
Бүгін елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр.
Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында батырларға, белгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің айналасы, Мәңгілік алау, «Бауырластар зираты» маңайы, әлеуметтік-мәдени нысандар, медициналық орталықтар мен Орталық стадионның жанында қоқыстан тазалау, түрлі тұқымды көшеттер отырғызу және ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған акцияға өңір тұрғындары, депутаттар, жастар ұйымдарының, кәсіпорындардың, еңбек ұжымдарының өкілдері атсалысуда.
Хромтау қаласының тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Грецкий тұратын үйдің айналасын тазарту жұмыстарын өткізеді. Майдангердің өзі де бұл игі шараға қатысуға ниет білдіріп отыр.
Айта кетейік, «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында ағаш отырғызуға еңбек ардагерлері немерелері және жас ұрпақ өкілдерімен бірге қатысуда.
Сондай-ақ, Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасы» маңайында «Біз таза Қазақстан үшін!» флэшмоб-плоттингі өтеді. Акцияға барлық ұрпақ өкілдері қосылмақ.