да ие болды.
Бұл есімдердің әрқайсысының артында өз мектебі, өз шәкірттері, кәсіби ізденісі мен қалыптасу жолы бар. Бір ұстаздың жолын пәніне деген сүйіспеншілік айқындаса, енді бірін қалыптасқан сабақ беру тәсілін жаңартуға деген ұмтылыс алға жетелейді. Ал үшіншісі шәкіртке білім арқылы өз болашағына жол табуға көмектесуді мақсат етеді. Алайда барлығын біріктіретін ортақ қасиет бар. Ол – заман өзгерісінен шет қалмай, білім берудің жаңа талаптарына сай үнемі ізденуге деген ұмтылыс.
«Almaty Ustazy» біртіндеп жас педагогтер тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өз идеяларын еркін ұсына алатын маңызды кәсіби алаңға айналып келеді. Мұнда мұғалімдер өз жетістігін көрсетіп қана қоймайды. Олар кәсіби диалогқа түсіп, бір-бірінен үйренеді, заманауи әдістемелер мен білім беру технологияларын игереді. Ең бастысы, мектептің дамуы, ең алдымен, ұстаздың үздіксіз дамуынан басталатынына көз жеткізеді.
Ұстаз болу – өзгеге жол көрсету ғана емес, сол жолды бірге жүріп өту. Шәкірттің бойындағы қабілетті байқап, оның өз күшіне сенуіне мүмкіндік беру. Білімге деген қызығушылығын оятып, адамдық қасиеттерін қалыптастыру. Сондықтан ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – марапаттан бұрын, оның шәкіртінің жүрегінде қалдырған ізі.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Ұстаздар күні қарсаңында Республика сарайында өтеді. Бұл кеш педагогтерге олардың еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы үшін шынайы алғыс білдіретін ерекше сәтке айналмақ.
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ
Алматыдағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда «Білім мен ғылым – ел дамуының негізі» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім беру мен ғылым арасындағы байланысты нығайту, педагогтердің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыру, заманауи білім берудің өзекті мәселелерін талқылау және тиімді тәжірибелермен бөлісу.
Сараптамалық кездесуге Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Төреқызы, тіл жанашыры Асылы Осман, ғалымдар Асқарбек Қабыкенұлы, Қайыркен Құдайбергенқызы, Бекзада Шакизадақызы, Еділ Ноянұлы, Берік Темірханұлы, Гүлжан Өмірзақызы, Роза Шәріпқызы, сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Нұрланқызы, Алматы қаласы Білім басқармасы ҚББЖТҒӘО басшысы Дәурен Наурызбайұлы, әдіскер Мырзахметова Шапағат, Бостандық ауданы Білім бөлімінің басшысы Айгүл Жұмабекқызы және журналист Рая Ескендір қатысты.
Кездесуді гимназия директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Тілеубай Сәния Өскенбайқызы ашты. Сараптамалық алаңның спикері – «Құрмет» орденінің иегері, педагог-шебер Сафура Сәлімбайқызы.
Кездесу барысында білім сапасын арттыру, педагогтердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру, ғылым мен мектеп тәжірибесінің өзара байланысын күшейту, ғылыми ізденістердің нәтижелерін білім беру үдерісіне енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Қатысушылар білім мен ғылымды ұштастырудың заманауи тәсілдері жөнінде пікір алмасып, педагогтердің зерттеушілік қызметін дамытуға бағытталған тәжірибелерімен бөлісті. Сараптамалық кездесу ғалымдар мен педагогтер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, жаңа идеялар мен тиімді тәжірибелерді ортаға салуға мүмкіндік берді.
Ұстаздар күні қарсаңында Алматы қаласында жас педагогтердің кәсіби әлеуеті мен шығармашылық ізденісін қолдауға бағытталған жаңа байқау бастау алды. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылып отырған байқау Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, көрнекті ғалым-математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевтың 70 жылдығына арналады.
Байқау 2026 жылғы 2-4 қазан аралығында Алматы қаласында өтеді. Оған қаладағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында еңбек ететін физика және математика пәндерінің мұғалімдері қатыса алады.
Байқауға қатысушыларға бірқатар талап қойылады. Үміткерлердің жасы 36-дан аспауы тиіс. Сонымен қатар әр қатысушының біліктілік санаты «педагог-модератордан» төмен болмауы және өзі өкілдік ететін білім беру ұйымында кемінде бір жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Байқауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын Алматы қаласының Білім басқармасы, Алматы қаласының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы, Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығы және Beta High School мектебі бірлесіп жүзеге асырады.
