Жиын облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткізілді.
Абзал Әбдікәрімов өзінің кіріспе сөзінде облыс басшылығының Денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлетінін атап өтті.
«Мен облыс орталығының барлық медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен танысып шықтым. Бірнеше жыл бойы шешімін күткен бірқатар проблемалық мәселелер жеке бақылауға алынды. Пациенттерге көмек көрсету сапасы - сала қызметкерлеріне жасалатын жағдайларға тікелей байланысты. Сондықтан саланы дамыту - біздің ортақ мақсатымыз»,- деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары А.Әбдікәрімов.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев клиникалар бөлінісінде қол жеткізілмеген көрсеткіштерге тоқталды. Осылайша, 6 айдың қорытындысы бойынша бірқатар медициналық мекемелерде жаңа туған нәрестелерді тасымалдау, әйелдерді прегравидальды даярлау, скринингтік тексеруден өту деңгейінің төмендігі, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты қызметтердің жағымсыз статистикасы байқалады.