Өңірдегі жергілікті жолдарды қайта жаңарту мен жөндеуге бюджеттен 60,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл сомаға 179 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен аймақтың жол құрылысы мәселесіне арналған жиын өтті. Жиынға құзырлы мекеме басшыларымен қатар, жол құрылысына жауапты мердігер мекеме өкілдері де қатысты. Аудан әкімдері бұл жиынға онлайн режимінде қосылды.
Басқосуда аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту және құрылыс маусымына дайындық барысы туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр баяндады. Оның айтуынша, биыл жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 179 жобаны іске асыруға 60,6 млрд теңге бөлінген. Қарастырылған қаражат есебінен 82 жоба немесе 430,6 шақырым жергілікті маңызы бар және 97 жоба (137,1 шақырым) бойынша қала мен ауылішілік жолдар жөнделетін болады. Нәтижесінде жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 83 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Тасқынның салдарынан республикалық «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз», облыстық «Ойыл-Қобда» бағытындағы және Ойыл ауылына кіреберіс жолдағы көпірлердің балкалары мен аралық құрылымдары бүлінген. Сонымен қатар Әйтеке би ауданындағы Әйке, Мұғалжар ауданындағы Басшилі және Темір ауданындағы Жамбыл елді мекендерінің кіреберіс жолдарын да су шайған. Облыстық бюджеттің шығыс қаражатын секвестрлеу есебінен қираған жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге 10 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған», - деді Айбек Қайыр.
Асхат Шахаров «Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсын» жолын қайта жаңарту мәселесін көтерді. Бүгінде халықтың басты назарындағы «Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсын» жолының 791-819 шақырым учаскесінде «Сине Мидас Строй» компаниясымен қазіргі қолданыстағы жолдың көне қабатын алу үшін фрезерлеу жұмыстары басталыпты.
Жиын барысында Айбек Қайыр облыс орталығындағы жолдарды жөндеу туралы баяндады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы кепілдік міндеттемелері бар 90 нысанды тексерген. Нәтижесінде табылған 47 ақауды жоюға екі ай уақыт бөлінді. Су бұзған алты жол қалпына келтіріледі. 30 жол бойынша мердігерлер шұңқырларды жамайды. Жұмыстар Маресьев, Әз-Наурыз, Тайбеков, Бөгенбай батыр көшелері, Сәңкібай батыр даңғылы бойында жүргізіліп жатыр.
Ол сондай-ақ, 30 шетелдік маман өңір аумағында өз жұмысын заңдастыруға рұқсат сұрап отырғанын хабарлады.
«Жол салу құрылысына қатысты жыл сайын қайталанатын қателіктер бар. Сондықтан бұл жиынға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының басшылары, өкілдері қатысып отыр. Олар арнайы бірнеше жобаны бақылауға алып, жергілікті филиал ашу, сондай-ақ өңірдегі болып жатқан барлық жағдайға байланысты өздерінің ғылыми көзқарасын білдіріп, көмек беруге ниеттенді. Бұған қатысты біраз мәселелер өзара талқыланды. Олар өздерінде шығарылған қоспалар, басқа да ғылыми зерттеулерінің нәтижесін осы өңірде пайдаланып, қарастыратын болады», — деген облыс әкімі Асхат Шахаров жол құрылысын салу маусымы басталғанын, осы бағытта көптеген конкурстар өткізілгенін, сондай-ақ біраз жобаларды жүзеге асыру үшін облыстық, қалалық бюджеттен қосымша қаражаттар қарастырылғанын атап өтті.
Өңір басшысы тиісті органдарға жол құрылысын сапалы жүргізуге айырықша басымдық беруді тапсырды.