Ереже

Алматы қаласы әкімдігінің

2020 жылғы «7» шілдедегі

№ 3/233 қаулысымен бекітілген

 

 

 

«Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы» коммуналдық

мемлекеттік мекемесі туралы

Ереже

 

 

  1. Жалпы ережелер

 

  1. «Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Алматы қаласының аумағында қолданыстағы заңнаманың шеңберінде діни саясат саласындағы үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
  2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық түріндегі заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі және мөртаңбалары, бекітілген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
  4. Басқарма өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
  5. Басқарма, егер заңнамаға сәйкес оның тиісті өкілеттігі болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың  тарапынан іс-қимыл жасауға құқылы.
  6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіпте Басқарманың басшысы бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  7. Басқарманың құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
  8. Басқарманың орналасқан жері: 050001, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 4 үй.
  9. Басқарманың толық атауы:

 - «Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы»  коммуналдық  мемлекеттік мекемесі.

  1. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
  2. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаттарының есебінен жүзеге асырылады.
  3. Басқармаға Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынаста болуға тыйым салынады.

         Егер Басқармаға заңнамалық актілермен  кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы  берілсе, онда  осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

  1. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттері

 

  1. Басқарманың миссиясы конфессияаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттің зайырлылық қағидасын дамыту саласында мемлекеттік реттеу болу болып табылады.
  2. Басқарманың міндеттері:

1) конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру және жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу,  дінді деструктивті мақсатта қолдануға жол бермеу;

  • азаматтардың діни нанымдар бостандығына құқықтарын және діни бiрлестiктермен және миссионерлермен қызметін іске асыру саласында болып жатқан үдерістерді  жан-жақты және шынайы зерттеу, жалпылау және талдау;
  • Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамаларына аясында діни бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың қызметін бақылау, талдау және үйлестіру;
  • мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасындағы серіктестікті қамтамасыз ету және дамыту, діни бірлестіктер, мемлекеттік және азаматтық секторлар арасында диалогтық алаңдар құру;
  • қоғамның радикалдануына әсер ететін, ұлттық қауіпсіздік пен зайырлы мемлекеттің конституциялық негіздеріне нұқсан келтіретін деструктивті діни ағымдар идеологиясының және діни экстремизмнің таралуын алдын алу;
  • Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша  нормативтік-құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;

7) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес және Басқармаға Алматы қаласының әкімі жүктеген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

  1. Басқарманың функциялары:

1) дiни ахуал динамикасын және конфессияаралық қарым-қатынас жағдайын зерделейді және талдау жүргiзеді;

2) діни оқу орындарының (университет, медереселер, жексенбілік мектептер, семинариялар және т.б.) қызметінің бекітілген оқу бағдарламаларына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді;

3) Алматыдағы діни ахуалға мониторинг жүргізуге және конфессияаралық қатынастар саласындағы жағымсыз тенденцияларды уақытылы анықтауға бағытталған әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;

4) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының конфессияаралық қатынастар және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзеді;

5) деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарды оңалту және бейімдеу бойынша жұмыс істеуге білікті теологтарды даярлау мақсатында теологиялық оқу орындары және діни бірлестіктермен өзара жұмыс жасайды;

6)  діни қызмет саласындағы және конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;

7) қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру бойынша шаралар өткізеді;

8) интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы насихаттық жұмыстарын жүргізеді;

9) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу бойынша құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгізеді;;

10) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  заңнамасын  бұзуға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

11) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру                  іс-шараларын жүзеге асырады; 

12) азаматтың діни нанымдар бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

13) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  заңнамасын  бұзуға қатысты мәселелерді қарайды;

14) өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ресми түсіндірулер береді;

15) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдерін тексереді;

16) миссионерлік қызметпен айналысатын тұлғаларды тіркеуді жүзеге асырады;

17) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім шығарады;

18) діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім шығарады;

19) діни ғимараттарды (құрылыстарды) салу, олардың орналасқан жерін анықтау, сондай-ақ ғимараттарды (құрылыстарды) діни ғимараттарға (құрылыстарға) айналдыру (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім қабылдауға қатысады;

20) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтырады, сондай-ақ діни қызметке байланысты мәселелер бойынша талапкер немесе жауапкер, сондай-ақ үшінші тарап ретінде сотқа қатысады;

21) заңнамамен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. Басқарманың құқықтары және міндеттері:

1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан, қоғамдық ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын атқаруға қажетті ақпарат пен материалдарды сұратып алу;

2) барлық қоғамдық, діни және мәдени шараларға қатысуға;

3) діни бірлестіктер құру және олардың қызметі, сондай-ақ азаматтардың діни нанымдар бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы нормативтік  құқықтық актілерді әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу;

4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

5) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер,  семинарлар, конференциялар,  дөңгелек үстелдер және өзге де отырыстар өткізу;

6) Алматы қаласының әкіміне Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша  ұсыныстар енгізу;

7) белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің және мәслихат шешімдерінің жобаларын енгізу; 

8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

 

 

  1. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

 

  1. Басқармаға басшылықты басшы жүзеге асырады, ол басқармаға жүктелген міндеттер мен функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапкершілікте болады.
  2. Басқарма басшысы Алматы қаласының әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады және қызметінен босатылады.
  3. Басқарма басшысының қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
  4. Басқарма басшысының өкілеттігі:

1) Басқарманың барлық жұмысын ұйымдастырады және басқарады және басқармаға жүктелген міндеттер мен функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапкершілікте болады;

2) Басқармадағы өзінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының міндеттерін және өкілдіктерін белгілейді;

3) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапкершілікте болады;

5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

6) қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте Басқарманың қызметкерлерін көтермелеу, тәртіптік жаза қолдану бойынша шаралар қабылдайды;

7) Басқарманың құрылымын және оның бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;

8) өз құзыретінің шегінде бұйрықтар шығарады;

9) Басқарма атынан барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда өкілдік етеді;

10) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

 

  1. Басқарманың мүлкі

 

  1. Басқармада қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүліктен, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктен (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
  2. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

 

  1. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

 

  1. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дата публикации
14 сентября 2020