
Пәкістандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі федералдық министрі Сардар Мұхаммад Юсуфпен кездесті.
Тараптар конфессияаралық диалог саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы жөнінде пікір алмасты. С. Юсуф өз қызметі аясында Қазақстанмен өзара іс-қимылды нығайтуды қоса алғанда, бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Е. Қыстафин әңгімелесушіні саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Елші С. Юсуфке 2025 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің 8-ші съезіне ресми шақыру табыс етті.
Министр Қазақстанның діни саладағы жаһандық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтіп, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін қазіргі әлемнің өзекті сын-қатерлеріне жауап беретін бірегей халықаралық алаң ретінде жоғары бағалады. Сондай-ақ ол қазақстандық тараппен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, Съезд жұмысына қатысу ниетін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Пәкістанның теологиялық ЖОО-лары арасындағы өзара іс-қимылды да жандандыруға уағдаласты.