1-тарау. Жалпы ережелер
- "Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі– Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармағына сәйкес әзірленген және және "Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру" мемлекеттік қызмет (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
- Мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға сәйкес көрсетеді.
Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар (бұдан әрі – діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар) – ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналасқан нысаналы мақсатты діни жораларды, діни құлшылықтарды, рәсімдерді өткізу үшін айқындалған күрделі стационарлық ғимарат немесе күрделі стационарлық ғимараттағы жеке үй-жай;
2) діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
3) діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет.