Алматы қаласында «Үздік педагог – 2026» конкурсы басталды

Алматы қаласында «Үздік педагог – 2026» конкурсы басталды

 

«Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығы негізінде Алматы қаласында білім беру ұйымдарының педагогтері арасында кәсіби шеберлік конкурсы басталды.

 

«Үздік педагог» конкурсына меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының, орта білім беру ұйымдарының, арнайы білім беру ұйымдарының, қосымша білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады. Конкурсқа құжаттарды ұсыну кезінде кемінде 5 (бес) жыл үздіксіз педагогикалық еңбек өтілі бар педагогтер қатыса алады.

«Үздік педагог» атағы жыл сайын білім беру ұйымдарының педагогтеріне конкурстық негізде беріледі. «Үздік педагог» атағы бір педагогке 10 (он) жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.

 

І кезең – аудандық.

2026 жылғы 27 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында өткізіледі.

Бұл кезеңде ІІ кезеңге қатысу үшін конкурстық комиссия ұсынған аудан деңгейіндегі конкурс жеңімпаздары айқындалады:

  • 2026 жылғы 27 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында конкурстың аудандық кезеңіне қатысушылар министрліктің ақпараттық жүйесіне құжаттарды (материалдарды) жүктейді.
  • 2026 жылғы 4 - 11 қыркүйек аралығында аудандық конкурстық комиссияның шешімі шығарылады.
  • II кезең – қалалық.
  • 2026 жылғы 14 - 21 қыркүйек аралығында өткізіледі.

Бұл кезеңде ІІІ кезеңге қатысуға ұсынылатын жеңімпаздар айқындалады:

  • 2026 жылғы 14 - 16 қыркүйек аралығында конкурсқа қатысушылар министрліктің ақпараттық жүйесіне құжаттарды (материалдарды) жүктейді.
  • 2026 жылғы 17 - 21 қыркүйек аралығында қалалық конкурстық комиссияның шешімі шығарылады.

III кезең – республикалық.

2026 жылғы 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізіледі.

Бұл кезеңде конкурстың түпкілікті жеңімпаздары айқындалады:

  • 2026 жылғы 22 қыркүйек пен 2 қазан аралығында конкурсқа қатысушылар министрліктің ақпараттық жүйесіне құжаттарды (материалдарды) жүктейді.
  • 2026 жылғы 5 - 15 қазан аралығында Республикалық комиссия мүшелері қатысушылардың материалдарын қарайды, сондай-ақ конкурсқа қатысушылардың Астана қаласының білім беру ұйымдарында күндізгі (офлайн) форматта өткізетін ашық сабақтарын бағалайды.

Конкурстың I кезеңіне қатысу үшін үміткер Министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электронды форматта мынадай құжаттарды (материалдарды) қоса бере отырып, конкурсқа қатысуға өтінім береді:

  • оқыту тіліндегі портфолио (педагог портфолиосының құрылымы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады);
  • сабақ (оқу) жоспарын ұсына отырып: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін – ұзақтығы 7 (жеті) минуттық бейнесабақ;
  • орта, арнайы, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері үшін – ұзақтығы 15 (он бес) минуттық бейнесабақ/оқу сабағы;
  • сондай-ақ Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша бейнероликке қойылатын талаптар мен техникалық шарттарға сәйкес озық педагогикалық тәжірибені трансляциялау (уақыты 5 (бес) минутқа дейінгі бейнеролик);

Министрлік айқындайтын тақырыптағы көлемі 500 (бес жүз) сөзден аспайтын эссе.

 

«Үздік педагог» конкурсына қатысу үшін құжаттарды жүктеу келесі сайт арқылы жүзеге асырылады: https://uzdikustaz-nobd.edu.kz/

Дата публикации
26 августа 2026