Ақтөбе облысында су қоймаларын салу жоспарланып отыр

Ақтөбе облысында су қоймаларын салу жоспарланып отыр


Су қоймаларын салудағы мақсат – өңірдегі елді мекендер мен басқа да құрылыстарды су басудан сақтау, ауыл шаруашылығы өндірушілерін сумен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, авариялық жағдайларға жол бермеу.

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірде 4 су қоймасын салу жоспарда, олар: Ақтөбе қаласы Жаман Қарғалы өзеніндегі Өлке су қоймасы, Мұғалжар ауданында Елек өзенінде Жарық су қоймасы, Хромтау ауданында Ор өзенінде Жамбыл су қоймасы және Қобда ауданы Қобда өзенінде Әлия су қоймасы. 

Қазіргі кезде Жаман Қарғалы өзеніндегі Өлке су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасына 56 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, «G6-Project» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды.

Сонымен бірге Хромтау ауданы Ор өзеніндегі Жамбыл су қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжатты «Ақтөбе Жоба» ЖШС-і жасайды. Ол үшін 51,4 млн теңге қарастырылды.

Бүгінде облыс аумағында Ақтөбе, Қарғалы, Сазды секілді ірі су қоймалары жұмыс істейді. Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы — 245 млн текше метр, Қарғалы су қоймасы жобалық көлемі — 280 млн текше метр және Сазды су қоймасының жобалық көлемі — 7,5 млн текше метр.

Былтыр Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе және Сазды су қоймаларын қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Қарғалы су қоймасын реконструкциялау келер жылы басталмақ, биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2024 жылы аталған су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.