Жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді

Жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді

 

 

Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз ҰОС ардагері Василий Грецкийдің ауласында Хромтау ауданының әкімдігі сенбілік ұйымдастырды.

Оның құрметіне аудандық әкімдіктің қызметкерлері құрмет көрсетіп, «Өнегелі ұрпақ» экологиялық акциясы аясында тазалық шарасын өткізді. Оған Хромтау ауданының жастары, ерікті жандар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов, аудандық мәслихат депутаты, «Қаһарман» ҚБ басшысы Фархад Сағынбай қатысты.

Василий Иванович қызымен бірге тұратын бес қабатты үйдің ауласында шағанның көшеттері отырғызылды, ағаштар әктелді, орындықтар түрлі түске боялды.

Василий Грецкий Хромтау, қалалық және аудандық әкімдік өкілдеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық, қолдаулары үшін алғысын білдірді. Ол әсіресе жастардың жұмысын атап өтті. Оның айтуынша, балалар патриоттық іс-шараларды жиі өткізеді, тарихқа қызығушылықтарын білдіреді екен.

Айта кетейік, Василий Грецкий 1942 жылы Алматы қаласынан әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери дайындықтан кейін 1943 жылы Алматы қаласының горнизонынан майданға жіберілді. Әскер қатарында бірінші Украина, 111-Белорус майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945  жылы  Жеңісті Берлиннен 75 км жердегі  Ельцих қаласында  госпитальда қарсы алды.

Жауынгерлік еңбегі үшін Василий Иванович Грецкий «Қызыл Жұлдыз» орденімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Ардагердің екі қызы мен ұлы бар. Ол алты немеренің атасы және он шөберенің арғы атасы. Олар оны және оның жауынгерлік еңбегін мақтан тұтады.