
Темір ауданы тұрғындарының өтініштерін назарға ала отырып, аудандық әкімдік «Шұбарқұдық-Ақтөбе» және «Ақтөбе-Шұбарқұдық» қатынасымен екі аралыққа қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде қоғамдық көлік қатынасы бойынша конкурс жарияланып, үміткер анықталды. Жоба мердігері – «Аймұқашев» ЖШС.
Қазіргі таңда ауданда жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық автобустардың аялдамасы мен тұрақты орны анықталуда. Сондай-ақ анықталған мердігерге жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, жолаушыларды тасымалдау көлігінің техникалық талапқа сәйкес келуі және жүргізушілердің арнайы медициналық бақылаудан өтуі, жол қозғалысы ережелерінің сақталуы тапсырылды.