GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
20 октября 2026
Ақтөбе «ROAD TO ASTANA 2027» Республикалық эстафетасын қабылдады!

 

Ақтөбедегі Үстел теннисі орталығында «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық эстафетасы аясында үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми туын таныстыру рәсімі өтті.

Ақтөбе әлем чемпионатының ресми туын қабылдаған Қазақстандағы үшінші қала әрі республикалық эстафетаның батыс өңіріндегі басты аялдамасы болды.

Салтанатты рәсімде әлем чемпионатының туын Қазақстан чемпионатының жүлдегері Рахман Алтынбекұлы мен халықаралық турнирдің жүлдегері Нұрай Жанаева көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара спорттық-мәдени фестивальмен жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтары шеберлік сабақтарына, көрсетілім ойындарына және түрлі интерактивті іс-шараларға қатысты. Фестиваль аясында ұлттық өнер мен спорт үйлесім тауып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, үстел теннисінен әлем чемпионаты Орталық Азияда алғаш рет өтеді. Әлемдік дода 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астана қаласында ұйымдастырылады.

Эстафетаның келесі аялдамасы – Түркістан қаласы. Одан кейін әлем чемпионатының ресми туы елордаға жеткізіледі.

20 октября 2026
Темір ауданында балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы іске қосылмақ

 

Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында мүгедектігі бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы жұмысын бастауға дайын. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен 100 орынға арналған орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылды.

Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылыстары, оның ішінде аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған.

Балалардың орталықта күндізгі уақытта күніне төрт сағаттан бастап болуына мүмкіндік қарастырылған. Қажет болған жағдайда Ойыл, Мұғалжар, Байғанин, Қобда және Алға аудандарынан келетін балалардың түнгі уақытта да болуына жағдай жасалады. Орталықта балалардың жағдайына қарай алты айға дейін уақытша немесе ұзақ мерзімді күтім мен оңалту қызметтері ұсынылады.

Мекемеде психолог, логопед, дефектолог кабинеттері, емдік дене шынықтыру, механотерапия, ерте дамыту, бейімделген дене шынықтыру, АВА-терапия, робототехника, музыка және сенсорлық терапия бөлмелері заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар қыш және тігін шеберханалары, тұз бөлмесі жұмыс істеуге дайын.

Арнайы әлеуметтік қызметтерді педагог мамандар дәрігерлермен бірлесіп көрсетеді. Олардың қатарында психиатр, невропатолог, травматолог, реабилитолог және педиатр бар. Қазіргі уақытта орталық мамандары Астана қаласынан келген эрготерапевттердің қатысуымен оқыту семинарлары мен практикалық сабақтардан өтуде.

Орталықтың іске қосылуы 84 адамның жұмысқа орналасуына сеп болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік лицензия алынған, ал ата-аналар балаларды қабылдауға қажетті құжаттарды, соның ішінде медициналық тексеру нәтижелерін жинақтауда.

Жалпы, Темір ауданын қоса алғанда, облыстың алты ауданынан 480 баланы кезең-кезеңімен арнайы әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарланып отыр.

19 октября 2026
Қазақстан құрамасы семсерлесуден Әлем кубогының жеңімпазы атанды!

 

Марокконың Касабланка қаласында өткен 2026/2027 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасы сапымен семсерлесуден алтын медаль жеңіп алды.

Финалдық кездесуде отандастарымыз Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

🇰🇿 Ұлттық құрама сапында:
* Александр Федотов
* Кирил Павлов
* Кирилл Проходов
* Вадим Шарлаимов

Айта кетейік, ұлттық құрама құрамында ақтөбелік спортшы Александр Федотов та өнер көрсетті. Ол команданың табысты өнер көрсетуіне өз үлесін қосып, Әлем кубогының алтын жүлдегері атанды.

Қазақстандық семсерлесушілер турнир барысында Түркия құрамасын 45:20, Гонконг командасын 45:28 есебімен жеңіп, шешуші кезеңдерде де жоғары шеберлік танытты.

Спортшыларымызды айтулы жеңісімен құттықтаймыз!

19 октября 2026
2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін ескере отырып, халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды.

Алдағы өзгерістерге байланысты өңір басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау көрсетудің жаңа қағидатына көшуді көздеп отыр. Оның негізгі ұстанымы – «Алдымен қажеттілікті анықтау, содан кейін мақсатты көмек».

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл деңгей «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы анықталады.

«Жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын 70-тен астам критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйінің, жер учаскелері мен көлік құралдарының болуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, мал саны және басқа да көрсеткіштер бар. Бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. «А» және «В» санатындағы отбасылар негізінен өз жағдайын өз бетінше қамтамасыз етуге қабілетті азаматтар қатарына жатса, «С», «D” және «Е» санатындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады», – деп нақтылады Ләззат Оразбаева.

2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемнің 14 түрі берілмейді. Олардың қатарында баланың тууына байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін төлемдер, III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар бар.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтардың жекелеген санаттарына және I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақылар да өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгерістер қазіргі уақытта төлем алып отырған азаматтарға да, алдағы уақытта жәрдемақы тағайындауға өтініш беретіндерге де қатысты болады.

Баяндамашының айтуынша, ақпараттық жүйе банктердің және басқа да мемлекеттік органдардың деректер базаларымен ықпалдастырылып жатыр. Осыған байланысты аталған санаттарға жататын отбасылардың саны өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар eGov порталында азаматтарға өз отбасының санатын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы калькулятор қолжетімді.

Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров алдағы өзгерістердің себептері мен тәртібін халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, отбасының табыс деңгейіне байланысты төлемдердің тоқтатылуы нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі тиіс. Әрбір азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғаны туралы нақты әрі негізделген жауап алуы қажет. Бағалау кезінде жүйеде көзделген барлық көрсеткіш, соның ішінде мүлік, табыс және жұмыспен қамтылу деңгейі ескерілуі керек.

Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп жүргізіліп, азаматтармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

19 октября 2026
Ақтөбе облысында су үнемдеу технологиялары 12,3 мың гектар жерге енгізілді

 

Ақтөбе облысында ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру, заманауи суару жүйелерін енгізу және суармалы егіншілікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, биыл облыстың басым бөлігінде вегетациялық кезең ауа райының қолайлы жағдайында өтті. Алайда Әйтеке би ауданында жауын-шашынның аз болуы және шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер етті. Нәтижесінде гектарына 8,3 центнерден өнім жиналды.

Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы тұрақты суармалы жерлердің жалпы көлемі 17,7 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Қарғалы және Мәртөк аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында орналасқан.

Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суға деген қажеттілігі өңірдегі су қоймалары мен негізгі өзендердің есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су қоры суару жұмыстарын жүргізуге жеткілікті болған.

Қарғалы су қоймасындағы су көлемі 98,9 млн текше метр, Ақтөбе су қоймасында 98,4 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 3,2 млн текше метрді құрады. Сонымен қатар суару үшін Елек, Қарғалы, Жем, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Ор және Темір өзендерінің су ресурстары пайдаланылды.

Суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде мұндай технологиялар 12,3 мың гектар алқапта қолданылады. Оның 11,8 мың гектарына заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізілсе, 0,5 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы пайдаланылады. Сондай-ақ шаруашылықтарда автоматтандырылған «ақылды суару» жүйелері мен жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылады.

Заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тиісті шығындарының 50-ден 80 пайызға дейінгі бөлігін өтейді. 2025 жылы осы мақсатқа 176 млн теңге инвестициялық субсидия бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 206 млн теңгені құрады.

2019 жылдан бері өңірде «Қазсушар» бағдарламасы аясында 9,3 мың гектар суармалы жерді қамтитын ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау және ішінара Қарғалы аудандарындағы 5 мың гектар алқапта жұмыстар аяқталған. Қарғалы ауданында және Ақтөбе қаласында тағы 4,3 мың гектар жердің ирригациялық инфрақұрылымын қалпына келтіру жалғасуда.

Сонымен қатар қалпына келтірілген суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесі өзекті болып отыр.

Осыған байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті атқарушы органның теңгеріміндегі ирригациялық нысандарды түгендеп, олардың техникалық жай-күйі мен пайдалануға дайындығын бағалауды Табиғи ресурстар басқармасына тапсырды.

«Барлық суармалы жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, қалпына келтірілген нысандардың бос тұруына жол бермеу қажет. Егер шаруашылықтар өздеріне берілген жерлерді пайдаланбаса, оларды қайтарып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуға дайын кәсіпкерлерге беру мәселесін пысықтау керек. Ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтірумен ғана шектелмей, егіс алқаптарын ұлғайту және өнімділікті арттыру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аудару керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне су ресурстарының пайдаланылуына талдау жүргізуді, каналдар мен ирригациялық жүйелердің техникалық жай-күйін бағалауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және инфрақұрылымның келесі суару маусымына дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

19 октября 2026
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында этнопарк ашылды

 

Ақтөбе облысында кәсіпкер Жандос Исин «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен туристік жобаны жүзеге асырды. Су қоймасының жағасында орналасқан этнопарк аумағында бес киіз үй жабдықталған. Мұнда келушілер табиғат аясында демалып, қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлі тұрмысымен таныса алады.

