
Президент төрағалығымен өткен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғ.Елеуов, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен волонтерлер, мемлекеттік мекеме өкілдері елдегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бейнебайланыс режимі арқылы қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апат салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар, Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
Сондай-ақ, салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев және басқалары сөз сөйледі.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халық арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.