Байқау күздің маңызды кәсіби іс-шараларының біріне айналып, жас педагогтердің білімі мен біліктілігін, шығармашылық әлеуеті мен кәсіби шеберлігін танытуға мүмкіндік береді. Ұстаздың таланты мен ізденісі – қазақстандық білім мен ғылымның жарқын болашағын қалыптастыратын маңызды күш.
Жаңа оқу жылына орай Алматыда 8 жаңа жалпы білім беретін мектеп және қолданыстағы мектептердің қосымша корпустары ашылды. Жалпы 12 065 жаңа оқушы орны құрылды. Бұл туралы қала Білім басқармасында хабарлады.
Биыл Алматыда 32 922 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 30 046-сы мемлекеттік мектептерге, 2 876-сы жекеменшік мектептерге қабылданды.
Қазіргі таңда Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 356 мың бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны шамамен 3%-ға өсті, ал мемлекеттік мектептер саны 10-ға артты.
Жаңа мектептер қосымша оқушы орындарына қажеттілігі жоғары аудандарда ашылды. Алатау ауданында 3 750 орынға арналған үш мектеп, Түрксіб ауданында 6 100 орынға арналған төрт мектеп, Жетісу ауданында 1 200 орынға арналған бір мектеп пайдалануға берілді. №112 және №16 мектептерде әрқайсысы 300 орындық қосымша корпустар ашылды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Алматыда жалпы сыйымдылығы 34 800 орын болатын 21 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қолданыстағы білім беру инфрақұрылымы жаңартылуда. №60, №160 және №124 мектептерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ №15 санаторлық мектеп-интернаты жөндеуден кейін қайта ашылды. 164 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндері бойынша 1 130 заманауи кабинет жабдықталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 60 мың теңгеден берілді. 133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Қаладағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. 235 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы интернет жылдамдығы 100 Мбит/с құрайды.
Қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды. 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп кешенді қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған. «Мектеп автобусы» жобасы аясында 60 мектептің 11 мыңнан астам оқушысы тасымалдаумен қамтылған, бұл үшін 250 автобус жұмылдырылды.
Қала күніне орай Алматы қаласының Білім басқармасы мен Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының (ҚББЖТҒӘО) ұйымдастыруымен Алматы қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының 1–9 сынып білім алушылары арасында «Арман қала Алматы» қалалық әндер байқауы өтеді.
Байқаудың негізгі мақсаты — оқушылардың вокалдық шеберлігі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, музыкалық мәдениетін қалыптастыру және Алматы қаласына деген сүйіспеншілігін ән арқылы жеткізуге мүмкіндік беру.
Байқауға кімдер қатыса алады?
Байқауға Алматы қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының 1–9 сынып білім алушылары қатыса алады.
Қатысушылар екі жас санатына бөлінеді:
• І топ — 1–4 сыныптар;
• ІІ топ — 5–9 сыныптар.
Байқауға қатысу формалары:
• соло — жеке орындаушы;
• ансамбльдік орындау — дуэт, трио, вокалдық топ немесе ансамбль (10 орындаушыға дейін).
Қандай әндерді орындауға болады?
Байқауға ұсынылатын шығарма «Арман қала Алматы» тақырыбына сәйкес болуы тиіс.
Әндер Алматы қаласына, оның тарихына, мәдениетіне, табиғатына, көрікті жерлеріне, заманауи келбетіне немесе туған қалаға деген сүйіспеншілікке арналуы қажет.
Шығармаларды қазақ, орыс және басқа тілдерде орындауға болады. Сондай-ақ байқауға арнайы жазылған авторлық әндерді ұсынуға рұқсат етіледі.
Әр қатысушы байқауға бір ғана шығарма ұсынады.
Байқаудың маңызды талабы
Байқауда басты назар қатысушының жанды вокалдық орындауына, вокалдық шеберлігіне және шығармашылық қабілетіне аударылады.
Қатысушылар фонограмманы («минусовка») немесе жанды музыкалық аспапты пайдалана алады. Алайда фонограммада негізгі вокал партиясының болуына жол берілмейді.
Сахналық қойылымды толықтыру үшін бейнеролик, анимация, цифрлық фон және басқа да визуалдық материалдарды пайдалануға болады. Оларды дайындау кезінде жасанды интеллект құралдарын қолдануға да рұқсат етіледі.