Этнопарк құру идеясы кәсіпкерде Мемлекет басшысының Жолдауларының бірінде туризмді дамыту мәселесі көтерілгеннен кейін пайда болған. Жандос Исин осы бағытқа өз үлесін қосып, қонақтар тек демалып қана қоймай, қазақ халқының тарихы мен дәстүрлеріне де жақынырақ үңіле алатын орын ашуды ұйғарған.

«Президент өзінің Жолдауларының бірінде ішкі туризмді дамыту мәселесін көтерді. Біз Ресей Федерациясымен шекаралас аймақта орналасқанбыз. Сондықтан қонақтарды қабылдап қана қоймай, оларды қазақ халқының мәдениетімен таныстыратын туристік нысан құру туралы ой келді», — дейді Жандос Исин.

Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естігеннен кейін бизнес-жоспар әзірлеп, «Ақтөбе» ӘКК-не жүгінген. Өтінімі мақұлданған соң этнопарк құру жұмыстарына кіріскен.

Алғашқы кезеңде ауданы 40 шаршы метр болатын киіз үйі бар шолу алаңы салынды. Уақыт өте келе аумақ кеңейіп, бүгінде мұнда ұлттық нақышта безендірілген бес киіз үй орналасқан. 

Этнопарктің ерекшелігі — оның табиғи ортасы мен ұлттық сәулет үлгісінде. Жақын маңда су қоймасы бар, ал аумақта демалыс аймағы жабдықталған. Мұнда келушілер таза ауада тынығып, табиғат аясында уақыт өткізе алады. Этнопарктің ұлттық келбетін саз балшықтан тұрғызылған саман үйлер мен дәстүрлі тұрмыс элементтері толықтырады. Олар қазақ ауылының атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Киіз үйлердің іші де ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда сандықтар мен қазақтың дәстүрлі тұрмысында қолданылған басқа да бұйымдарды көруге болады. Кәсіпкер олардың көпшілігін түрлі елді мекендердің тұрғындарынан жинаған. Ол интерьердің әрбір бөлшегі арқылы қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігі мен рухын жеткізуге тырысқан.

Сонымен қатар ұлттық нақыш заманауи қолайлылықтармен үйлесім тапқан. Киіз үйлерге жылы еден жүйесі мен кондиционерлер орнатылған. Бұл келушілерді жылдың әр мезгілінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Жандос Исиннің жобасы «Ауыл аманаты» бағдарламасының кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға, туристік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа демалыс орындарын ашуға ықпал ететінін көрсетеді. Этнопарк табиғи мүмкіндіктер мен ұлттық дәстүрлерді ұштастырып, қонақтарға қазақ халқының мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға жол ашады.

19 октября 2026
Құтқарушылар күні құтты болсын!

 

Ерлік, кәсібилік және көмекке келуге дайын болу - құтқарушылардың басты қасиеттері.

Барша құтқарушыға зор денсаулық, амандық, қауіпсіз кезекшілік және әрбір шақыртудан аман-есен оралуды тілейміз!

18 октября 2026
Жапонияда V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті

 

18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір өтетін Азия пара ойындары биыл 45 елінен келген 4 000-ға жуық спортшының басын қосты. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғайды.

Ойындардың ашылу салтанаты Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтті. Салтанатты шара аясында қатысушы елдердің ұлттық құрамалары шеру жасап, Қазақстан делегациясы да сап түзеп шықты.

Ашылу рәсімінде Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу мәртебесі — Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылғы Ханчжоу Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбековке және пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мерекеге бұйырды.

«Осындай ауқымды халықаралық аренада Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Кезінде мен де теледидардан өзім сияқты спортшылардың өнер көрсеткенін көріп, спортқа келген едім. Олардың жетістіктері мені жігерлендіріп, спорттағы жолымды бастауға шабыт берді. Бүгінде біз өз еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрміз. Біздің өнерімізді көрген өзге де жандар паралимпиадалық спортпен айналысуға ынталанып, өз күшіне сеніп, жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылады деп үміттенемін», — деді Дастан Мұқашбеков.

