
Мұғалжар ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тұрғын үйлері арнайы мамандар тарапынан техникалық сараптамадан өткізіліп, келтірілген шығын мөлшері есептелуде.
«Көктемгі су тасқыны кезінде Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылында 43 үйге су толық кіріп, оның ішінде 23 үй жарамсыз болып қалды. Мүлігі 80 пайыз бүлінген деп танылған тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлем толығымен аударылды. Сондай-ақ, олар уақытша баспанаға көшірілді. Үйсіз қалған әрбір отбасы баспанамен қамтылады», - деді Батпакөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Бокашев.
Бұл ауданда үйі суға кеткендердің бірі — Жағабұлақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Құндыз Қасымова.
«Су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Қазіргі таңда уақытша баспанаға жайғасып, мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік төлемді алдым», - деп атап өтті Құндыз Қасымова.
Бүгінгі күні аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен 70 отбасыға 369,2 мың теңге көлемінде 25,8 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік төлем аударылды.
Сонымен қоса, материалдық шығынды есептейтін аудандық комиссияға жергілікті 83 отбасыдан өтініш келіп түскен. Оның ішінде 35 үй техникалық байқаудан өткізіліп, 5 үйге баға беріліп, 9,4 млн теңге төленді.