Бұл ретте жасанды интеллект қатысушының дауысын алмастыру, вокалды жасанды түрде орындау немесе басқа адамның дауысын имитациялау үшін пайдаланылмауы тиіс.
Байқау кезеңдері
Байқау екі кезеңде өткізіледі:
• Аудандық кезең — 2026 жылғы 7–11 қыркүйек;
• Қалалық кезең — 2026 жылғы 14–18 қыркүйек.
Қалалық кезеңге әр ауданнан әр жас санаты бойынша соло және ансамбльдік орындау формасында І орын алған қатысушылар ұсынылады.
Қалалық кезеңнің нақты өтетін күні, уақыты мен орны қатысушыларға қосымша хабарланады.
Қатысушылар қалай бағаланады?
Қатысушылардың өнерін музыка және вокал саласының мамандары, музыка пәні мұғалімдері, өнер мектептерінің педагогтері, кәсіби орындаушылар мен мәдениет саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалайды.
Бағалау 10 балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Негізгі критерийлер:
• вокалдық шеберлік;
• интонациялық және ырғақтық тазалық;
• байқау тақырыбына және таңдалған шығармаға сәйкестік;
• сахна мәдениеті;
• шығармашылық идеясы және орындау ерекшелігі;
• шығарманың қатысушының жас ерекшелігіне сәйкестігі.
Марапаттау
Байқау қорытындысы бойынша әр жас санаты және орындау форматы бойынша Бас жүлде, I, II және III орын иегерлері дипломдармен марапатталады.
Қалған қатысушыларға сертификаттар табысталады.
Алматы қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы қызметті лицензиялау мәселелері бойынша 27–31 тамыз аралығында қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларына арналған ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға қаладағы 203 мемлекеттік және 896 жекеменшік балабақшаның басшылары қатысты.
Кездесулер барысында сала мамандары лицензиялау талаптары мен әрбір критерий бойынша жан-жақты түсініктеме беріп, қатысушылардың сұрақтарына толық жауап ұсынды.
Түсіндіру жұмыстарына Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері Бахтияр Усенов пен Гульдана Омарова, Алматы қаласы Білім басқармасының арнайы және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева, «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының» педагогтерді аттестаттау және біліктілігін арттыру бөлімінің басшысы Раушан Лукпанова, сондай-ақ Қалалық құзыреттер ресурстық орталығының бас маманы Жазира Сатыбалдиева қатысты.
Түсіндіру жұмыстары мектепке дейінгі ұйым басшыларының лицензиялау талаптары бойынша хабардарлығын арттыруға және лицензия алу процесіне қатысты мәселелерді жан-жақты түсіндіруге бағытталды.
Алматы қаласының Білім басқармасы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Ынтымақтастық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен, SDU University, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетімен және «De Montfort University»-мен орнатылды.
Меморандумдардың негізгі мақсаты – Алматы мектептерінің өзекті қажеттіліктерін ескере отырып, педагог кадрларын даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, жас мамандарды қолдау және олардың қаланың мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау.
Ынтымақтастық аясында:
🔹 болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттыру;
🔹 студенттердің педагогикалық практикасы мен академиялық ұтқырлығын дамыту;
🔹 жоғары оқу орындары түлектерінің Алматының мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
🔹 оқушылармен бірлескен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу;
🔹 ғылыми-зерттеу және әдістемелік жобаларды іске асыру;
🔹 педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу көзделген.
Жаңа серіктестік жоғары және орта білім беру жүйелері арасындағы байланысты нығайтып, болашақ педагогтер үшін «жоғары оқу орны – практика – жұмысқа орналасу – кәсіби даму» бағытындағы тиімді кәсіби траекторияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алматыдағы білім беру ұйымдарының желісі кеңейіп, білім беру инфрақұрылымы жаңарып жатқан қазіргі кезеңде білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық педагог мамандығының жастар арасындағы тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.
Республика сарайында Алматы педагогтерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы конференция «Алматы – білім мен инновация орталығы: жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде адами капиталды дамыту» тақырыбына арналды. Іс-шара жаңа оқу жылы қарсаңында қаланың педагогтер қауымын біріктіріп, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.
Тамыз конференциясы Алматыдағы білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, тәрбие жұмысын жетілдіру, цифрлық трансформация және заманауи білім беру технологияларын енгізу мәселелерін талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды.