V Азия Пара ойындарының ашылу салтанатының басты шығармашылық тұжырымдамасы WABI — We Are Beautiful Individuals («Әрқайсымыз өз даралығымызбен әдеміміз») деп аталды. Бұл идея Аичи өңіріндегі дәстүрлі шай рәсімімен байланысты жапон халқының «ваби» философиясынан бастау алады. Тұжырымдаманың негізгі мәні — әр адамның өзіндік ерекшелігі мен даралығын дәріптеу. Ол мүгедектігіне, ұлтына немесе мәдениетіне қарамастан, адамдардың өзара құрметі мен бірлігі баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға жол ашатынын көрсетеді.

«Қазақстан Азия Пара ойындары өз бастауын алғалы тұрақты қатысып келеді. Әр төрт жыл сайын ұлттық құрамамыздың қатары көбейіп келе жатқандығы ерекше қуантады. Мәселен, Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан 131 спортшы сынға түссе, биыл еліміздің намысын 150 спортшы қорғайды. Бұл Қазақстанда паралимпиадалық спорттың жүйелі түрде дамып, мүгедектігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын айқын белгісі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың маңызы зор. Соның бірі — 2025 жылы заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітіліп, оларды мемлекет есебінен сүйемелдеу мүмкіндігінің қарастырылуы. Аталған қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025–2027 жылдарға тиісті қаржы бөлінген. Биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 сүйемелдеуші тұлға келді. Мұндай шаралар спортшылардың халықаралық жарыстарға толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасап, олардың жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне қосымша мүмкіндік береді», — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Қасқырбаев Марат Дайырұлы.

V Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар 12 спорт түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара садақ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис. 

«Биыл Қазақстан Азия Пара ойындарында арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынап отыр. Бұл — біздің команда үшін тарихи сәт. Елімізде арбадағы теннис енді ғана қарқын алып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Дегенмен осы қысқа уақыт ішінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Енді міне, Азия Пара ойындарында алғаш рет өнер көрсеткелі отырмыз. Бұл — біз үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес. Алдағы уақытта Паралимпиада ойындарына да қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаймыз деп сенеміз», — деді арбадағы теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Айжан Бутимбаева.

Айта кетейік, V Азия Пара ойындарының бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген. Жалпы 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар 24 қазанға дейін Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласындағы спорт нысандарында өтеді.

Қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жарыстарды Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.

18 октября 2026
Шалқар көлі жағалауында сенбілік жұмыстары жүргізілді

 

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шалқар көлі жағалауындағы саябақ аумағында сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық шарасына аудан әкімі Қайрат Ақшолақ, аудандық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері қатысып, саябақ аумағын қоқыстан тазарту, абаттандыру және айналаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.

Сенбілік барысында аудан әкімі қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Тазалық бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс. Әрбір тұрғын өзі тұратын жердің, көшесінің, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет.

Шалқар көлі жағалауы – тұрғындар мен қонақтардың демалып, бос уақытын өткізетін маңызды орындардың бірі. Сондықтан оның тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру әрқайсымыздың күнделікті мәдениетімізге айналуы керек», – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шалқар ауданы аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және қоршаған ортаны күтіп ұстауға бағытталған екі айлық сенбілік жұмыстары жалғасуда.

Аудан әкімдігі тұрғындарды тазалық шараларына белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосуға шақырады.

18 октября 2026
ҚФФ басшысы Ақтөбедегі салынып жатқан стадион мен футбол манежіне барды

 

«Ақтөбе» — «Ордабасы» матчы қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен бірге жаңа стадионның құрылыс алаңына барды.

Мердігер ұйымның өкілі құрылыс барысы, жұмыстың қазіргі кезеңдері және жобаның техникалық ерекшеліктері туралы баяндады.

Сондай-ақ Марат Омаров жабық футбол манежінде болды. Бұл — Батыс Қазақстандағы бірегей спорт нысандарының бірі. Манеж ауа райына қарамастан, жыл бойы футбол жаттығуларын өткізуге мүмкіндік береді. 2024 жылы аталған нысан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған-ды.

Ақтөбе облысында спорт инфрақұрылымын дамыту, дене шынықтырумен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл міндеттер Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа стадионның құрылысы мен өңірдегі футбол инфрақұрылымын одан әрі дамыту отандық футболды қолдау, жас спортшыларды даярлауға қажетті жағдай жасау және өскелең ұрпақты спортпен тұрақты айналысуға тартуға бағытталған.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы