
Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдарға көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Темір ауданы тұрғындары тарапынан материалдық шығындарды өтеу үшін 91 өтініш келіп түсті. Оның 82-сі отбасыға төленетін біржолғы төлем бойынша тіркелді.
Темір ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттық төтенше жағдай бойынша құрылған арнайы комиссия әр өтінішті қарауда.
Тіркелген өтініштер негізінде су тасқынынан зардап шеккен 7 отбасыға 34,3 млн теңгеге материалдық шығынды өтеу бойынша берілетін өтемақы төленді. Қалған өтініштердің қорытындысы кезең-кезеңімен, тексеру нәтижесіне сәйкес шығады.
Үйін су басқан Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Николай Капустянскийдің отбасына біржолғы төлем және материалдық шығынды өтеу бойынша берілетін өтемақы аударылды.
«25-і күні бізде көктемгі су тасқыны болып, менің үйімді су басып қалды. Үйдің мүлкі бүлініп, қабырғадан су өтіп кеткен. Әйелім екеуміз дүние-мүлкімізді сақтап қалуға тырыстық, бірақ біршама зат жарамсыз болып қалды. Бүгінде бүлінген дүние-мүлік үшін өтемақы алдық. Бұл тек Шұбарқұдықта ғана емес, Ақтөбе облысында, жалпы республикамызда болып жатқан жағдай. Табиғи апатты біз бірге жеңіп шығамыз», - деп Николай Капустянсикий көрсетілген көмекке өз ризашылығын білдірді.