
Әрбір ата-ана балаларына мерекелерде, туған күндерінде, тіпті болмаса кез келген уақытта қуаныш сыйлау үшін тосын сый жасап, ойыншық сатып алуға асығады. Осы орайда, базарлар мен дүкен сөрелерінде самсаған түрлі-түсті осы тауарлардың қаншалықты бала денсаулығына қауіпсіз екендігін біле бермейміз.
Ойыншық сатып алар алдында бірінші кезекте, ойыншықтың сыртқы пішініне, оның, жабысқақ болмауына назар аудару қажет. Қолмен ұстағанда бояуы жұқпауы тиіс. Себебі, бала, әсіресе, кішкентай сәби әр нәрсені аузына салады, ал, сілекеймен бірге зиянды бояу ішкі құрылыстарына түсіп, денсаулығына зиян келтіреді. «Кейбірінің шеттері, бұрыштары өткір, үшкір болады, бұл баланы зақымдауы ықтимал. Одан спецификалық жағымсыз иіс шықпауы, ызғырық дыбысы болмауы тиіс. КО ТР 008/2011 талаптарына сәйкес, оның таңбалануында, өндірушінің атауы мен тауар белгісі, қолдану шарттары, өндірілген мерзімі, шыққан елі орыс және қазақ тілінде жазылуы, балалардың жасына орай шектеулердің болуы қажет. Сондай-ақ, Кеден Одағының мүше мемлекеттерінің бірыңғай белгісімен таңбалануы тиіс.