
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жеңіс күні — Ұлы Отан соғысына қатысушылардың рухына бас иіп, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсететін күн! Бұл —майдан даласында қаза тапқан миллиондаған боздақтардың өрлігі мен ерлігін еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін күн.
Біздің өңірден екінші дүниежүзілік соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапқан. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, тоғызы «Даңқ» орденінің толық иегері болған. Олардың қатарында аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлованың орны ерекше.
Өкінішке қарай, соғысқа қатысушы ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Биылғы Жеңіс мерекесін өңір тұрғындарымен бірге көзі тірі жалғыз ардагер Василий Иванович Грецкий қарсы алып отыр.
Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреуде. Бүгінде облыста тылда еңбек еткен 2280 адам тұрады. Олардың барлығына тиісті құрмет пен қолдау көрсетілетін болады.
Біз Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен жанқиярлықты, табандылық осы аға буыннан үйренеміз. Өткенімізді дәріптеу, бейбіт күннің қадірін білу - біздің борышымыз.
Соғыс және еңбек ардагерлеріне, барша ақтөбеліктерге зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін!
Еске алар ерлері бар, аңыз етер ерлігі бар - өр халықтың ұрпағымыз! Ел еңсесі биік болсын, бірлігіміз берік болсын!