
Медициналық қалдықтар- емдеу-сауықтыру мекемелерінде пациенттергемедициналық қызметтер көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын қалдықтар.
Медициналық қалдықтар адам денсаулығына несімен қауіпті?
Медициналық мекемелерде түзілген қалдықтар ережеге сәйкес дұрыс жойылмаған болса, бұл сол мекеменің қызметкерлері арасында әртүрлі қауіпті аурулардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Медициналық қалдықтардың қауіптілігі-оның құрамында көптеген ауру тудыратын микробтар,түрлі вирустар мен бактериялардың болуына байланысты. Пайдаланылған, залалсыздандырылмаған медициналық құралдар мен материалдармен жұмыс жасау кезінде персонал қағида талаптарын сақтамаса өткір, үшкір қалдықтардан адам жарақаттанып, денесін кесіп алуы мүмкін. Жарақат алған жерлер арқылы қанмен жұғатын В және С гепатиттері, АИТВ инфекциясы және т.б. қауіпті аурулардың қоздырғыштары тікелей қанға енуі мүмкін. Адам инфекцияны өзіне жұқтырғанымен қоймай, ауруды тарата отырып, айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар, медициналық қалдықтарда улы және радиоактивті заттар болуы мүмкін, олар топыраққа, ауаға және суға түсіп, қоршаған орта экологиясына кері әсерін тигізіп, үлкен зиян келтіреді.