Конференцияның негізгі тақырыбы – білім беру арқылы адами капиталды дамыту. Бұл ретте конституциялық және ұлттық құндылықтарды мектеп мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруға ерекше мән берілді. Әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік сияқты қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңірумен қатар, білім беру нәтижелерін арттыру, функционалдық сауаттылықты, цифрлық құзыреттер мен ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту міндеттері белгіленді.
Іс-шара аясында Алматының білім беру ұйымдарының жетістіктері мен озық тәжірибелері ұсынылған мультимедиялық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Халықаралық бакалавриат мектептерін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жобалар, педагогтердің шетелдік тағылымдамалары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, мектепке дейінгі білім берудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағыттары таныстырылды.
Пленарлық сессия барысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы талқыланды. Сессияға отандық және халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында ғалым, профессор Еркін Дүйсенов, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Еркеболат Нұржігітов, Қытай Халық Республикасының өкілі Никки Чен және Ananya Mishra бар.
Конференцияның маңызды бөлігі – білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік педагогтерді марапаттау рәсімі болды.
Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатымен білім беру жүйесінің 10 қызметкері марапатталды. Олардың қатарында 10 жылдан 40 жылға дейінгі еңбек өтілі бар ұстаздар, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер, колледждер мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Сонымен қатар, қаланың үздік білім беру ұйымдары анықталды. 2026 жылы Алматының үздік орта білім беру ұйымы – Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиясы деп танылды. Білім беру ұйымына Алматы қаласы әкімінің 68 млн теңге көлеміндегі грантының сертификаты табысталды.
Ал техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің үздік ұйымы – Алматы технологиялық колледжі атанды. Колледжге материалдық-техникалық базаны және оқу процесінің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуін жетілдіруге арналған 68 млн теңге көлеміндегі грант сертификаты табысталды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен білім беру саласының 13 өкілі марапатталды. Олардың қатарында көп жылғы еңбегімен танылған, жоғары кәсіби шеберлік көрсетіп жүрген педагогтер бар.
Марапатталғандардың арасында ұстаздық жолын білім саласына арнаған ардагер педагогтер де бар. «Еңбек ардагері» құрметті атағына 45 жылдық еңбек өтілі бар екі педагог ие болды. «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен жеті білім беру қызметкері, ал «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен төрт педагог марапатталды.
Тамыз конференциясы жаңа оқу жылы қарсаңындағы кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналып, Алматының білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған ортақ басымдықтарды айқындады. Басты міндет – жоғары білім нәтижелерімен қатар, білім, құндылық, заманауи технология және педагогтің кәсіби шеберлігі үйлесім тапқан заманауи мектеп қалыптастыру.
Конференция соңында қазақстандық өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті.
2026 жылдың 7 тамызында Алматы технологиялық колледжісінде «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заңдылықты қамтамасыз ету, білім беру ортасының қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметті жүзеге асыру тәуекелдерін азайту мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шара Алматы қаласы Білім басқармасының ұйытқы болуымен, Алматы қаласы прокуратурасының, Алматы қаласы полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің, Алматы қаласының мемлекеттік және жекеменшік колледж директорларының қатысуымен өтті.
Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін тиімді басқарудың өзекті мәселелері қаралды.
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы С.Ж. Аралбаев колледждердегі тәрбие жұмысының проблемалары, жүйелі профилактикалық жұмыстың қажеттілігі, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы ерекше атап өтті.
Алматы қаласы Білім басқармасының жоспарлау-қаржылық жұмыс және бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Д.Т. Бозымбаева ТжКБ ұйымдарының бюджеттің атқарылуы, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы және қаржылық тәртіптің сақталуы туралы баяндама жасады.
Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Ысқақ Д.Ж. жастар арасындағы заңдылықтың жай-күйі, орын алып отырған өзекті мәселелер, сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылықтар мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар туралы қатысушыларға жан-жақты ақпарат берді.
Алматы қаласы ювеналды полиция бөлімінің басшысы Ж.Т. Шонжанова қатысушыларды колледж студенттері арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенімен таныстырды.
Кеңес қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуге, қаржылық тәртіпті нығайтуға және Алматы қаласының ТжКБ ұйымдарында басқару сапасын арттыруға бағытталған кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тиімді алаңға айналды.